«ТУР-ДЕ-ФРАНС» ҚЫЗЫҚТАРЫ РУСЛАН МЕДЕЛБЕКІҢ РЕПОРТАЖЫНДА

    • Filled in News in Kazakh 21 Июль 2012 в 1:09, author: Dina Iskakova
    • Views: 2 163.

    АЛЕКСАНДР ВИНОКУРОВ

    «ТУР-ДЕ-ФРАНС» ҚЫЗЫҚТАРЫ РУСЛАН МЕДЕЛБЕКІҢ РЕПОРТАЖЫНДА - Alaman.kz

    Әлемдегі теңдесі жоқ «Тур де Франсты» өз көзіммен көру бақыты бұйырды. «Турдың» 16 кезеңі По қаласынан бастау алды. Франция елінде қазір күн ыстық. 36 градустық ыстықта велошабандоздар 193 шақырымдық бәйгеге шықты.

    ҚЫЗЫҚ КЕРУЕН

    Велошабандоздар жарысты бұрын жанкүйерлер алдынан жарнамалық керуен шығады. Әлемге танымал берндтер мен француздардың компаниялары көз тартарлық жарнамалары арқылы халық назарын аударуға тырысады. Әлем көз тіккен жарыста өз өнімдерін көрсету – үлкен мүмкіндік емес пе? Велошабандоздардан бұрын өтетін қызық керуенде нан өнімдерінен бастап, көзілдірік шығаратын, газет басатын, шоколад дайындайтын компаниялардың барлығы бар. Төменде сол керуеннен бір-екі кадр…

    Әлемнің түпкірінен келген жанкүйерлер толып жүр жарыста. Мексика, Австралия, ОАР, Жапония жұртының барлығы «Турдың» түбінде. Франция ғана емес жаһанға той. Жарыс басталуға екі сағат қалғанда сөренің маңы адамға толы. Ал журналистер мен арнайы келген қонақтар, билет алған жанкүйерлерге арналып, таверне ашылған. Бұл жерден қызықтың бәрін табасыз. «Тур де Франстың» атақты жеңімпаздарының фотосуреттері ілініпті.

    САУДА ҚЫЗҒАН ТАВЕРНЕ

    Жарысқа арналған кәдесыйлардан да көз сүрінеді. Бірақ бағасы қымбат. Жай ғана «Турға» арналған күрешке, кілтке таққыш 10 еуро (2 мың теңге), ал футболқа мен бейсболкалар 20 еуро (4 мың теңге) тұрады.

    ЖАНКҮЙЕРЛЕР

    “Турға» келген жанкүйерлердің арасында «Астананың» жанкүйерлері көп. Францияда тұрып жатқан қазақтар да команданы қолдауда. По қаласында жұмыс жасайтын Замир пен Зарина есімді қандастарымыз «Астананы» қолдауға арнайы келіпті.

    ЗАРИНА МЕН ЗАМИР

    - По қаласында мұнай компаниясында жұмыс жасаймыз. Францияда тұрып жатқанымызға екі жылдан асты. Жалпы, Қазақстан азаматтарымыз. Бірақ елге жиі бара алмаймыз. Ал «Тур де Франс» сағынған жұртыңды көруге жол ашады. Бүгін командамызды және отандастырымызды қолдауға келдік, – дейді зайыр.

    «Астана» командасына жарыс бойы қолдау көрсетіп, қазақтың көк туын желбіретіп тұрған жанкүйерлерді де көзіміз шалды. Тіпті діні мен ділі басқа қара маржандардар да «Астанаға» жанкүйер.

    «Турдың» ең қиын кезеңіне шабандоздар сап түзей бастады. Ентелеген халық, алдынан шыққан шабандозды тоқтатып, қолтаңба сұрап жатыр. Винокуровтың сөреге шығар тұста әлемдік арналардың бес алтауы сұхбат алып үлгерді. Ал неше жанкүйерге қолтаңба бергенін санау мүмкін емес.

    - Винокуров Еуропада, әсіресе Францияда танымал. Еуропада жоғары құрметке ие. Жұрттың көбіне Винокуров есімі аңызбен тең, – қазақ жанкүйері Зарина.

    ШЕГЕ ЖЫРЫ

    Қатарда Кисерловски жоқ. Жарақаттанған. 14 кезеңде жолға қастандықпен шеге шашып тастапты. Көп шегеге «шалынған» шабандоздардың біразы жарақат алған еді. Қатарында «Астана» өкілі де бар. Жолға шеге тастағандарды тауыпты деп естідік. Алдағы уақытта оны анықтай жатармыз.

    КОМАНДА БАСШЫЛАРЫ КЕЗЕҢ АЛДЫНДА (СОЛ ЖАҚТА БІРІНШІ МАРТИНЕЛЛИ)

    «АСТАНА»: ҚАМШЫ БАСАР КЕЗ КЕЛДІ

    Шілденің 18-і күні өткен 16 кезеңде Винокуровтың тамаша өнеріне куә болдық. По қаласынан бастау алған кезең. Вино сөреден шыға сала бірден алға ұмытылды. Және кезең соңына дейін алғашқы ондықта жүрді. Кяссакофф та «таулы король» жейдесін сақтап қалу үшін барын салған. Бірақ жейдені сақтап қала алмады. Ал кезең бойы Винокуровтың жолынан жеңіс күттік. Францияға табан тірегенде Винокуров «бір кезеңді ұтсам» деген мақсатын айтқан еді. Сол мақсатын орындауға Вино барын салған. Мақсат орындалмады.

    Бірақ шабандоз алғашқы бестікке еніп, күш қайратының қайтпағанын көрсетті. Алдына Томас Воклер (Франция, Europcar), Крис Соренсен (Дания, СаксоБанк) және Изабурре Инсаустиді (Испания, Euskaltel) жіберіп, 4 орынға табан тіреді. Бәйгеден кейін журналистерге сұхбат берген Винокуров: «Бар күшімді салдым. Үшінші орынды алсам да жаман болмас еді. Бірақ жасымның келіп қалғаны сезілдіп тұрды. Дегенмен, кезең біз үшін сәтті болды» деді.

    «Астананың» «Турдағы» мақсаты, бірінші кезекте бір кезеңді ұту, екіншісі Брайковичтің алғашқы ондықтағы орнын сақтау және Кяссакофтың «таулы король» жейдесін сақтап қалу… Біз көрген кезеңде Брайковичтың орны сақтаулы қалды. Ал қалған екі міндетті қорытынды да сараптармыз… Үміт бар, әлі…

    ҚҰДА ТҮСУ

    Арысы «Джиро» берісі «Тур де Франс» бәйгелерінен кейін «Астана» шабандоздарына құда түсе бастағандар көбейіпті. Әлемдік велокомандалар Кяссакофф пен Кисерловскиге қолқа сала бастаған. Екі шабандоздың «Астанадан» кеткісі жоқ. Бастысы, көк қағаздың буы бұрқырап, бас айналмаса болғаны… Бұл қос шабандоз «Астанаға» керек…

    "ТУРҒА" КЕЛГЕН ЖАНКҮЙЕРЛЕР

    ЛЮКСЕМБУРГ ШАБАНДОЗДАРЫ «АСТАНАҒА» КЕЛЕ МЕ?

    Ал Люксембургтың lessentiel басылымы ағайынды Энди мен Фрэнк Шлек келер маусымда «Астанаға» келуі мүмкін деген материал жариялады. Ағайынды спортшылар біздің клубқа ауысуға келісім берген дейді басылым. Дегенмен, Шлектердің «РадиоШак» командасымен келісімі бітпеген. Бірақ «РадиоШак» командасының басшылары велоспортшылардың келісілген еңбекақысын төлемеген. Сондықтан, ағайынды шабандоздар қазіргі командаларымен келісімді орта жолдан үзуге ниетті. Айтпақшы, Фрэнк Шлек осы «Турда» допинг қолданды деген айып тағылды. Қазір осы шуға байланысты тексеріс жүріп жатыр.

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments (1)

  • Quote
    #1 by Zhake Kazakhstan on 23 Июль 2012, 11:00:

    Өз аяғымен барып, командаға қолдау көрсетіп жүрген жанкүйерлерге үлкен рахмет. Теледидар алдында отырып, жарыс жолынығ жиегінде көк байрағымызды көтеріп, ұрандап тұрған отандастарымызды көріп, бір жасап қаламыз.

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание