Контадорда бір сыр бар…

    • Filled in News in Kazakh 5 Август 2009 в 12:32, author: Sake
    • Views: 1 846.

    Бұл күндері қазақстандық «Астана» велоклубы Польша жерінде өтіп жатқан «Полония» турына қатысуда. Ал осыдан бірер күн бұрын Испания жерінде өткен «Сан-Себастьян» біркүндігінде бақ сынады. Бірден айта кетейік, бұл турға «Тур де Франстың» екі дүркін чемпионы Альберто Контадор да қатысуы керек еді. Алайда тек соңғы сәтте ғана испандықтың жарыс жолына шықпайтыны белгілі болды.

    Иә, көшбасшысыз өнер көрсеткен команда қайбір жетіскен нәтиже көрсете қойсын?! Янец Брайкович, Валерий Дмитриев, Хесус Эрнандес, Берік Көпешов, Стив Морабито, Дани Наварро, Хосе Луис Рубьера және Аймар Субельдия сынды саңлақтарға үміт артқан «Астана» бұл турнирде жақсы қырынан таныла алған жоқ. Тіпті бірқатар спортшыларымыз орын алмақ түгілі, мәреге де жете алмады. Тек Янец Брайкович пен Аймар Субельдияны ғана көмбеден көре алдық. Оның өзінде, Янец Брайкович 15-орынға орналасса, Субельдия 26-орынға табан тіреді.

    Команда көшбасшысы Альберто Контадорға келер болсақ, шетелдік БАҚ өкілдерімен «ары тарт та, бері тарт» болып жатқан жайымыз бар. Біз испандықты қимаймыз, шетелдік баспасөз оны бізге қимайды. Олар Контадор командадан кететіндігі туралы бір сыбыстың шетін шығарса, біз оларға жауап ретінде басу айтып әлекпіз. Бұл жолы да қаламымызды ысырып қоя алмадық. Шынын айтсақ, бұл сыбыстар жанкүйерлердің ғана емес, біздің де, сондай-ақ Қазақстан велоспорт федерациясының да титығына тие бастаған сыңайлы. Дегенмен федерацияға хабарлассақ болды, ол жақтағылардан «Контадор ешқайда кетпейді» деген сенімді, батыл сөзді естиміз. Естиміз де, өз-өзімізді жұбатамыз. Алайда барлығы олардың құзыретімен шешілмейтіндігін де түсінеміз. Олай дейтініміз, жақында «Астана» велоклубының басшылығы Альберто Контадорға жаңа келісімшарт ұсынған екен. Бірақ испандық майталман бұл ұсыныстан мәдениетті түрде бас тартыпты. Қазақстандықтардың тарапынан түскен аталмыш келісімшарт төрт жылға негізделген болатын. Егер екі тарап келісе алғанда, осы төрт жыл ішінде Контадор қазынасын 16 миллион евроға көбейтер еді. Яғни ол да пайда көрер еді, біз де ұтылмас едік.

    Дегенмен испандық дарабоз ойлана тұрайын деді ме, әлде шынында командадан кеткісі келді ме, кім білсін, әйтеуір бұл ұсынысты қабыл алмады. Ал спортшының әр қадамын аңдып жүрген шетелдік БАҚ өкілдері бұл тұрғыда бірден өз пайымын жария етіп, отқа май құя түсті. Олардың айтуы бойынша, «Астана» велоклубында Альберто үлкен екі топтың ортасында жетім баланың күйін кешіп жүрген көрінеді. Бір жағынан «Армстронг командасы», екінші жағынан «қазақстандық команда» болып дүрліккен «Астанада» Контадордың өзін мүлдем бөтен сезініп жүрген-мыс. Алайда шынтуайтына келгенде, шетелдік БАҚ өкілдерінің бұл пікірлері шындыққа жанаспайтындай. Испандық майталманға тек қазақстандық жанкүйерлер мен «астаналық» велошабандоздар ғана емес, еліміздің велоспорт федерациясы да сенім артуда. Мәселен, тәуліктің қай мезгілінде хабарлассаңыз да, әрдайым сұрағыңызға жауап беруден бас тартпайтын федерациямыздың вице-президенті Николай Проскурин Контадордың командаға өте керек екенін мәлімдеуден шаршаған емес. Сондай-ақ Қазақстан велоспорт федерациясының атқарушы директоры Александр Антышев те әріптесінің ойын толығымен қолдайды. Демек, дәл қазіргі таңда Альбертоға «Астанадан» артық жағдай жасайтын команда жоқ. Оның үстіне, келер жылдан бастап «Астана» «Армстронгомания» ұжымынан арылатынын, америкалықпен қоса бас менеджер Йохан Брюнельдің де кететінін ескерсек, 2010 жылдан бастап Контадор толығымен команда көшбасшысы атанатыны даусыз. Рас, бәлкім, ол Александр Винокуровпен бір клубта өнер көрсетуге сескенетін де шығар. Бірақ Винидің жасы 35-тен асты. Ол енді велосипед ершігінде ары кетсе 2-3-ақ жыл отырады. Демек, бұл да Контиді шошытпауы керек. Ал «Астанаға» мұндай спортшылардың командада болғаны өте қажет.

    P.S. Халықаралық велоспорт федерациясының ережесі бойынша, қандай да бір командамен келісімшарты аяқталмаған спортшы
    1 қыркүйекке дейін басқа командалардың ұсыныстарын қарай алмайды. Бұл дегеніміз, Контадордың болашағы қалай болатыны келесі айдың басында анықталады деген сөз.

    Азиз Жұмаділ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание