Винокуровтан айырылып қала жаздадық

    • Filled in News in Kazakh 14 Июль 2011 в 3:23, author: Sake
    • Views: 2 008.

    Сенгіміз келмейді, бірақ сенбеске айлаң жоқ. «Тур де Франс» велокөпкүндігінің то­ғы­зыншы кезеңінде тас жолдың жиегіне ұшып кеткен «Астана» вело­клубының көшбасшысы Алек­сандр Винокуров осылайша үлкен спортпен қош айтысты.

    Мұндай жолмен Парижге ешкім жет­пей-ақ қойсын. Ақшаның қамын ойлаған ұйымдастырушылар биылғы «Тур де Франсты» тым күрделендіріп жіберді. Бас­қа кезеңдерді айтпай-ақ қояйық, бір ғана тоғызыншы турдың өзінде спортшылардың алдынан тар әрі ұзақ құлдилаудан құ­ралған сегіз тау шыңы кездесті. Ал 208 ша­қырымнан құралған тас жолдың 99 ша­қы­ры­мында «спортты шоуға айналдырсаң, қанға бөктіресің» деген сөздің растығына көз жеткіздік.

    Бәрі де былай орын алды. Кезекті тау шы­ңынан төмен құлдилап келе жатқан пелетон алдынан шығуы мүмкін қауіпті еске­ріп, жылдамдығын бәсеңдеткен. Оның үстіне жол да аздап тайғақ болыпты. Мұн­дай кезде бүкіл пелетон болып жұмыла қимылдамасаң, болмайды. Бірақ кейбір шабандоздар велоспорттың жазылмаған бұл заңына бағынған жоқ. Мәселен, Тур Хушовд аяғын педальден мүлдем алып тастаса, «Лотто» командасының бір шабан­до­зы шетке ығыса бастады. Ақыры, не ке­рек, сол «лоттолықтардың» бірінің дөң­ге­легі тайып кетіп, өзімен бірге қос «ас­та­налық» Александр Винокуров пен Дмитрий Фофоновты да ала кетеді.

    – Жолдың арғы бетіне ұшып кеттік. Бірақ Винокуров тіптен жаман құлады, – деп артынан сұхбат берді Фофонов «Ас­та­на­ның» баспасөз қызметкерлеріне. – Ме­нің алдымда кетіп бара жатқан ғой. Құ­лаған кез­де талға соқтығысқан. Орнымнан дереу тү­регеліп, Виноға да «Са­ша, тұр, жылдам «ат­қа қо­найық» деп едім, «тұ­ра тұршы, мен бір жерімді сындырып алдым-ау дей­мін» деді Саша. Тұр­ғы­зып жібе­рейін деп едім, ор­ны­нан көтеріле алмады. Жол­дың жие­гіне жедел жәрдем көлігі де келіп қа­лыпты. Дереу шақырдым. Андрей Гривко мен Реми де Гри­горио да төмен түсіп, Са­ша­ның тұруына көмек­тес­ті. Қара­сам, бүкіл «ас­та­на­лық» жиналып қа­лып­ты.

    Иә, қайта Винокуровты Алла сақтап қал­ды. Әйт­пе­се арты қайғылы оқиғаға ай­­налуы да мүмкін еді. Сан сүйегін сын­ды­рып ал­ған Винокуровты екі жа­ғы­нан екі командаласы сүйе­мелдеп көтеріп, әзер де­ген­де жедел жәрдем кө­лі­гіне жеткізді. Ал Ви­но­ку­ров­тың жолдың жиегіне ұшып кет­кендегі пеле­тон­ның әрекеті – мүлдем бөлек әңгіме. Бәрі де жыл­дам­дық­тарын бәсеңдетіп, тіпті кейбірі тоқтап көріп, Виноның саулығына көз жеткізген соң ғана қайта жүре бастады. Дегенмен, риза бол­ға­нымыз, Сашаның жанында қалып қой­ған «астаналықтар» қуып жеткенше, пеле­тон алға қарай ілбіп қана отырды. Алайда бәрі емес. Алға озып кеткен бес спортшы рация арқылы артта болған жағдайды есті­гендерімен, аялдай тұруды ойлаған жоқ. Олардың арасында тур­нир қожайын­дары – француздық ша­бан­доз Томас Воклер де бар. Бір қызығы, мә­ре­ге аз қалғанда испандық Хуан Антонио Флеча мен тағы бір велошабандоз алға суы­рылып шыққан. Сол-ақ екен, фран­цуз­дық теле­каналды та­сып жүрген көлік қиқаң етіп бұрылып, Флеча мен әлгі шабандозды омақасынан түсіре қағып кетті. Артына бір қараған Воклер сонда да «фэйр-плей» та­ныт­пады. Дегенмен оны да қуып жеткен саң­лақ болды. Саша құлағанда пелетонды күтпей, шаба берген әлгі бесеудің арасында болған «Рабобанк» спортшысы Луис Леон Санчес мәре сызығын бірінші болып қиды. Ал пелетонның басы тек төрт минуттан кейін ғана көмбеге жетті.

    Енді «Астана» көшбасшылық рөлді кім­ге артар екен? Бәлкім, Роман Крой­ци­герді алға сүйрер, бәлкім, Паоло Тиралонго өзін көшбасшы ретінде сезініп көрер. Мүмкін, енді тек командалық есепке ғана таласар. Оның бар­лығын алдағы кезеңдерден кейін бай­қай­мыз. Бір анығы, енді «Астана» жа­рысты Алек­сандрсыз жалғастырады. Өкі­нішті-ақ...

    Александр Винокуров, «Астана» вело­клу­бының көшбасшысы:

    – Қарғыс атқан кезең болды. Бірақ жағ­дай бұдан да жаман болуы ғажап емес еді. Енді жігіттер мен үшін тым бол­мағанда бір кезеңді жеңетініне се­не­мін.

    Роман Кройцигер, «Астана» вело­клу­бы­ның шабандозы:

    – Ота жасалғаннан кейін Вино өзін тәуір сезіне бастады. Ал команда енді же­ке кезеңдерге таласатын болады.

    P.S.
    «Австрия көпкүндігі» мәресіне жетіп, «астаналық» саңлақ Фре­дерик Кесьякофф жеңіске жетті. Ол басты қарсыласы Леопольд Конигтен 2 минут 28 секундқа озып кетсе, атақты испандық Карлос Састрені 3 минут 5 секундқа артта қалдырды.

    Автор: Әзиз Жұмаділ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание