Синьор Мартинелли қандай адам?

    • Filled in News in Kazakh 26 Сентябрь 2009 в 11:45, author: Sake
    • Views: 3 867.

    772«Астана» велоклубында менеджер ауысып, бельгиялық маман Йохан Брюнельдің орнына италиялық бапкер Джузуппе Мартинелли келгенін жазғанбыз. Енді келесі жылдан бастап команда жоспары түбегейлі өзгеретіні түсінікті.

    Бірақ бізді ойландыратын мәселе ол емес. Бүгінде өздеріңіз білесіздер, «Астананың» велоспорт әлеміндегі беделі өте жоғары. Бүкіләлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Көптеген турнирлерді бағындырды. Ендігі кезекте италиялық маман «Астананы» осы деңгейде ұстап тұра ала ма? Міне, мәселе сонда. Осы сұрақтар шындап алаңдатып, кеше түске таман Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Николай Проскуринді сұхбатқа тартқан едік.

    – Қайырлы күн, Николай Абрамұлы!

    – Бізде таң енді атты. Жаңа ғана таңғы асымызды ішіп болдық. Менің қазір Швейцарияда әлем чемпионатында жүргенімді білетін боларсыздар. Қазақстанмен салыстырғанда шамамен төрт сағат айырмашылық бар. Бірақ ерте оянып алдық.

    – «Астана» командасының бас менеджерлігіне жаңа тағайындалған Джузуппе Мартинеллиді «Қазақстан спортының игілігіне жұмыс жасай алады» деп айта аламыз ба?

    – Ол өте білікті маман. Мартинеллиді таныстырып жатудың қажеті шамалы болар. Басқа шәкірттерін былай қойғанда, атақты Марко Пантаниді баптап шығарғанын айтсақ та жеткілікті. Ал Пантаниді білмейтін жан велоспорт әлемінде кемде-кем. Лэнс Армстронг арасындағы бәсеке бәріңіздің есіңізде деп ойлаймын. Тіпті талай мәрте атақты америкалықтың алдын орап кеткенін де білеміз. Бірақ мезгілсіз келген ажал ақыры Пантаниді алып тынған еді. Талантты шәкіртінен айырылған Мартинелли де спорттан біраз уақыт қол үзіп қалған. Тек Италия жастар құрамасын баптаумен ғана айналысып келді. Дегенмен велоспорт әлемінде беделі орасан.

    – Түсінікті. Сонымен, неше жылға келісімшарт жасастыңыздар?

    – Әлі ешқандай келісімшартқа отырған жоқпыз. Құжаттар дайындау үстіндеміз. Бір-екі күнде барлығы шешіледі. Сол кезде Джузуппе Мартинеллимен жеке отырып, келісімшарт жасасамыз. Әзірге Мартинелли «Астананы» бір жыл басқаратын болады. Содан кейін нәтижелеріне қарап, келісімшартты ұзартуымыз мүмкін.

    – Джузуппе Мартинелли «Астанаға» өзімен бірге бір топ италиялық велошабандозды ертіп келетін шығар?

    – Жоқ, барлығы осы қалпында қалады. Мартинелли қолда бар спортшыларына риза. Тек алдағы уақытта Италиядан екі велошабандозды шақырамыз. Бірақ оларды командаға шақыруды Мартинеллиге дейін-ақ шешіп қойғанбыз.

    – Синьор Джузуппенің Италияда беделі өте жоғары екенін білеміз. Енді «Астана» үшін «Джиро Д‘Италия» көпкүндігін жеңу қиынға соқпайтын шығар?

    – Оның мақсаты – тек «Джироны» ғана жеңу емес, басқа да турнирлерде топ жару. «Астананы» әлемдік рейтингте әрдайым алда ұстап тұру болмақ. Өздеріңізге белгілі, басты күшімізді «Тур де Франсқа» саламыз. Ал Аппенин түбегінде өтетін жарысты жеңе алмасақ, ол үшін аса қайғыра қоймаймыз.

    – Швейцарияда өтіп жатқан әлем чемпионатын Мартинелли де бақылап отырған болар?

    – Иә, әрдайым біргеміз ғой. Қазір де ол менің жанымда отыр. Осы жерде айта кетейін, Брюнельмен болған түсініспеушіліктер Мартинеллимен қайталанбайды. Ол – керемет тұлға.

    – Енді әлем чемпионатына көшсек. Жекелей сындағы Винокуров пен Кашечкиннің көрсеткішіне қандай баға бересіз?

    – Вини жарады. Алғашқы ондыққа ілігетін шығар деп үміттеніп едім. Сегізінші орыннан көрінді. Бұл керемет жетістік. Теледидардан көрген болсаңыздар, оның жылдамдығы сағатына 50 шақырымды құрады. Мұндай жылдамдыққа тіпті командалық жарыста да қол жеткізу қиын. Жарыстан кейін өзі «бұдан да жылдамырақ жүріп өтуге болар еді» деп тісін қайрады. Демек, оның күші әлі сарқылған жоқ. Ал Кашечкин екі жылдық үзілістен кейін алғаш рет велоспиед ершігіне отырды. Қорытынды есепте 25-орыннан көрінді. Бұл да тамаша көрсеткіш. Осы жақта жүрген шетелдік мамандардың барлығы екі саңлағымызға мадақтарын жаудыруда. Сондай-ақ мені Словения атынан шыққан «астаналық» Янец Брайкович те таң қалдырды. Менің ойымша, Брайкович жыл бойы жинаған күшін әлем чемпионатына пайдаланған сияқты.

    – Бас бәйгені ешкімге бермеген Фабиано Канчеллара туралы не айтасыз? Оған жету шынымен де мүмкін емес пе еді?

    – Желден жүйрік спортшы ғой. Маған кеше боран соғып тұрса да, Фабиано сол боранға жеткізбей кете алатын сияқты көрінді. Басқа қандай теңеу қолданарымды да білмеймін. Тіпті сөзім жетпейді.

    – Енді бар үмітімізді командалық жарысқа артамыз. Осыдан біраз бұрын сұрағанымызда «командалық жарысқа Винокуров пен Кашечкин қатыспайды» деген болатынсыз. Енді жексенбі күні команданы кім бастайды?

    – Саша мен Андрей жексенбі күні де жарысқа түсетін болды. Барлығымыз ойлана келе, солай шештік. Вини капитандық міндетті атқарады. Бар үмітімізді соған артып отырмыз. Сондай-ақ Дмитрий Фофонов та өз бабында. Бірақ жүлделі орындардан үмітті емеспіз. Барлығына реалистік тұрғыда қарауымыз керек.

    – Олай болса, спортшыларымызға тек жеңіс тілейміз!

    Әңгімелескен Азиз ЖҰМАДІЛ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание