Көш басында – қос дүлдүл

    • Filled in News in Kazakh 16 Июль 2010 в 6:36, author: Sake
    • Views: 2 854.

    Велоспортшылар үшін мәртебесі бәрінен жоғары «Тур де Франс» көпкүндігі бел ортасынан асты. Көпкүндіктің бірінші жартысына қарап, аламан бәйгенің әрі қарай қалай өрбитіндігіне болжам жасай беруге болатындай.

    Дәл қазір «Тур де Франс» көпкүндігінің бас бәйгесін екі-ақ саңлақ сарапқа салатындай. Олар – қазақстандық «Астана» велоклубы үміт артып отырған Альберто Контадор мен Данияның «Саксобанк» клубы үкілеп қосқан Энди Шлек. Әзірше Люксембург дүлдүлі, яғни ағайынды Шлектердің кішісі жалпы есепте 41 секунд алда тұр. Сонымен қатар Испания қыраны Альберто Контадорға қарағанда ширақтау сияқты да. Бірақ әккі Контадордың бір саусағын бүгіп, тізгінін тартып жүруі де мүмкін. Тіпті ол «көшбасшылық сары жейдені киіп жүргеннен гөрі, басты бәсекелесіңнің өкшесін басып жүрген пайдалырақ» деп, өзінің ішкі ойы мен есебінің шет жағасын білдірген де.

    Сегізінші кезеңдік жарыста Шлек топ жарып, Контадор оның ізін басып, екеуі де көшбасшыға мейлінше тақай түсті. Ал тоғызыншы кезеңдік жарыста дәл қазір бұл екеуінің деңгейі мен спорттық баптары өзгелерден біршама жоғары екендігі тайға таңба басқандай болып байқалды. Осы кезеңдік жарыстан соң екеуі үзеңгі қағыстыра көш бастап, өзгелерден қара үзіп кетті. Әзірше әліптің артын тосып, бір-бірінің әр қимыл-әрекеттерін аңдуда. Екеуінің де өз ойлары мен жоспарлары бар екендігі анық. Тек қайсысының күш-жігері оза шабады, оны алдағы күндер мен жарыстар ғана көрсетеді. Шлек жастау, ал Кантодордың тәжірибесі молырақ.

    Ал аты аңызға айналған Лэнс Армстронг бұл екеуіне ілесе алар емес. Қанша айтқанмен, жасы келіп қалды, биыл 39-ға толады. 25-тегі Шлек пен 28-дегі Контадормен жарысу оңай болсын ба?!

    Осыған орай, «Радиошэк» клубы Леви Лайфаймерді алға сүйремек сияқты. Бірақ Леви де ауыздарымен құс тістеген Шлек пен Контадорға жете алар емес. Сондықтан бұл команда әрбір кезеңдік жарыста жеңіске жетіп, аттарын шығаруға бел буғандай ма деп қалдық. Оныншы кезеңдік жарыстағы Серджио Паулиньоның жеңісі осындай ойларға итермелейді. Мүмкін, енді команда серкелері үшін еңбек етіп, бақтары байланып жүрген Паулиньо сияқты талантты жігіттерге мүмкіндік берілер. Естеріңізде болар, Паулиньо былтыр Контадордың осы көпкүндікте жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосқан.
    Әрине, Контадор жеңіске жетіп, мерейімізді тасытып жатса, жаман емес. Нұр үстіне нұр. Әйтсе де, Александр Винокуров сияқты өз жігіттерімізді де жеңіс тұғырынан көргіміз келеді. Винидің де ойы осындай ма, әйтеуір, тоғызыншы кезеңдік жарыста бірнеше мәрте тіс қаққан тарландардан қашып кетуге әрекет жасап көрді. Бірақ алысқа ұзап кете алмады. Контадордың жеңіске жетуіне жағдай жасауды ойлай жүріп, өзі де бір кезеңдік жарыста бірінші орынды иеленуді теріс көрмейтін сияқты.

    Газетіміздің осы саны қатталып жатқанда, «Тур де Франс» көпкүндігінің 11-кезеңдік жарысы басталды. Ал оныншы кезеңдік жарыстан кейінгі «Астана» клубы велошабандоздарының жалпы есептегі көрсеткіштері төмендегідей:

    1. Э.Шлек (Люксембург, Team Saxo Bank) – 49:00:56
    2. А.Контадор (Испания, «Астана») – 0:00:41 (одан 41 секунд қалыс)
    3. С.Санчес (Испания, Euskaltel-Euskadi) – 0:02:45
    4. Д.Меньшов (Ресей, Rabobank) – 0:02:58
    …6. Л.Лайфаймер (АҚШ, Radioshack) – 0:03:59
    … 14. Александр Винокуров (Қазақстан, «Астана») – 0:06:31
    …53. Даниэль Наварро (Испания, «Астана») – 0:40:55
    …60. Паоло Тиралонго (Италия, «Астана») – 0:46:25
    …93. Бенджамин Новаль (Испания, «Астана») – 1:07:17
    …97. Максим Иглинский (Қазақстан, «Астана») – 1:11:09
    …114. Андрей Гривко (Украина, «Астана») – 1:18:53
    …127. Давид Де ла Фуэнте (Испания, «Астана») – 1:23:21
    …174. Хесус Эрнандес (Испания, «Астана») – 1:49:07
    …177. Дмитрий Муравьев (Қазақстан, Radioshack) – 1:55:00.

    Нұрғазы Сасаев

    "Алашайнасы" газеті

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments (1)

  • Quote
    Rakhimzhan Kazakhstan on 30 Июль 2010, 03:30:

    ?Alberto, porque tu dejaste nuestra ciclista partida? !Vuelve, por favor!
    !El que mas y el que menos de los todos Qazaqstan jente — queremos si tu volvieres a Astana! !Queremos muchisimo!
    ?Es possible, que tu salida es por una competencia entre tu y Armstrong?
    Soy un porra Qazajo!

    Осы хатты Контадорға жіберуіңізді сұраймын!

    May this letter be sent directly to Alberto!

    P.S. I love you all! Viva Astana!!!

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание