Винокуров «Астанада»

    • Filled in News in Kazakh 14 Август 2010 в 1:12, author: Sake
    • Views: 2 920.

    Қазақстан велоспортының мақтанышы Александр Винокуров «Астанамен» келісімшартын тағы бір жылға ұзартты. Сөйтіп, саңлағымыз «Вини келесі жылы үлкен спортпен қоштасады» деушілердің аузына құм құйды.

    Негізі, соңғы кездері Винокуровтың айналасындағы әңгімелер көп болды. Бірі – «Вини спортпен қош айтысады», екіншілері  «Вини велосипедті тастап, «Астанаға» менеджер болып орналасады екен» десіп жатты. Дегенмен командамен келісімшартын тағы бір жылға ұзарту арқылы бұл әңгімелердің барлығына нүкте қойды.

    Алайда Александр Винокуров «Астанада» қалғанымен, өкінішке қарай, басқа кейбір велошабандоздар қазақстандық командадан кетуге бел байлапты. Нақтырақ айтсақ, биылғы «Тур де Франс» көпкүндігінде «Астананың» жеңіске жетуіне орасан үлестерін қосқан Даниэль Наварро, Бенджамин Новаль және Хесус Эрнандес сынды саңлақтар Альберто Контадордың артынан Данияның «Саксо банк» велоклубына кетті. Әлбетте, испандық бұл саңлақтардың орнын толтыру қиын. Дегенмен ҚР Велоспорт федерациясының президенті Қайрат Келімбетовтің айтуынша, «Астана» биыл өте қарымды велошабандоздармен жасақталмақ. Сөйтіп, келесі жылы да «Тур де Франс», Джиро», «Вуэльта» сынды велобәйгелерде бас бәйгеге таласпақ.

    – «Астана» командасы келесі жылы да тек алға ұмтылады. Бүгінде әлемдегі алдыңғы қатарлы велошабуылшылармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Мәселен, реті келсе ағайынды Шлектерді өз сапымызға қосу ойымызда бар. Сондай-ақ Луис Санчес, Денис Меньшов секілді спортшылар да команда қатарын толықтыруы мүмкін. Жалпы, «Астананың» құрамы жылдың соңына дейін анықталып қалады, – деп жауап берді журналистерге берген сұхбатында Қайрат Келімбетов.

    Автор: Әзиз Жұмаділ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание