ДЖИРО – 2012: Күнделік. I – бөлім.

    • Filled in News in Kazakh 1 Июнь 2012 в 2:29, author: Dina Iskakova
    • Views: 2 278.

    24.05.2012.  18 – кезең.  Сан-Вито-Кадоре - Ведельяго

    Қазақстандық бір топ журналист, барлығы 10 адам, Қазақстан  велоспорт федерациясы мен «Астана» велокомандасының қолдауымен Италия жеріне табан тіредік. Мақсатымыз Джиро дИталияда өнер көрсетіп жатқан «Астана» велоұжымына ақпараттық қолдау көрсетіп, жанкүйер болу. Миланға жергілікті уақытпен түстен кейін  сағат төрттер шамасында жеткенімізбен, өтіп жатқан «Джиро» көпкүндігінің  18-кезеңі аяқталғанда жеттік. Миланнан  Ведельягоға дейін әжептәуір жол жүрдік. Мыңдаған шақырымды  артқа тастап келген журналистер небәрі үш жүз  шақырымдық жолға шыдамсыздық танытты. Онысы түсінікті да, барымыз мәреге асығыспыз. Елден кеткенде, он жетінші кезеңде «Астананың» жалпы есепте топ жару мүмкіндігі сынаптай сусып бара жатқанын көрген едік. Алайда Джироның ең қысқа кезеңі деп бағаланған бүгінгі жарыс жоспарланған уақыттан ерте аяқталып қойды. Италияда бізге жолбасшы болған қазақстандық велошабандоз Максим Гуровқа өтініш айтып, команда тоқтаған қонақүйге апаруын сұрадық.


    Шопыр бала - Люиг.

    Біз келгенде, «Астана» командасының техникалық қызметкерлері, бірі шайтанарбаны жуып, бірі сым – тетігін майлап әлек екен. Шабандоздардың өзі тынығуға бөлмелеріне аттаныпты.


    Команданың спорт басшылары бас қосқан жиналыстан жаңа шыққан Дмитрий Седунды сөзге тарттық. Білгіміз келгені  – тым жақсы келе жатқан команданы  аяқтан шалған не қырсық?

    Дмитрий Седун: «Он жетінші кезеңде Романның аяқ тамырлары тартылып, мәреге зорға жетті. Өз басым Романды мұндай күйде көргенім жоқ. Нәтижесінде 11 минут артта қалып, жалпы есепте жиырмасыншы орыннан бір-ақ шықты. Мүмкін, «Джироға» дайындық барысында ескерілмеген, көңіл бөлінбеген тұстар болған шығар. Бірақ ол әлі жас. Үлкен жеңістері алда деп сеніңіздер. Ал команда тактиканы өзгертті. Соңғы екі таулы кезеңде жеңіске жетуге барымызды салып жатырмыз»

    Сәлден соң Джузеппе Мартинеллидің қарасы көрінді. Қазақстандық журналистерге сұхбат беруге асыға қоймағанымен, қол алысып, алдағы жұмыс күндерімізге сәттілік тіледі.

    Ал біз болсақ, алдағы  19 кезеңдік жарыстың  шабандоздарға да, журналистерге де оңай тимесін ескеріп, қонақүйге асықтық.

    25.05.2012. 19 – кезең.  Тревизо - Альпе ди Пампьяго

    Кезеңдік жарыс сөресі тігілген Тревизоға бір сағаттай ерте келдік. Команда автобустары мен жеңіл көліктері енді ғана жайғаса бастаған сәт.  «Астана» көлігі ең соңынан көрінді.

    Стартқа соңынан келіп, мәреге бірінші келеміз деп  жарыс алдындағы жиналыстан соң Қазақстандық Андрей Зейцті сөзге тарттық.

    Андрей Зейц: Көңіл күй жақсы. жаңа ғана жиналыс болды. Спорттық директорлардың айтары бір, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып алдағы екі кезеңге барымызды салу. Бүгінгі мақсат кезеңдік жарыс жеңімпазы атануға тырысамыз.

    Джузеппе Мартинелли: Романның бабына қайта келуіне бар жағдай жасалды. Соңғы таулы екі кезеңнің бірінде мәре сызығын бірінші болып кесуге  Астананың шама шарқы жеткілікті.

    Сұхбаттан соң көлігімізге отырдық, алда ұзақ жол. Астана капитаны Роман Кройцигерді мойындайтын Альпе ди Пампьяго тарттық. Бірақ ол кезде оны ешкімде білгенде, болжағанда жоқ еді.

    2010 жылы дәл осы жерде Қазақстан саңлағы Александр Винокуров «Трентино» жарысының жеңімпазы болып жарияланған. Еліміздің атақ даңқын аспандатқан Стельвио мәресіне үмітпен қарадық. Бір қызығы, әдетте жарыс жолы «Джироның» ресми түсі – қызыл-күлгін түсті шарлармен безендірілетін. Мәреге екі шақырым қалғанда  айналаға  байрағымыз түстес шарлардың ілінгенін көзіміз шалды. Ішімізден оны да жақсылыққа баладық.

    Манген тауына көтеріліп бара жатқан тұста,  көк-сары түсті формада тұрған қарияны байқап қалып, көліктен түсіп, жанына  бардық.

    Велосипед түгілі, мәшинемен келе жатқан біздерге ауыр тиген таулы жолды шайтанарбасымен бағындырған ақсақалдың жасы 71 де. Есімі Зено Виито.  Командаға Альберто Контадор келген тұстан жанкүйер екен. «Astana - excellent team! Vinokourov is the best rider!» деп бармағын шошайтып қояды. Амандығын тілеп, жолымызды жалғастырдық.

    Сөреге соңынан келіп, мәреге бірінші келеміз дегенді аузымызға салғандай ақ екен,  сол күні Чех жігітінің жанкүйері бір жасап қалды.   Мәреге ілінген көгілдір экраннан көз алмай қарап отырған жанкүйерлер Роман мәре сызығын кескенде, «Астана! Роман!» деп шу ете қалды. Біз мәреге қарай жүгірдік.

    «Мақсатым Джироны бағындыру болатын. «Джиро» жарыс жолының тұсаукесерінде бұл бәйге маған бағынуы тиіс деп түйген едім. Командалық тактикамыз да осы мақсатқа сай құрылды. Дайындығым да жаман емес болатын. Он жетінші кезеңдегі сәтсіздік әліге дейін өзегімді өртейді. Бірақ бұл – спорт. Бүгінгі кезеңге барымды салдым. Әріптестерім де барынша қолдау көрсетті. Аянып қалған ешкімді көрмедім». Кеудесін қуаныш кернеген Кройцигердің жүзінен шаршағандықтың табы да сезіліп тұрды.

    Жалғасы бар...

     

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments 3 комментария

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание