Мартинелли – «Астананың» жаңа менеджері

    • Filled in News in Kazakh 25 Сентябрь 2009 в 11:44, author: Sake
    • Views: 1 932.

    Кеше газетіміздің осы саны қатталып жатқанда қазақстандық «Астана» велоклубының бас менеджері көпшілікке таныстырылды. Бұл қызметте Йохан Брюнельдің орнын итальяндық маман Джузуппе Мартинелли басты.

    Қазақстандық велоклубты 2,5 жылдай басқарған бельгиялық маман «Астанаға» аз абырой әперген жоқ. 2008 жылы «Джиро д’Италия» мен «Вуэльта» көпкүндігін бағындырсақ, биыл мәртебелі Тур де Франс» турнирінде абсолюттік жеңіске жеттік. Бірақ шыны керек, соңғы кездері Брюнельдің кежірлігі көбейіп кеткен еді. Тіпті «Астанаға» Александр Винокуров оралатын болса, командадан кетемін» дейтінді де шығарған. Әлбетте, оның бұл қылықтарына қазақстандық веложанкүйерлер ғана емес, велоспорт федерациясы да шыдай алған жоқ. Ақырында Брюнельге «жолың ашық» дегендей сыңай танытты. Сол-ақ екен, әккі маман әйгілі Лэнс Армстронг құрған «Радиошэк» велокомандасынан пана тапты.

    Десек те, оның орнына тағайындалған итальяндық Джузуппе Мартинелли осал маман емес. 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиада ойындарында күміс жүлдеге ие болған. Ал бапкерлік ғұмырында көптеген дарындарды баптап шығарды. Атап айтсақ, Макл Бартоли, Марио Чипполини, Марко Пантани, Дамиано Кунего сынды таныстыруды қажет етпейтін саңлақтардың барлығы осы маманның қолынан өткен. 1998 жылғы «Тур де Франста» Марко Пантаниді жеңіске жеткізген. Жалпы, Мартинелли мен Брюнель ежелгі бәсекелестер саналады. Алайда Пантанидің қазасынан кейін итальяндық маман үлкен велоспорттан сәл алыстап кетті. Енді алдағы жылдан бастап Брюнель мен Мартинелли текетіресі қайта жанданады деп сенеміз.

    Николай ПРОСКУРИН, Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті:
    – Мартинеллиді көпшілікке халықаралық велосипедшілер қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен Швейцарияның Лугано қаласында таныстырдық. Онымен осының алдында-ақ сөз жүзінде келісіп қойғанбыз. Өте білікті маман. Брюнельдің орнын толығымен басады деп ойлаймын.

    Арсен Жанаділ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание