«Астана» маусымды жеңіспен аяқтады

    • Filled in News in Kazakh 21 Октябрь 2010 в 3:26, author: Sake
    • Views: 1 981.

    Қытайда велоспорттан «Хайнань туры» көпкүндігі аяқталып, «Астана» клубының дүлдүлі Валентин Иглинский жалпы есепте жеңіске жетті.

    Тоғыз кезеңдік бәйгеден құралған көпкүндіктің екінші кезеңдік жарысында жеңіске жетіп, мәре сызығын бірінші болып қиған кіші Иглинский көпкүндік аяқтал­ғанша жалпы есептегі көшбасшылық мәртебесін уысынан шығарған жоқ. Қалған турларда басты бәсекелестерінің әр қимылын аңдып, «тазы болып шалды». Қорытынды есепте бірінші орын алып қана қоймай, Азияның ең үздік велошабандозы атанды.

    Аталмыш көпкүндікке еліміздегі талантты жас велошабандоздардан жасақ­тал­ған Қазақстан құрамасы да қатысқан болатын. Солардың арасындағы Руслан Тілеубаев жалпы есепте 7-орын алып, бар­шамызды қуантты. Ал Валентин Иглинс­кийдің бұл жеңісі «Астана» вело­клубының осы маусымдағы 21-жетістігі болды.

    Естеріңізге сала кетейік, жүлде қоры 280 мың доллар болған «Хайнань туры» көпкүндігі осымен бесінші рет ұйым­дастырылып, осы аралдағы 18 қаланы басып өтті. Негізі, бұл көпкүндік жыл сайын қараша айында өтетін. Биыл қараша айында XVI жазғы Азия ойындары өтетін болғандықтан, аталмыш көпкүндік сәл ертерек өткізілді.

    Автор: Әлихан ЖАППАР

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание