Әлем чемпионаты

    • Filled in News in Kazakh 21 Сентябрь 2011 в 11:58, author: Sake
    • Views: 4 253.

     Копенгагенде (Дания) велоспорттан әлем чемпионаты басталып, алғашқы бәйгелері де мәресіне жетті. Бүкіләлемдік біріншілікке Қазақстан құрамасы да қомақты құраммен аттанған.

    Әуелі әлем чемпионатына қысқаша тоқталып өтсек. Кәсіби велоспортшылар арасындағы ең бірінші әлем чемпионаты 1927 жылы Германияда өткен. Әйелдер арасындағы аламан жарыстар 1958 жыл­дан бері өткізіліп келеді. Ал 1994 жылдан бастап әлем чемпионатының бағдарла­масына жеке жарыстар қосылған. Яғни спортшыларды жарыс жолына сөреден жеке-жеке жіберетін бәйге. Осылай әр велошабандоздың уақыты есепке алынып, жарыс өткізіледі.

    1995 жылға дейін ерлер арасындағы аламан бәйгелерге тек кәсіби велошабан­доздар қатысқан. 1996 жылдан бастап әуесқойлар арасындағы жарыстар 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы бәйгелер болып өзгертілді (ауыстырылды). Жалпы, осы кезден бастап велоспортта «әуесқой» деген түсінік жойылды деуге болады. Өйткені 90-жылдардың ортасынан бастап барлық велоспортшы әйгілі гранд-тур көпкүндіктеріне қатыса бастаған.

    Биылғы әлем чемпионаты Копенгагенде өтуде. Шетелдік басылымдардың ақпарат­тарына сенсек, Дания астанасында бүкіл­әлемдік біріншілік 55 жылдан кейін өткізіліп отырған көрінеді. Бірақ бұл жерде әлем чемпионаты осымен бесінші рет өтуде екен.

    Енді Қазақстан құрамасына келсек, біздің ел Данияға 17 велоспортшы жіберді (құрама сапы төменде толық берілген). Өздеріңіз байқап отырған боларсыздар, құрама сапында Андрей Кашечкин жоқ. Жақында аяқталған «Вуэльта» көпкүндігінде Кашечкин сенім үдесінен шыға алмады. Тіпті көңілге қонымды нәтиже көрсете алмай, шаң қапқан. Әрі Испания туры басталмай тұрып өзінің «алғашқы бестікке ілігемін» деп жаза басқанын білесіздер. Аңдамай сөйлеп, тілінен тапқан сияқты. Өйткені әлем чемпионатына баратын Қазақстан құрамасының сапына ілікпеді. Ал Винокуровтың жағдайы белгілі, ол жарақаттанып қалған. Қазір сол жарақатынан тез айығу үшін жанталасып жүр. Ойы – «Астана» сапына қайта қосылу. Франция басылымына берген мәлім­демесінде «2006 жылы «Астананы» өз елімнің Үкіметімен мен құрғанмын, мен енді оны сақтап қалғым келеді» депті...

    Енді әлем чемпионатындағы алғашқы бәйгелерге келсек, биылғы бүкіләлемдік біріншілікті нәзік жанды велошабандоздар ашты. Ең бірінші әйелдер арасындағы жеке жарыс өтті. 13,9 шақырымға созылған бұл бәйгеге Қазақстан құрамасы ешкімді қосқан жоқ. Екінші күні 23 жасқа дейінгі жастар 35,2 шақырымдық қашықтыққа сөреден жеке-жеке шығып жарысты. Біздің елдің намысын Даниил Фоминых қорғады. Өткен жылы ел чемпионатындағы дәл осындай бәйгеде қола жүлдегер атанған дүлдүліміз алғашқы ондыққа іліксе деп үміттеніп едік. Болмады. Фоминых биыл 22-орынмен шектелді. Былтырғы әлем чемпионатында 24-орын алған еді. Яғни алға жылжу байқалады деу қиындау, әлі сол бір деңгейде тұрған сияқты.

    Кеше кешкісін жасөспірімдер ара­сындағы жеке жарыс басталды. Роман Семенов – жарыс жолына жетінші болып, ал Виктор Окишев жиырма алтыншы болып шығуы керек болатын.

    Жалпы, велоспорт тарихына үңілер болсақ, қазақтың сайын даласынан төрт әлем чемпионы шыққан. Сергей Новолокин (Алматы) – 1981 жылы, ал Игорь Патенко (Жамбыл) 1990 жылы тас жолдағы коман­далық жарыста алтын медальға ие болған. Енді екі алтын велотректен бұйырған-ды. Николай Макаров 1979 жылы жеке жарыста үздік шықса, Марат Сатыбалдиев 1989 жылы топ бәйгеде алдына жан салмаған. Яғни тас жолдағы әлем чемпио­натынан екі-ақ алтын алыппыз. Соңғысын 1991 жылы иеленгенімізді ескерсек, саф алтын сағымдай бұлдырап, арманға айналғалы, міне, табаны күректей 20 жыл болыпты...

     

    Қазақстан құрамасы

    Ересектер

    Жеке жарыс:

    Дмитрий Груздев (Астана), Александр Дьяченко (Шымкент).

    Аламан бәйге:

    Максим Иглинский (Астана), Дмитрий Фофонов (Алматы), Сергей Ренев (Астана),

    Евгений Непомнящий (СҚО).

    Жаттықтырушы:

    Александр Надобенко.

    Жасөспірімдер

    Жеке жарыс:

    Роман Семенов (Павлодар),

    Виктор Окишев (СҚО).

    Аламан бәйге:

    Тілеген Майдос (СҚО),

    Роман Семенов (Павлодар), Виталий Марухин (Қостанай).

    Жаттықтырушы: Самат Сапажанов.

    Жастар

    Жеке жарыс:

    Даниил Фоминых (Талғар).

    Аламан бәйге:

    Мирас Бедербеков (Талдықорған), Арман Қамышев (СҚО),

    Мақсат Аязбаев (Талдықорған), Алексей Луценко (СҚО).

    Жаттықтырушы: Владимир Ремыга.

    Әйелдер

    Елена Антонова (Орал).

    Автор: Нұрғазы Сасаев

    Алашайнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments 3 комментария

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание