Қызылорда облысының әкімі А. Кашечкинмен «Байқоңыр» брендін дамытуды талқылады

    • Filled in News in Kazakh 15 Октябрь 2015 в 1:17, author: Sake
    • Views: 3 643.

    20151014122242

    Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев велошабандоз, «Сaspian Serviсe» компаниясының құрылтайшысы Андрей Кашечкин және испаниялық «ESCATO GROUP» компаниясының өкілдері Хосе Льюис пен Лукас Кокерамен кездесті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

    Кездесу барысында «Байқоңыр» брендін насихаттау және Байқоңыр қаласының туристік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

    Андрей Кашечкин UCI санатындағы велотопты құру, Қазақстанда туризм саласын дамыту, Байқоңыр қаласын бүкіл әлемнен туристер келетін орталық ретінде қалыптастыру және инвестицияларды тартатын «Байқоңыр» жобасын таныстырды. Ол имидждік жобаларды жүзеге асырумен айналысатын  «ESCATO» компаниясымен бірлесе «Байқоңыр» брендін әлемдік деңгейде танытпақ.

    «Туған еліме қайтып келгенде әрқашан кеудемді қуаныш кернейді. «Байқоңыр» брендін насихаттауға қуана-қуана үлес қосамын», - деді Андрей Кашечкин.

    «Біз қол қусырып отырмай белсенді түрде инвесторларды шақырамыз және халықаралық қаржы институттарымен бірлесе жұмыс жасаймыз. Және де облысымыздың туристік әлеуетін арттыруға мүдделіміз. Сіз Байқоңырда насихаттауға ықпал етуге қызығушылық білдіргеніңіз үшін өте қуаныштымыз», - облыс әкімі Қ.Көшербаев.

    Сондай-ақ, аймақ басшысы делегация мүшелерін қараша айында өтетін Байқоңыр инвестициялық форуымына қатысуға шақырды.

    20151014122313

    Қызылордадан шыққан спортшы, Бельгиядағы велосипед  Академиясының негізін қалаған Андрей Кашечкин қазір жаһандық «Байқоңыр» жобасын қолға алды.   Андрей  Кашечкиннің айтуынша, жобаның бір тармағы Қазақстанның жаңа велокомандасын құру болса, екінші бағыты - Байқоңыр қаласын әлем туристері ағылатын ортаға айналдыру.

    «Бастама - жаһандық жоба, бұл жоба аясында ««Baikonur team» деген велокоманда құрып, оны қазақстанның велошабандоздарымен жасақтағым келеді. Сонымен қатар, елдегі туризмді дамытып, Қазақстанның имиджін насихаттау көзделіп отыр. Менің ойымша, Байқоңыр әлем бойынша атақты қала, бірақ, оның қай елде, Қазақстанның қай облысында орналасқанын жақсы біле бермейді. Міне, осы жоба арқылы, жаңа велокоманда арқылы Байқоңырды әлемдік туризмнің ортасына айналдырғым келеді», - дейді А.Кашечкин.

    «Baikonur team» велокомандасы қазір құрылып жатыр, ал, ресми таныстырылымы 2016 жылға жоспарланып отыр.

    «Жалпы, спорттың қай саласы болмасын, жаңадан команда құру оңай шаруа емес. Мықты спортшыларды тауып, оларды командаға тарту бір бөлек те, команданы әлемнің аренасына шығару өз алдына үлкен жұмыс. Жүйелі тәртіппен, қажырлы еңбек арқылы ғана команданы таныта аламыз. Бір айта кетерлігі, осы велокоманданың негізгі құрамы қазақстандық спортшылардан құралады, себебі, легионерлерге ғана үміт арту қиын болады. Спорттағы тәртіп бойынша, легионерлер келісімшарт біткен соң, команданы тастап кете береді, ал Олимпиада ойындары немесе Әлем чемпионаттарына Қазақстанның өз спортшылары ұпай жинау керек»,-дейді А.Кашечкин.

    Әзірге, «Байқоңыр» жобасы Испанияның ESCATO GROUP және Монаконың CASPIAN SERVICES компанияларымен әріптестік орнатқан. Қызылорда облысының әкімдігі мен «EXPO-2017» компанияларымен келіссөздер жүріп жатыр.

    ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments (1)

  • Quote
    #1 by Sake Kazakhstan (Editor) on 15 Октябрь 2015, 13:18:

    Қазақстандық тағы бір велокоманда құрылып жатса мынау керемет жаналық!

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание