Винокуровтың қос қуанышы

    • Filled in News in Kazakh 28 Апрель 2010 в 6:24, author: Sake
    • Views: 2 635.

    vino-winner

    «Астана» велоклубының есімі төрткүл дүниеге мәшһүр саңлағы Александр Винокуров Еуропадағы екі бірдей аламан бәйгеде жеңіске жетіп, мерейімізді тасытты.

    Әуелі Италияда өткен «Джиро дель Трентино» көпкүндігінің қорытынды есебінде бас бәйгені иеленіп, көпшілікті тамсандырды. 20-23 сәуір аралығында өткен көпкүндіктің тырнақалды жеке жарысында ең үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынға ие болды. 12,5 шақырымдық жеке жарыстан соң қалған үш күнгі топ бәйгеде басты бәсекелестерінің көрсеткіштері мен нәтижелерін қадағалап, жалпы есептегі көшбасшылық мәртебесін уысынан шығарған жоқ. 172,5 шақырымға созылған екінші кезеңдік бәйгеде мәре сызығын екінші болып қиды. Көмбеге Италия велошабандозы Рикардо Риккодан 6 секунд кейін жетті. 164 шақырым қашықтықты құраған үшінші кезеңдік жарыста 18-орын алса да, жеңімпаздан 25 секунд қана ұтылды. Үшінші күнгі бәйгеде италияндық Алессендро Бертолини алдына жан салмаған болатын. Ал соңғы күнгі 172,1 шақырымдық бәйгеде төртінші орынға ие болды. Бұл күні Италияның тағы бір велошабандозы, яғни Доменико Поззовиво мәре сызығын бірінші болып қиып өтті де, Винокуровтың жалпы есептегі басты бәсекелесі Рикардо Рикко екінші орынға ие болды. Көмбеге жеңімпаздан 23 секундтан соң, ал Риккодан 20 секундтан соң жеткен Вини қорытынды есепте үздік шықты. Жеңімпаз атанды.

    Бұл оның велосипед ершігіне қайта қонғалы бері қол жеткізген алғашқы үлкен жеңісі еді. Тіпті 2006 жылғы «Вуэльта» көпкүндігінен бергі ірі жетістігі десек те, қателеспейміз.

    Осы көпкүндіктен бір күн кейін Бельгияда «Льеж-Бастонь-Льеж» біркүндігі өткен болатын. Бұл бәйгеге велоспорт дүлдүлдерінің көбісі қатысты. 258 шақырымға созылған аламан бәйгеде әйгілі велоспортшылар ұзаққа дейін бір-бірінің ізіне түсіп, бірін-бірі аңдумен болды. Көмбеге 16 шақырымдай қалғанда Винокуров осы әккі велошабандоздардан сытылып шығып, алға ұзап кетті. Тек Ресей спортшысы Александр Колобнев қана соңынан қалмай, ілесе алды. Бұл бәйгеде төрткүл дүниенің сыралғы саңлақтары «Астана» велоклубы тағы да «Альберто Контадорды жеңіске жетелер» деп ойласа керек, испан дүлдүлін қаумалап жүріп, Виниден көз жазып қалды. Ал Контадор болса, қулыққа салып, тізгінін тартып, Энди Шлек сияқты дүлдүлдерді тежеумен болды. Небір тәжірибелі велоспортшылар Контадордың әр қимылын аңдумен жүргенде, Вини қамшыны басып, көмбеге бірінші болып жетті. Тіпті өкшесін басқан Колобневтің өзін сан соқтырып кетті.

    alex-vinokourov

    Несін айтасыз, тактикалық тұрғыда бұл өте тамаша жеңіс болды. Мәре сызығын қиған соң Контадор Виниге ұмтылды. Екеуі құшақтасып, мәре-сәре болды да қалды. Шетелдік велоклубтардың менеджерлері мен велошабандоздары олардың ауызбірліктері мен татулықтарына қызыға қарады.

    Альберто Контадор «Мен Винидің жеңісіне өзім жеңіске жеткендей қуаныштымын. Бұл – біздің командалық жұмысымыздың жемісі. Бұл жарыстан алған әсерім шексіз, өзімді бақытты сезінудемін» деп шынымен-ақ қуанғандығын паш етті. Ал Винокуров «Бақыттан басым айналуда. 2009 жылдың тамыз айында велосипед ершігіне қайта отырып, үлкен спортқа оралғанымда осындай елеулі жетістіктер мен тамаша жеңістерге жетуді мақсат тұтып, армандаған едім. Үмітім ақталды, арманым орындалды. Әділетсіздіктің құрбаны болып, қаншама қиындықты басымнан кешіріп едім, бұл жеңісім – осы бейнеттерімнің зейнеті. Бұл – асқақ арман» деп тебіренді.

    2005 жылы Винокуров дәл осы біркүндікте жеңіске жеткен болатын. Яғни бұл – оның осы біркүндіктегі екінші жеңісі. Алты күннің ішінде төрткүл дүние назарын өзіне аударып, бір-біріне іркес-тіркес екі елеулі жеңіске қол жеткізген Винокуров енді «Джиро д’Италия» көпкүндігіне дайындалмақ.

    «Джиро дель Трентино» көпкүндігінің қорытынды есебі:
    1. Александр Винокуров (Қазақстан, «Астана»)
    2. Рикардо Рикко (Италия, «Flaminia Ceramica»)
    3. Доменико Поззовиво (Италия, «Colnago – CSF Inox»)
    4. Мишель Скарпони (Италия, «Androni Giocattoli»)
    5. Иван Бассо (Италия, «Liquigas-Doimo»)
    38. Паоло Тиралонго (Италия, «Астана»)
    40. Роман Киреев (Қазақстан, «Астана»)
    82. Сергей Ренев (Қазақстан, «Астана»)
    91. Болат Райымбеков (Қазақстан, «Астана»)

    «Льеж-Бастонь-Льеж» біркүндігі:
    1. Александр Винокуров (Қазақстан, «Астана»)
    2. Александр Колобнев (Ресей, «Катюша)
    3. Алехандро Вальверде (Испания, «Caisse d’Epargne»)
    4. Филипп Жильбер (Бельгия, «Omega Pharma-Lotto»)
    5. Кадел Эванс (Австралия, «BMC Racing»)
    6. Энди Шлек (Люксембург, «Saxo Bank»)
    10. Альберто Контадор (Испания, «Астана»)
    57. Горазд Стангели (Словения, «Астана»)
    83. Оскар Перейро (Испания, «Астана»)
    106. Андрей Гривко (Украина, «Астана»)
    107. Максим Иглинский (Қазақстан, «Астана»)

    Нұрғазы Сасаев

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание