«Катюша» кәсіби клубы «Алматы Туры 2014» веложарысына қатысады

  • Фото www.katushateam.com

    Фото www.katushateam.com

    Ресейдің "Катюша" кәсіби велокомандасы халықаралық біркүндік жарыс "Алматы Туры 2014" жарысына қатысатындығын растады. Бұл жөнінде жарыс ұйымдастырушыларының бірі, "Қазақстанның спорттық технологиялары" компаниясының бас директоры Арнур Ибраев мәлімдеді.

    - "Катюша" командасының басшыларымен бірнеше аптадан бері келіссөздер жүргіздік. Бүгін команданың бас менеджері, танымал велоспортшы, үш дүркін олимпиада чемпионы Вячеслав Екимовтың өзінен жарысқа қатысамыз деген жауап алдық. Бұдан бөлек, команда басшылығы Қазақстанда жоғарғы деңгейдегі жарысты өткізу идеясын қолдайтындығын жеткізді.

    «Катюша» велокомандасы Әлемдік тур санатындағы жарыстарға қатысып жүрген танымал ұжым. Биылғы маусымның өзінде команда шабандоздары халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарда жиырмадан астам жеңіске жетті.  "Катюша" мәртебелі көпкүндік "Тур де Франс" велобәйгесінің кезеңдерінде, «Милан – Сан-Ремода» тұғырға көтерілді.

    Команданың негізгі құрамында велоспорт әлеміне есімдері танымал Хоаким Родригес, Александр Кристофф, Джампаоло Карузо, Лука Паолини сынды шабандоздар өнер көрсетеді. "Алматы Турында" команда сапына шақырылатын спортшылардың есімдері әлі белгісіз.

    Бұған дейін алғашқы жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне жоғарғы бағасын берген Халықаралық велосипедшілер одағы "Алматы Турының" санатын 1.1. көрсеткішіне дейін көтерген болатын. Яғни биылдан бастап  жарысқа жоғарғы дивизионда өнер көрсететін командалардың қатысуына да рұқсат етілді.

    - «Катюша» "Алматы Турына" шақырту алған  Әлемдік турда өнер көрсететін жалғыз команда емес. Бүгінгі күні басқа да танымал командалардың өкілдерімен келіссөздер жүріп жатыр,  - деді Арнур Ибраев.

    Кәсіби велокомандалармен қатар келіссөздер кәсіби құрлықтық командалармен де жалғасуда. Польша, Италия, Ресей, АҚШ, Украина, Франция, Дания, Австрия, БАӘ мен Қазақстандық ұжымдар жарысқа келетіндіктерін растады. Олардың арасында «Rusvelo», «CCC Polsat Olsat Polkowice», «Team la Pomme Marseille 13», «Sky Dive Dubai Pro Cycling Team» сынды командалар бар.

    Естеріңізге салайық, халықаралық деңгейдегі біркүндік жарыс "Алматы Туры 2014" Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстандық велоспорт федерациясының және "Қазақстандық спорттық технологиялар" компаниясының қолдауымен ұйымдастырылуда. Веложарыс 2014 жылдың 5 қазанында өтеді. Жарыс жолының жалпы қашықтығы 186 км.

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание