ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, «АСТАНА» !!!

    • Filled in News in Kazakh 12 Февраль 2012 в 1:10, author: ALAMAN
    • Views: 2 605.

    «Астана» командасының  тыныс - тіршілігімен танысып  қайту бұйырды.  Бұған дейін биылғы үш гранд турда, «Giro d’Italia», «Tour de France» пен «Vuelta a Espana» -да болғанбыз. Жарысты тамашалап,  велошабандоздарға жанкүйер болдық. Көрермендерге дер кезінде ақпарат беруге  күш жұмсадық.  Бірақ осы жолғы сапардың жөні бөлек. Бәйге барысында  қолға түсе қоймайтын шабандоздар болсын, спорт директорлары болсын, қалағаныңмен жеке отырып сөйлесуге тамаша мүмкіндік. Сәтін тауып команданың спорт директоры Александр Шефер мен команда көшбасшысы Александр Винокуровты сөзге тарттық.

    Александр Шефер  - «Астана» спорт директоры

    Команда алдына биылғы маусымға қандай мақсат қойылған?

    Негізгі күшімізді «Giro d’Italia» мен «Vuelta a Espana» - ға жұмсаймыз. Себебін сұрасаңыз, дәл бүгінгі күнге осы екі көп күндікте ғана жеңіске жетуге шамамыз келеді. Ал, Тур де Франс...  Биыл «Астанаға» бағына қояр ма екен... Франция жолдарында командамызға жаңадан қосылған  словениялық Янец Брайковичке сенім арттық. Бірақ, сары жидеге иелік ету  былай тұрсын,  жалпы есепте үшінші, әрі кеткенде үздік бестіктің қатарынан көрінуге ғана шамамыз жетеді. Джиро мен Вуэльтоны айтатын болсам, Роман Кройцигер мен   Фредрик Кессиакофф – жеңіс үшін барын салатын шабандоздар. Аяқ астынан қырсық шалмаса, жеңіс тұғырынан көрінуге шамалары жететін мықтылар. Гранд турлардан бөлек Paris-Nice, Tirreno Adriatico бар. Кальпеде өтіп жатқан жаттығуларымыздың негізгі бағыты осы жарыстарды есепке алып жоспарланған.

    Жыл соңында, жанкүйерлер тарапынан «Астананың» жаңа келісім шарттары біршама сынға алынған болатын. Өзіңіз қалай ойлайсыз? Жаңа  өзіңіз атап өткен мақсаттарды орындауға биылғы  «Астананың қауқары жетеді ме?

    Менің жеке пікірім, биылғы «Астана» сапы жаман емес. Янец Брайкович – халықаралық аренада көзге түскен шабандоз. Біраз жыл Йохан Брюнельдің жанында болды. Жүз пайыз грегори болды деп айта алмаймын,  көп жағдайда көшбасшылар қатарынан көріне бермейтін.  Ал «Астанада» Тур де Франста команданы бастайтын жалғыз капитан. Барлығы соның жеңіске жетуіне тер төгеді. Егер ол Париж төрінде тұғырға көтеріліп жатса, біз үшін үлкен жетістік болар еді. Жас та болса Симоне Понциді де атап өтер едім. Франческо Гавацциді де айтуға болады. Бесінші-алтыншы орындарын тізіп жатудың қажеті шамалы шығар, бірақ жеңіс тұғырына көтерілген дарынды жас велошабандоздар. Олармен екі жылға келісім  шарт жасалғанын ескерсек, биыл, келесі жылы олардан жақсы нәтиже күтуге болады.

    Александр Винокуровтың жарақаттан кейінгі аяқ алысын қалай бағалайсыз?

    Александр Винокуровқа қатысты алдын - ала тон пішуден  аулақпын. Алғашқы жарысын қалай жүріп өтеді?  Нәтижесіне қарай жоспар құруға болар.  Малайзия туры  басқа бәйгелерге қарағанда «жұмсақтау». Жүз пайыз деп айта алмаймын, бірақ Лондонда ел намысын қорғасам деген ойы да жоқ емес. Ар жағында спорттық карьерасына нүкте қояды. Жеке жоспарында Volta Catalunya  бар. Ол жиырмадағы жас спортшы емес қой. Әрине, Тур де Франстағы жарақат өз ізін қалдырмай қоймады. Барлығын маусымдағы алғашқы жарыс жолы көрсетеді.

    Команданың тағы бір капитаны Роман Кройцигерге қатысты не айтар едіңіз?

    Роман Кройцигер  - бар күшін Джиро мен Вуэльтаға жұмсайды. Tireno Adriatico  бар тізімде. Дайындығы осы жарыстарға сай жоспарланған. Джирода ең үздік жас шабандоз атанғанына қарамастан, Роман өзіне артылған міндетті ақтап  шықты  деп айта алмаймын. Біз оны командағы Альберто Кантадор кеткен соң шақырдық. Қанша жерден талпынса да екінші сатыдан әріге аса алмайтын велошабандоздар бар, мысалы,  Анди Шлек.  Шлек - велоспорт жұлдызы. Өте мықты шабандоз. Бірақ жолы болмайды. Сондай- ақ,  тек бірінші болатын, тек жеңіске жететін шабандоздар бар. Кантадор! Біздің Роман дәл сондай шабандоз.

    Өткен жыл команда үшін жақсы болды деп айта алмаймын. Кройцигердің Джиродағы ақ жидесіне қуанғанымызбен, басқа нәтиже күткеніміз рас. Келісесіз бе?

    Өткен жылға өкпем көп. Сөздің шыны керек, тек команда көшбасшылары үшін ғана емес, бүкіл команда үшін сәтсіз болған маусым. Келмеске кетті дегенге сенемін. Александр Винокуров, Максим Иглинский, Роман Кройцигер, Энрико Гаспаротто, Асан Базаев. Барлығынан жеңіс күткенбіз. Ешқайсысы да діттегеніне жете алмады.  Әуелден аяқтан шалған қырсық, қыр соңымыздан қалмай қойды. Бұған дейін жеңіске жетіп жүргендер, жеңілістің ащы дәмін татты. Себебін сұрайсыз ба? Себебі... Әрине, қателіктерге бой алдырған кездерімізде болды. Оны мойындау керек. Бірақ сәтін салмай - ақ қойды. Міне, жеңіске жетеміз дегенде уысымыздан лып етіп шығып кетеді. Әрине, Роман Кройцигердің Джиродағы ақ жидесі жақсы нәтиже, бірақ біздің мақсатымыз жеңіс тұғырына көтерілу еді. Бір қарағанда маусым қорытындысы жаман емес көрінер, бірақ біз ойлағандай емес. Бар тілегім, биылғы маусымда бабы келіскен «Астананың» бағы да қатар шапса екен.

    «Астананың» қазақ жастарына  көңіл бөлгені қуантады...

    Өткен жылы  команда сапында тәжірбие жинақтаған төрт жастың арасынан таңдау Дмитрий Груздевке түсті. Себебі,  ең күшті, ең дарындысы, болашағынан үміт күттіретін спортшы. Қазақстандық велошабандоздар арасында тегіс тас жолда жүруге машықтанған жалғыз шабандоз. Бізде, мысалы, таулы жолды бағындыра алатын Александр Дьяченко, Андрей  Зейцтар бар. Мәре сызығында жанталасып алға ұмтылатын Валентин Иглинский бар. Ал, Париж- Рубэ мен Фландрия туры қажет ететін қасиеттер   тек Груздевтің бойынан табылды. Бельгия сериясындағы жарыстарда нәтиже көрсету кәдімгідей бас ауру болатын біз үшін. Бойындағы қасиеттерін дүрыс пайдалана алса, жақсы шабандоз. Жастарга үлкен сенім артып отырмыз.  Жаңадан құрылған  «Астана-2» командасы жақсы дарынды жастардан жасақталған.  Сондықтан оларға үлкен спортта барын салуға мүмкіндік беру қажет. Олар енді ғана тәй –тәй басып келе жатқандар ғой. Арнайы дайындықтан өтіп, «Астанаға» пісіп, жетіліп келеді. Екі жыл күту керек шығар. Никита Өмірбеков, Максат Аязбаев пен Арман Камешывтардың аяқ алысы жаман емес.

    Александр Винокуров.

    Тек биіктен көрінуді мақсат ететін «Астана» үшін былтырғы жыл оңай болмады... Алдағы маусымнан не күтесіз?

    Өткен маусымға көңілім толады деп айта алмаймын. Ойдағыдай болмады барлығы да... Алғаш құрылған сәттен талай мықтының мысын басқан «Астана» үшін  жанкүйер күткен  деңгейде өнер көрсету қиын әрине. Сәтсіздік аяқтан шалды. «Әттеген –ай»  көп болған жыл болды ғой. Қазір барлығын ой таразысына тартып, жан - жақты талқыға салдық. Сондықтан биылғы маусымда "Астана" шабандоздары  жеңісті оңай бере қоймас. Аянып тер төгуге 28 мықты да дайын. Бәрі бір жұдырықтай жұмылып, бір мақсат үшін тер төгіп жатыр. «Джиро Д Италияда» Роман Кройцигерге сенім зор. «Тур-де-Франста» сары жейде киеміз деуге негіз жоқ шығар. Бірақ словениялық Янец Брайковичтің көмегімен  үздік бестікке енуіміз ғажап емес. «Вуэльта» бәйгесінде  Романды көшбасшы ретінде сайлап отырмыз. Әрине, қазақстандық мықтыларды қатардан шығаруға болмас. Асан Базаев, Максим Иглинскийлер алдарына үлкен мақсат қойған. Көздерінде жеңіске деген жігер, от бар. Сондықтан, меніңше олар да қазақ намысын қорғауға барын салар.

     

    Өз жоспарыңызда өзгеріс жоқ па?

     Ауыр жарақаттан кейін аз уақыт аралығында аяққа тұрмақ түгілі велосипед ершігіне отырғанымды бақыт деп санаймын. Жас емеспін. Әзірге алты сағаттық жаттығуларды бір адамдай жүріп өткеніммен, тауға шығарда қиналып қаламын. Оны мойындау керек. «Лангкави турынан» бастап бабымды байқап көрмек ойым бар. Бұл дода он күнге созылады. Осы бәйге аяқталған соң бәрі белгілі болады.  «Тур-де-Франста» мықтыларға қарсылас атансам деген ой да жоқ емес. Бірақ бәрін алғашқы жарысым көрсетеді. Ал олимпиадаға келер болсам, егер өзімнің дайын еместігімді сезінсем, жастардың жолын байламаймын. Асан Базаев, Валентин Иглинский, Дмитрий Груздевтер Лондонға жол тартуы мүмкін. Өкінішке орай, қоржынымызда екі жолдама ғана бар. Кімнің баратыны уақыт еншісінде. Қаражат бар. Жағдай жасалған. Жаттығулар жоспар бойынша жүріп жатыр. Енді тек жеңіске жету ғана қалды біздің жігіттерге.

    Елге қайтуға бір күн қалғанда Сергей Яковлевтің биіктігі 300 метр болатын Пеньон де Ифач жар тасына шығу ұсынысын қабыл алдық   Биікте тұрып, «Астананы» ойладық.  Кантодорсыз «Астана» - «Астана» емес дегенді талай естідік, өзіміз де жаздық.  Велоспорт жұлдызы қазақ командасының сапынан кеткелі ұтқанымыз,  команда баяғыдай тек бір адамға емес, бір мақсатқа жұмыла кіріскен. Бір отбасының баласындай дерсің. Қазақ жастары да ұмыт қалмақ емес.

    Биікте тұрып « Астананың» биіктен көрінуін тіледік. Лайым, солай болғай!

     

    Дина Искакова,     Алматы – Кальпе-Алматы.

     

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание