Винокуров қайта оралды

    • Filled in News in Kazakh 6 Август 2009 в 12:30, author: Sake
    • Views: 1 812.

    Қазақстан велоспортының жарық жұлдызы Александр Винокуров екі жылғы үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралды. Сейсенбі күні тырнақалды бәйгесіне қатысып, қуанышқа кенелді.

    Велосипед ершігіне қайта қонған Қазақстан дүлдүлі Францияда өткен Castillon-la-Bataille критериумында 7-орынға ие болды. Кеше таңертең шетелдік басылымдардың кейбіреулері тіпті «Александр Винокуров «Кастильон-ла-Батайле» бәйгесінде топ жарды» деп ақпарат таратты. Бірақ Франция сайттары Александр Винокуровтың мәре сызығын жетінші болып қиғандығын жазды. Бұл бәйге «Про-Тур» жарыстары құрамына кірмейді. Сондықтан Castillon-la-Bataille критериумының техникалық нәтижесі ешбір жерде жазылған жоқ. Десек те, Францияның оңтүстік-батысында өткен бәйгеге көпшілікке танымал спортшылардың біразы қатысты.

    Дәл қазір мәселе Винокуровтың мәре сызығын нешінші болып қиғандығында емес. Мәселе оның үлкен спортқа қайта оралуында болып тұр. Францияның электронды басылымдары кеше «көпшілік назары үнемі Винокуровқа ауып, біркүндік бәйгенің басты тұлғасы қазақ дүлдүлі болды» деп жазды. Ал Вини болса:

    – Үлкен спортқа қайта оралып, ауызбен айтып жеткізгісіз күй кешудемін. Құдды, отбасыма қайта қосылғандай әсердемін. Бұл менің ортам ғой. Енді тек тезірек спорттық бабыма келуге тырысамын, – деп толқыпты.

    Ендеше, біз Винокуровқа: «Қош келдің, жолың жеңіл болсын! Енді бірнеше жылғы бейнетіңнің зейнетін көр, шүмектетіп төккен теріңнің жемісін жеуге жазсын! Жаныңды күйзелткен уайымды алдағы жеңістерің ұмыттырсын!» – демекпіз.

    Нұрғазы Сасаев

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание