Менің шәкірттерім әлі-ақ таңдандырады

    • Filled in News in Kazakh 15 Июнь 2012 в 12:07, author: Dina Iskakova
    • Views: 2 834.

    "Ұлан" басылымында жарыққа шыққан "Астана-2" велокомандасының бас менеджері Дмитрий Седунмен сұхбат.


    2006 жылдан бері біз  «Астана» велокомандасының табыстарына бой үйретіп алдық. «Джиро д’Италия», «Тур де Франс», «Вуэльта» сияқты даңқты көпкүндіктерден алған несібеміз де  аз емес. А.Винокуров, М.Иглинский, А.Кашечкин, А.Дьяченко, Р.Зейтц, т.б. отандастарымыздың әрбір табысы бізді қанаттандырады. Ал осы кәсіпқой командаға ізбасарлар қайдан және қалай таңдалады? Өткен жылы «Астана» про-командасының жанынан құрылған «Астана құрлықтық командасы» («Континенталь тим Астана» немесе «Астана-2») осы мәселені шешуге мүмкіндік беретін сияқты. «Астана-2» командасының бас менеджері Дмитрий Седун мырзамен осы құрлықтық команда жайлы әңгімелескен едік.

    –  Бұл жоба көп жылдан бері ойластырылды, – дейді Д.Седун.  – Өйткені, «Астана» про-командасына өз елімізде тәрбиеленген велошабандоздарды тарту, оларды өсіру – біздің басты мақсатымыз. Түрлі мүмкіндіктерді қарастырып көрдік. Өткен жылы жазда «Астана» командасы жанынан құрлықтық команда құру туралы ойға бекідік те, оны «Самұрық-Қазына» басшыларына, ҚР велоспорт федерациясы басшыларына айттық. Олар да бірден қолдады. Мұндай команда құру өте қиын жұмыс, айтуға ғана оңай. Тәуекелге мініп, тамыз-қыркүйек айларында қолға алдық. Бұрынырақта елімізде «Капек» құрлықтық командасы болды. Оның ұзақ ғұмыр сүрмегені өкінішті. Егер ол команда қазір де бар болса, «Астана-2-ні» құрудың қажеті де болмас еді.

    Ұлан: «Астана-2» командасына қарапайым ауыл баласы мүше бола ала ма?

    Дмитрий Седун: Болады, неге болмасын? Алыс ауылдардың балалары ең алдымен велоспортпен айналысып, ауылда, аймақта, ауданда, облыста өтетін жарыстарға қатысуға тиіс. «Мені іздеп тауып алсын» деп үйінде отыра берсе, оны ешкім көрмейді. Жас талант өзін көрсете білуге тиіс. Жақында Қазақстан чемпионатына барамын. Сонда жаттықтырушылармен сөйлесіп, болашағы бар балаларды қалам ұшына іле кетемін.

    Ұлан: «Астана-2» командасының қазіргі құрамында қазақ балалары бар ма?

    Дмитрий Седун: Команда-мыздың 80 пайызы – қазақтар! Руслан Тілеубаев, Мирас Бедербеков, Никита Өмірбеков, Нұрболат Құлымбетов,Тыныс Ақанов, Назар Жұмабеков, Арман Қамышев, Әбдірайымжан Ишанов, Бақтияр Қожатаев, Тілеген Майдос сияқты жас шабандоздарымыздың қазіргі аяқ алысы жаман емес. Өз басым Мақсат Аязбаевтан көп үміт күтемін. Оның табиғи дене бітімі де, психологиялық беріктігі де, еңбекқорлығы да көңілімізден шығады. Көп уақыт өтпей-ақ Мақсат велоәлемде өзін жарқырата көрсетеді деп сенемін. Александр Шушемоин, Алексей Луценко, Владислав Горбунов, Данил Фоминых сияқты шабандоздар да жақсы көрініп жүр.

    Ұлан: Оларды қалай таңдадыңыз?

    Дмитрий Седун: Бұл жастардың бәрі Қазақстан құрамасы сапында. Яғни, біз өзімізде бар талантты жастардың басын қосып, құрлықтық команда жасақтап отырмыз. Шүкір, табысымыз да жаман емес. Жыл басынан бері құрлықтық командалар қатыса алатын түрлі категориялардағы жарыстарда жалауымыз желбіреген сәттер аз емес. 4 үлкен жеңісіміз бар, жеке кезеңдердегі жеңістеріміздің саны 10-нан асады. Доминикан Республикасында екі кезеңде жеңдік, Габон турында да кезеңдік жеңісім бірнешеу бар. Әзербайжан турының да бір кезеңін ұттық. Нормандия турында «өршіл шабандоз» және «қарқынынан танбайтын шабандоз» жейдесі біздің жас спортшыларға бұйырды. Жақында ғана Канадада өткен «Ұлттар кубогын» А.Қамышев жеңіп алды. Киев біркүндігінде Н.Өмірбеков пен Р.Тілеубаев 3 және 4-орындардан көрінді. Жарыстар өте көп. Шабандоздарымызды сол жарыстарға қатыстырып, шыңдағымыз келеді. Оның үстіне, «Астана-2» сапындағы спортшылар кейбір сындарға ұлттық құрама мүшелері ретінде де қатыса алады.

    Ұлан: Жас шабандоздардың қайсысы жақын арада «Астана» про-командасына ауысуы мүмкін?

    Дмитрий Седун: Биылғы жылдың өзінде жоқ дегенде бір шабандозымыз «Астанаға» ауысады деп сенемін. Жыл соңына дейін анықтаймыз. Бір ескеретін нәрсе, біз ешкімді кәсіпқой командаға күштеп немесе жасанды түрде қоса алмаймыз. Ол, ең алдымен, жас спортшыға психологиялық, моральдық тұрғыда қиын болар еді. Сондықтан да бірқатар өткелектен өтіп барып, моральдық, психологиялық тұрғыда дайын болғанда ғана про-командаға ауысқан жөн. Кәсіпқойлар сапында озу түгіл, кейде мәреге жетудің өзі үлкен күшке түседі. Осының бәріне дайын болу керек.

    Ұлан: «Астана-2» командасы тек қазақстандық спортшылардан жасақталған ба?

    Дмитрий Седун: Командада 16 спортшыға орын бар, соның біреуі ғана – шетелдік. Бір беларусь бар, оны тәжірибе үшін алдық. Жалпы, құрлықтық командада 1-2 орынды шетелдік спортшыға қалдырған дұрыс. Өйткені, ертең жас спортшы кәсіпқой командаға ауысады, ал про-команда міндетті түрде көп ұлтты болады. Соған бой үйрете бергені дұрыс. Қанша дегенмен, еуропалықтармен салыстырғанда, біздің діліміз мүлде басқаша. «Астана-2» сапындағы спортшылар әуелі басқа елден келген, орыс тілді азаматтармен араласып көреді. Одан соң италиялықпен, испанмен бір командада болуы мүмкін. Сөйтіп, велоәлем қажет ететін талаптарға бой үйрете бастайды.

    Ұлан: «Астана-2» қаншалықты ұзақ өмір сүруі мүмкін?

    Дмитрий Седун: «Астана» про-командасы қаншалықты ұзақ өмір сүрсе, біздің құрлықтық команда да бар бола береді.

    Есей Жеңісұлы

    («Ұлан», №24. 12.06.2012)

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments (1)

  • Quote
    #1 by Zhake Kazakhstan on 15 Июнь 2012, 16:37:

    Бұл шындығында өте қажет жоба. «Астана проТим» өзіне жүктелген міндетті, яғни Қазақстанды, оның спортын дүние жүзіне танытуды ойдағыдай орындады. Құдайға шүкір көк байрағымызды көптеген жұрт алытан таниды. Бұдан былай ПроТимнен біз тек жоғары кәсіпқой жеңістерді ғана күтеміз. Оған жету үшін команда сапында ең үздік шетелдік легионерлердің болуы объективтік қажеттілік.
    Ал қазақстандық жастарды сол жоғары деңгейге жеткізуге бірден бір баспалдақ бұл АстанаКонти. Түрлі жарыстардан алдыңғы шептен көрініп, жастарымыз мерейімізді көтеріп отыр. Егер АстанаКонти жыл сайын бір азаматымызды кәсіпқой командаларға қосып отырса, шыққан шығынның ақталғаны.

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание