Контадордың басына бұлт төнді

    • Filled in News in Kazakh 10 Ноябрь 2010 в 5:28, author: Sake
    • Views: 2 045.

     Биылғы күз айларына дейін еліміздің «Астана» клубының намысын қорғаған испан дүлдүлі Алберто Контадордың басына бұлт төніп, жағдайы тығырыққа тірелді.

    Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) Контадорды «жазықты» деп тап­қан­дай. Өздеріңіз білесіздер, испан вел­о­ша­бан­дозының ағзасынан кленбутерол табыл­ған. Тиісті нормадан аз болса да, допин­гке қарсы орталық (WADA) оның соңына майшам алып түскен. Артынан «гемотрансфузия әдісімен (өз ағзасына қан құю жолымен) допинг қолданған» деген күдіктің шеті қылтиды. Дүйсенбі күні Халықаралық велосипедшілер одағы Испания велоспорт федерациясының Конта­дорға қатысты өз шешімін шығаруын (шара қолдануын) талап етті.

    Енді Халықаралық велосипедшілер ода­ғының допингке қарсы ережелері бойын­ша Испания велоспорт федерациясы Контадорға қатысты өз шешімін шығаруы керек. Бұған бір ай уақыт беріледі. Нақты мерзімі – 8 желтоқсанға дейін. Осы бір ай ішінде Испания федерациясы қандай да бір шешім қабылдауға міндетті. Әйтпесе, өздеріне қомақты сомада айыппұл салы­нады. Бірден емес, әрине. Бұл – ұзаққа со­зылатын дау-дамай. Егер Испания феде­ра­­циясы ешқандай шара қолданбай, Кон­та­дорды жауапқа тартпаса, онда бұл мәселе Жоғары спорттық арбитражда (тө­ре­лікте) қаралатын болады. Мұның келе­сі жылдың аяғына дейін созылуы мүмкін. Яғни Контадор бір жылын бостан-бос жо­ғал­­та­ды. Себебі Халықаралық вело­си­пед­ші­лер одағы оның өз тулары астында өтетін вело­жа­рыстарға қатысуға рұқсат бермейді. Қазір­дің өзінде тыйым салып отыр. Егер осы бір айдың ішінде қандай бір шара қол­да­нылмаса, онда UCI-дің допинг­ке қарсы ережелерінің 280-бабына сәйкес, Испания федерациясы осы мерзімнен асып кеткен әрбір апта үшін 5000 швейцар фран­кі көлемінде айыппұл төлейтін бола­ды.

    Бұл ереженің шетелдік басылымдарда жарық көрген жалғасына көңіл аударсақ, егер үш ай ішінде Испания федерациясы ешқандай шара қолданбаса, онда UCI Жоғары спорттық арбитражға шағым түсі­реді. Бұл дегеніңіз – қып-қызыл шығын. Осы дау-дамайға қатысушы тараптардың бәрінің барлық шығынын Испания феде­ра­циясы төлейтін болады. Басқа-басқа, бірақ Испанияның аузы күйген, мұндай жағдайдан. Алехандро Вальверденің ісін осылай ақыр соңына дейін созып алып, бәрібір UCI өз дегеніне жетіп тынған. Вальверде 2012 жылға дейін велоспорттан аластатылған. Жалпы, іс насырға шауып, UCI Жоғары спорттық арбитражға дейін жететін болса, Испанияның да, Конта­дор­дың да ұтары аз.

    Ал егер Испания федерациясы Конта­дорды жазықты деп, жазаға тартатын бол­са, онда да ұтары шамалы. Ең сорақысы, Контадор онда мәртебесі бәрінен жоғары «Тур де Франс» көпкүндігіндегі үшінші жеңісінен айырылып қалады. Яғни 2010 жылғы «Тур де Франс» көпкүндігіндегі жеңісі жоққа шығарылады. Содан соң Конта­дордың кем дегенде бір жылға (әйт­песе екі жылға) велоспорттан аластатылуы да мүмкін. Нағыз кемеліне келген шағында (27 жасында) тұсауланып, үйінде қол қусырып отыруы керек. Бұл нағыз «былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледінің» кері. Тайқып кетер жол жоқ. Не бүк, не шік болу керек.

    Әрине, Контадор «Тур де Франс» көпкүндігіндегі үшінші жеңісінен айырылып жатса, «Астана» клубына да жақсы атақ келмес. Негізі, велоспорт әлеміндгі осын­дай дау-дамайлардың бізге беймәлім тұстары көп. Кім кімге жақпай қалды, кім ұтады, кім ұтылады – бәрі де белгісіз. Біздің білеріміз, Қазақстан велоспорт феде­рациясы мен «Астана» клубының да UCI-мен дәм-тұзымыз жараспай, Алек­сандр Винокуров пен Андрей Кашечкин біраз уақыт велобәйгелерден тыс қалған. Яғни біздің де аузымыз күйген.

    Автор: Нұрғазы Сасаев

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments (1)

  • Quote

    Контаның болашағы зор! тағылған айыптың орнын шаю үшін уақытта болады.Сабур, күш қайрат болсын тек!

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание