Мақсат Аязбаев: Арманым – Олимпиада шыңына шығу

    • Filled in News in Kazakh 24 Сентябрь 2010 в 6:02, author: Sake
    • Views: 3 763.
    Руслан Меделбек
     
    Жақында Италияда өткен Giro Internazionale della Lunigiana көпкүндiгiнде қазақ өренi Мақсат Аязбаев топ жарды. Оның алдында Мақсат бауырымыз Дубай төрiнде Азия чемпионатында күмiспен күптелген едi. Жақында Мақсатты жеңiсiмен құттықтап, әңгiмеге тарттық.
    – Жетiсу өңiрiнде дүниеге келiпсiң. Әңгiмемiздi отбасың, туған жерiңнен бастасақ…
    –             1992 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Сарқан ауданы, Аманбөктер ауылында дүниеге келдiм. Әкемнiң аты – Мұхтар. Анамның есiмi – Сәуле. Отбасымызда үш баламыз. Алдымда екi әпкем бар. Мен үйдiң кенжесiмiн. Ал туған жерiм Аманбөктердi сөзбен суреттеп жеткiзу мүмкiн емес. Шыңы аспанмен таласқан асқаралы таулардың арасында орналасқан, елдiмекеннен бiр шақырымдай ұзасаңыз атыңыздың тұяғы қып-қызыл болып кетедi. Бүлдiрген мен таңқурайдың Отаны десек те болады. Үлкен қариялардың айтуынша, атам марқұм жас кезiнде жақсы күресiптi. Сондай-ақ, атам жылқы құмар қазаққа тән жүйрiк баптаған. Ақбақай деген жүйрiгi кеңес кезiнде республика чемпионы болған.
    –             Демек, спортқа деген құштарлық ата қанымен сiңген десе де болады ғой?
    –             Олай айтуға да негiз бар. Өйткенi, Ержан Аязбаев деген ағам күрестiң үш түрiнен спорт шеберлiгiн орындаған (еркiн күрес, самбо, дзюдо). Негiзi мен бала кезiмде өте ұялшақ болатынмын. Сабақты да өте жақсы оқыдым. Күнделiгiмде кiлең төрт пен бес. Спортқа бiрiншi сыныптан бастап қызықтым. Күрес, каратэ сынды спорт секцияларына қатыстым. Доп тебу, аулада футбол ойнау менiң күнделiктi әдетiм едi. Сабақ қарауға уақыт таппасам да доп тебуге қашан да уақыт табылатын. Балабақшада жүр­генiмде велосипедке қатты қызығатынмын. Жеке өзiм талай велосипедтi тоздырдым. 2006 жылы Алматыдағы Кәркен Ахметов атындағы спорт мектебiне оқуға қабылдандым. Биыл мектеп бiтiрдiм.
    –             Жеңiстiң үлкен не кiшiсi болмайды. Дегенмен, сiз үшiн естен кетпес бақыт сыйлаған жеңiсiңiз қайсы?
    –             Азия бiрiншiлiгiнiң кү­мiсi – менiң қазiргi ең маңызды жеңiсiм. Бiрақ, алда мен үшiн ғана емес, Алаш жұрты үшiн де маңызды болар жүлде уысыма түсер.
    Дубайдағы құрлық бiрiн­шiлiгiне барлығы 33 елден спортшы қатысты. Бас жүлде командаласым Алексей Луценконың еншiсiнде. Қола медаль­дi Иран велошабандозы жеңiп алды. Өткен жылы Индонезияда Азия бiрiшiлiгiнде 6-орынмен шектелгем. Индонезиядағы бiрiншiлiкте бабым келiспедi.
    –             Азия мықтыларының қатарына енген Мақсаттың қоржынында тағы да қандай додалардың жүлдесi бар екен?…
    –             Жақында Италияда аяқ­талған “Giro Internazionale della Lunigiana” көпкүндiгiнде жеңiске жеттiм. Сондай-ақ өткен жылы Кипрда өткен “Гераскоп турында” күмiс жүлдеге ие болдым. Сондай-ақ, жастар арасында әлемдегi ең iрi дода “Корея турында” жалпы есепте  үшiншi болдым. Және Корея алтыкүндiгiнiң екiншi кезеңiнде күмiс жүлденi еншiледiм. Бiр қызығы, Қазақстан чемпионатында қанша рет алтын алғаным есiмде жоқ. Велоспорттың трек түрiнен ел бiрiншiлiгiнде бiрнеше рет топ жардым.
    –             Велошоссемен қатар велотрекпен де айналысасың ба?
    –             Велотректен тек Қазақстан деңгейiнде бақ  сынаймын. Былтыр ел бiрiншiлiгiнде командалық бәсеке бойынша чем­пион атанғанмын.
    –             Спортшының жеңiске жетуi оның бапкерiне тiкелей қатысты. Бапкерiң жайлы не айтасың?
    –             Алғашқы бапкерлерiм Манат және Асқар Таласбаевтар. Ал қазiргi бапкерiм Виталий Штыхлин. Осы бап­кер­лерiмнiң ерен еңбегiнiң ар­қасында осындай жетiстiктерге жетiп жатырмын. Сондықтан ең алдымен ризашылығымды сол кiсiлерге бiлдiргiм келедi. Велоспорт федерациясы басшыларына да айтар алғысым шексiз.
    –             Спортшының атын оның жеткен жетiстiгi шығаратыны белгiлi. Өзiңдi осы уақытқа дейiн жыға танымай келсек, ендi құрлық мықтыларының қатарына енген Мақсатты исi қазақ елi танып-бiлiп отыр. Қазақ велоспортының жаңа үмiтi Мақсаттың арманы қандай?
    –             Арман дейсiз бе?.. Арман көп қой менде. Олимпиада алтынын олжаласам… “Тур де Франс”, “Париж Ницца”, “Вуэльта” көпкүндiктерiн бағындырсам… Биылғы әлем бiрiншiлiгiнде тұғырға табан тiресем дегенде арманым бар. Ол үшiн аянбай тер төгу керегiн жақсы түсiнем. Қазақ велоспортын шыңға сүйрер елiмнiң ұлтаны болсам маған жеткiлiктi.
    –             Туған жерiңiзде жиi боласыз ба?
    –             Жиi барам деп айта алмаймын. Оған уақыт тапшы. Басында Алматыға оқуға келгенде үйдi сағынып, қайтқым келген. Бiрақ бәрiне де үйрендiк қой. Дегенмен, жаттығудан қолым қалт еткен кезде туған жерге табан тигiзуге асығып тұрамын.
    –             Жарақат алып көрдiң бе?
    –             Иә, жарақат алған кез­дерiм болды. Былтыр жарыстардың бiрiнде құлап қолымды сындырдым. Осыдан екi жыл бұрын қатты құлап, аурухана төсегiне бiр ай таңылдым. Спорт болғаннан соң жарақатсыз болмайды ғой.
    –             Бос уақытыңды қалай өткiзесiң?
    –             Шынын айтқанда, қазiр менде бос уақыт жоқ. Сабақ, жаттығу, жарыс…
    –             Жеңiске жету үшiн де рухани дайындық керек дейдi. Келiсесiң бе?
    –             Иә, алдымен Аллаға сенiм артып, содан кейiн барып әркiм өзiне сенгенi дұрыс. Адам­ға қай кезде де рухани дайындық керек. Оған қоса физикалық, техникалық, психологиялық тұрғыдан дайын болуы шарт. Сондай-ақ үздiксiз жаттығу жұмыстарын жасап тұрудың артықшылығы жоқ.
    –             Әңгiмеңiзге рақмет!
     Әңгiмелескен
     Руслан Меделбек.
     
    Түйiн:
    Әсiлi, велоспорт қазақ балаларына бокс, күрес сынды етене жақын емес. Әйтсе де, Винокуровтың Сидней олимпиадасындағы күмiс жүлдесiн еске алсақ, неге бұл спорт түрiнен алтын олжаламасқа деген сауал туындайды. Бұл күндерi “Астана” велоклубы  түрлi жарыстарда олжа салып, қазақ атын аспандатып тұрғаны баршаға аян. Ал оның құрамында негiзiнен легионерлер жүргенiн ескерсек, намысыңды өзгелер қорғап жүргенге қынжыласың. Қазақ: “Бұлақ көрсең көзiн аш” дейдi. Бiз келешекте осындай Мақсат сынды қара көздерiмiз ел жүгiн өз арқаларына артады деген сенiмдемiз!
  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments 2 комментария

  • Quote

    Жарайсың Мақсат алған бетіңнен қайтпа болашақ қазақ жстарының қолында деген үмітті әрқашан ақтап жүр. Ақжол!!!
    Тур де Франста өзіңде болашақта көрсек деген үміт бар ел сенімін жоғалтпа!!!

  • Quote

    жарайсың

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание