«Астана» «Тур де Франсты» бағындырды

    • Filled in News in Kazakh 27 Июль 2010 в 12:13, author: Sake
    • Views: 1 886.
      07074

    «Астана» — әлемнің ең үздік велоклубы. Мұны қазақстандық ұжым тағы бір мәрте дәлелдеді. Бір айға созылған «Тур де Франс» велокөпкүндігі өз мәресіне жетіп, жеңімпаз ретінде шампан атып, шарап ішкен «Астана» велоклубының саңлақтары жеңіс тойын тойлады.

    Велоспортта бір командаңның болуы – үлкен абырой. Ал егер ол командаң «Тур де Франс» секілді мәртебесі басқа турнирлерді он орайтын додаға қатысып, жеңімпаз атанып жатса, бұл – екі есе мақтаныш. Себебі «Тур де Франсқа» қызықпайтын, теледидардан көрмейтін көрермен кемде-кем. Тіпті бұл доданы футболдан әлем чемпионаты немесе Олимпиада ойындарымен қатар қоятындар да бар. Осыған қарап-ақ «Тур де Франс» көпкүндігінде жеңімпаз атанудың еліміз үшін қаншалықты абырой екенін түсінесің.

    Бір қызығы, биылғы «Тур де Франста» бас жүлдеге тек екі-ақ ұжым, тіпті екі-ақ спортшы таласты десек, артық айтпағандығымыз болар. Рас, басында мамандар Лэнс Армстронг, Сесар Санчес, Кадель Эванс сынды саңлақтар да бас жүлдеге таласады деп топшылаған.

    Сондай-ақ Денис Меньшов, Иван Бассо сынды майталмандарды да фавориттер қатарына жатқызған. Дегенмен, шынтуайтына келгенде, тек екі-ақ спортшы жарыс тізгінін өз қолдарына ала алды. «Астана» саңлағы Альберто Контадор мен «Саксо банк» майталманы Энди Шлек 19-кезеңге дейін өзара алысып, ары тарт та, бері тарт болды. Дегенмен 19-кезеңдегі спортшыларды сөреден жеке-жеке жіберу жарысынан кейін Альберто Контадордың бұл көпкүндікті тағы бір мәрте жеңіп алатыны белгілі болды. Ал 20-кезең «Астана» велоспортшылары үшін бірқалыпты өтті. Өздерінің жеңісіне сенімді болған саңлақтарымыз шампан атып, шарап ішіп, камераға тілек білдіріп отырды. Негізі, велоспорттың жазылмаған ережесі бойынша, ірі көпкүндіктерде соңғы кезеңнің алдында сары жейде кімде болса, сол велошабандоз жеңіске жетуі керек. Ешкім оның жейдесіне таласпауы тиіс. Сондықтан болар, соңғы кезеңнің алдында Контадормен құшақтасып, төс қағыстырған Энди Шлек қорытынды есепті өзгертпеуге, Альбертомен таласпауға уәде берді.

    Сонымен велошабандоздар Елисей алаңына да келіп жетті. Жігіттердің барлығы мәрені бірдей кесіп өтті. Ал fair-play қағидасын берік ұстанған Энди Шлек көмбеге таяғанда Альберто Контадорды сәл алға жіберіп, өзі испандық саңлақтың соңынан қиды. Бұл – мықтының мықтыға білдірген құрметі еді. Сөйтіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына «Астана» саңлағы Альберто Контадор шықса, оның оң жағына «Саксо банктің» люксембургтік майталманы Энди Шлек, сол жағына «Рабобанктің» ресейлік көшбасшысы Денис Меньшов көтерілді. Бәрі де жақсы. Алайда жеңімпаздың құрметіне орай орындалған әнұран көтеріңкі көңіл күйімізді су сепкендей басты. Жеңіске жеткен – «Астана», яғни Қазақстанның командасы. Бірақ Испанияның әнұраны орындалды. Рас, дауымыз жоқ, Альберто Контадор болмаса, «Астана» жеңіске жете алар ма еді, айту қиын. Дегенмен «Астана» болмаса, Альберто басқа командада бұл жетістікке жете алмасы анық еді. Оның үстіне, Контадордың «Тур де Франсқа» қатысуына қаржы бөліп отырған Испания емес, Қазақстан ғой. UCI басшылары неге осындай жағдайды ескермейді екен? Жанға бататын осындай жайттарды көріп, қалай «Астанаға» жанкүйер болып, жаның ашиды? Жалпы, команда қай елдікі, сол елдің әнұраны орындалуы тиіс емес пе? Бұл жанайқайға велоспортты түсінетін мыңдаған, тіпті миллиондаған жанкүйер қосылады деген ойдамыз.

    Қалай десек те, біз бұл жеңісті Контадордың емес, барша Қазақстанның жеңісі деп қабылдауымыз керек. Мейлі, Испанияның әнұраны шырқалсын, мейлі ұйымдастырушылар Қазақстанның атын атамасын, мейлі «Тур де Франсқа» «Астана» атынан екі-ақ жерлесіміз қатыссын, бірақ команда қазақтікі болған соң, жеңіс те қазақтікі екені даусыз. Олай болса, жеңіс құтты болсын, құрметті спортсүйер қауым!

    077710

    Альберто Контадор, «Тур де Франс – 2010» көпкүндігінің жеңімпазы:
    – Шыны керек, былтырғыға қарағанда биыл өзімді нашарлау сезіндім. Тіпті кейбір кезеңдердің мен үшін әдеттегіден тым ауыр болғанын жасырмаймын. Дегенмен жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын.

    «Тур де Франстың» қорытынды есебі:
    1) Альберто Контадор («Астана», Испания) 91:58:48
    2) Энди Шлек («Саксо банк», Люксембург) – 0:00:39
    3) Денис Меньшов («Рабобанк», Ресей) – 0:02:01
    16) Александр Винокуров («Астана», Қазақстан) – 0:17:46
    49) Даниэль Наварро («Астана», Испания) – 1:38:30
    54) Паоло Тиралонго («Астана», Италия) – 1:45:01
    104) Бенжамин Новаль («Астана», Испания) – 3:05:22
    110) Давид Де Ла Фуэнте («Астана», Испания) – 3:11:04
    131) Максим Иглинский («Астана», Қазақстан) – 3:26:28
    136) Андрей Гривко («Астана», Украина) – 3:30:06
    140) Хесус Эрнандес («Астана», Қазақстан) – 3:32:02

    «Тур де Франс – 2010» көпкүндігінде командалардың жеңіп алған сыйақысы:

    1) «Астана» — 488,886 евро
    2) «Саксо банк» — 292,392 евро
    3) «Рабобанк» — 192,978 евро
    4) «Касс д’Эпаргн» — 192,978 евро
    5) «Эускалтел» — 94,746 евро
    6) «Радиошэк» — 92,018 евро
    7) «Омега Парма» — 90, 424 евро

    Жейде иелері:
    Сары жейде (жалпы есептің көшбасшысы)
    Альберто Контадор, «Астана»
    Жасыл жейде (үздік спринтер) Алессандро Петакки «Лямпре».
    Қызыл ноқатты жейде («Тау патшасы») Антони Шарто, «Б Бокс».
    Ақ жейде (Жастардың үздігі) Энди Шлек, «Саксо банк».

    • Биылғы «Тур де Франста» велошабандоздар барлығы 3641,9 шақырым жүріп өтті.
    • Бұл – Альберто Контадордың «Тур де Франстағы» үшінші жеңісі. Мұның алдында ол бұл көпкүндікте 2007 және 2009 жылдары топ жарған.
    • Бұл турнирде Контадорға қарағанда көбірек жеңіске жеткен төрт-ақ спортшы бар екен. Олар: Лэнс Армстронг (7 ), Бернар Ино, Эдди Меркс, Мигуль Индурайн (5 реттен) және Жак Анкетиль (4).
    • Бұл көпкүндікте Альберто Контадор бірде-бір кезеңде жеңіске жеткен жоқ. Жалпы, «Тур де Франс» тарихында Контадордан бөлек, алты велошабандоз кезеңдік бәйгеде жеңіске жетпей, қорытынды есепте бірінші болыпты.
    • «Тур де Франс» көпкүндігінде Испания велошабандоздары қатарынан бесінші рет жеңімпаз атанып отыр. 2006 жыл – Оскар Перрейро, 2007 жыл – Альберто Контадор, 2008 жыл – Карлос Састре, 2009 және 2010 жыл – Альберто Контадор.

    Әзиз Жұмаділ

    Алашайнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments 5 комментариев

  • Quote
    nurbekshalkar Kazakhstan on 28 Июль 2010, 12:31:

    Jenis kutti bolsin!!!

  • Quote
    nurbekshalkar Kazakhstan on 28 Июль 2010, 12:33:

    syiakilari da (algan akshalari) kutti bolsin

  • Quote
    Bumın Kağan Kazakhstan on 28 Июль 2010, 16:55:

    Қазақстан алға!

    Енді Сашадан үлкен жеңістер күтеміз.
    ВИНОКУРОВ жарайсың! Ақ жол тілейміз!!!

  • Quote
    Rakhimzhan Kazakhstan on 30 Июль 2010, 03:10:

    Неге Контадорды кеткіздіңдер? қайтарыңдар! Айтпақшы бұл Контадор мен Армстронг екуінің арасындағы бәсеке кесірінен емес пе? Әлде басқа жердегі көп ақшаға зар боп кеткен бе ол, байғұс? Әлде қазақтарды қойсыншы, өз Испанияма ойнаймын деп намыстанды ма, өзінше? Дәйекті жауабыңызды күтіп отырмын!

  • Quote
    Rakhimzhan Kazakhstan on 30 Июль 2010, 03:12:

    Неге Контадорды кеткіздіңдер? қайтарыңдар! Айтпақшы бұл Контадор мен Армстронг екуінің арасындағы бәсеке кесірінен емес пе? Әлде басқа жердегі көп ақшаға зар боп кеткен бе ол, байғұс? Әлде қазақтарды қойсыншы, өз Испанияма ойнаймын деп намыстанды ма, өзінше? Дәйекті жауабыңызды күтіп отырмын!

    Қазақстан алға!!!

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание