«Контадор кетеді» деп даурықпайық

    • Filled in News in Kazakh 31 Июль 2009 в 12:35, author: Sake
    • Views: 2 435.

    Дәл қазір қазақстандық спорт жанкүйерлерінің аузынан «Астана» клубы мен Альберто Контадор түсер емес. Оның үстіне, кеше Интернет жүйесіндегі электронды басылымдар Контадордың Испания премьер-министрі Хосе Луис Родригес Сапатеромен кездескендігін әсерлеп жазып, отқа май құя түсті.

    00003

    «Тур де Франс» көпкүндігінен кейін велоспорттағы жалпы жағдай футболдағы трансфер саясатындай шектен тыс қыза түсті. Бәрін бастаған – Лэнс Армстронг. «Тур де Франс» көпкүндігінен кейін келесі маусымнан бастап RadioShack атты жаңа команда құратындығын жайып салды. Сол-ақ екен, әртүрлі болжамдар мен пікірталастар көбейді. Тіпті Армстронгтың командасына қазіргі «Астана» клубындағы бірнеше велошабандоздың ауысатындығы күні бұрын жариялана бастады. Енді, міне, Альберто Контадордың да «тәбеті» ашылған сияқты. Испания премьер-министрімен болған кездесуде Альберто да өзінің командасы болғанын қалайтындығын білдірген-мыс. Бұл тұрғыда шетелдік басылымдар «Жаңа бір Испания клубын құрған дұрыс болар еді, мен Сапатеромен де осы жайында сөйлестім» деген сөздерін жарыса жазуда.

    Алайда мұның бәрі – сөз жүзіндегі ғана іс. Негізі, Испанияда велоклуб жоқ та емес. Мысалы, жақында ғана аяқталған «Тур де Франс» көпкүндігіне Испанияның екі клубы қатысты: Сaisse d’Epargne және Euskaltel. Басқа да командалары бар. Ойлап қарасаңыз, Испания үшін жаңа команда құрғаннан гөрі, осылардың біреуін нығайта түскен дұрыс емес пе? Сондықтан бұл қара бастың қамын күйттеу сияқты.

    «Тур де Франс» көпкүндігі қарсаңында Альберто Контадордың «Формула-1» бәйгесінің тарланы, екі дүркін әлем чемпионы Фернандо Алонсомен бірігіп жаңа велоклуб құрғысы келетіндігі де мәлім болған. Бірақ оның да арты сиырқұйымшақтанып кетті. Қалай десек те, бүгін айтып, ертең жаңа команда құра салу әсте оңай іс емес. Сондықтан әліптің артын баққан дұрыс. Кеше біз ҚР велоспорт федерациясының вице-президенті, «Астана» клубының менеджері Николай Проскуринмен хабарласқанымызда, «бос сөз бәрі» деп қысқа қайырды білікті маман.

    Өз кезегімізде айтпағымыз, Альберто Контадор – әзірше «Астана» клубының мүшесі. Ресми түрде командадан кететіндігін білдірген де емес, емеурін танытқан да емес. Өйткені дәл қазір «Астана» мен Альбертоның мақсаттары да, мүдделері де бір. Екеуі де «Тур де Франс» көпкүндігінде жеңіске жетуді көксейді. «Астана» осы уақытқа дейін өздері қатысқан бәйгелердің бәрінде де жеңіске жетуді көздесе, енді Қазақстан велоспортшыларына мүмкіндік беруді ойластыруда. Велоспорт әлеміндегі мәртебесі жоғары көпкүндіктердің бәрін бағындырған «Астана» енді шетелдік велошабандоздардың санын азайтып, өз жігіттерімізді шыңдауға көңіл бөлмек. Бүкіл әлемге өзімізді таныттық, мойындаттық, енді өз спортшыларымыздың қамын ойластыру керек қой.

    Нұрғазы Сасаев

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание