Көмбеге жету қиын, қайту да мұң…

    • Filled in News in Kazakh 23 Июль 2011 в 3:39, author: Sake
    • Views: 3 520.

    «Тур де Франс» көпкүндігінің 18-кезеңдік бәйгесі Альпі сілемдерінің бірі, Франциядағы Анжель тауында өтті (биіктігі 2744 метр). 200,5 шақырымға созылған жарыс жолы үш биік шоқыны басып өтті.

    18-кезеңдік бәйгенің көмбесі Галибьеге тігілген екен. Көмбеге жету үшін велошабандоздар сүйірбұ­рышты бұрылыстармен жүйткіп, биік тауға қиялай өрледі. Осы кезеңдік бәйге биылғы «Тур де Франс» көпкүндігінің ең биік нүктелердегі жарыс болды. Содан болар, бізге «Астана» клубының спорттық директоры Дмитрий Седун велошабандоздар сөреден шықпай жатып, «бүгін жалпы есепте кімнің жеңіске жететіндігі анықталуы тиіс» деген-ді. Ал 18-кезеңдік бәйге Ита­лияның Пинероло қалашығынан басталды.

    Таңертеңгі сағат 10-ның кезінде спортшылар сөре­ден шығатын жерге бардық. Жарыс жолына шығуға дайындалып жатқан командалардың арасымен жүріп отырып, «Астана» клубының автобусы тұрған жерге келдік. Тағдырдың өзінің кезіктіргені шығар, бәрінен бұрын Максим Иглинскиймен ұшырасып қалып, сөзге тарттық. Максим бұл кезеңнің қаншалықты қиын екендігін айтып, басқа кезеңдік жарыстарға қараған­дағы ерекшеліктерін жіпке тізіп шықты. Сұрақ­тарымыздың бәріне жауап беріп, емен-жарқын ашық сөйлесті. Тіпті түсінде әйелін көргендігін де айтып жатыр. Бәріміз оған ақ жол тілеп, ыстық ықы­ласымызды білдіріп шығарып салдық. Қалған жігіт­терге де сондай қошемет көрсеттік. «Астана» клубының спорттық директоры Дмитрий Седунды сөзге тарт­қанымызда, ол:

     – «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген рас қой. Биылғы «Тур де Франста» бағымыз жанар емес. Әуелі Роман Кройцигер екі мәрте жара­қаттанып қалды. Тағы да бірнеше велошабан­дозымыз құлап, аяқ-қолдарын ауыртып алды. Одан соң Алек­сандр Винокуров мертігіп, қатардан шығып қалды. Соңғы 10 күнде Паоло Тиролонго гастрит болып ауырды. Ақыры он жетінші кезеңдік бәйгенің басында жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Сөйтіп, ол да қатардан шығып қалды. Осындай сәтсіздіктерден көз ашар емеспіз, – деп кейіді.

    Өз кезегімізде: «Жарайды, команда ка­пи­таны жарақаттанып қалды дейік, бірақ «әлдеқандай күн туса» дегендей, бас­қа­дай ішкі жоспарларыңыз болуы керек емес пе еді? Вице-капитан кім?» деп таусыла сөй­ле­генімізде:

    – Әрине, ондай ішкі ойымыз болған. Екін­­ші сайлап әкелген дүлдүліміз Роман Кро­йцигер еді. Бірақ ол Винокуровтан бұ­рын жа­ра­қат­та­нып қалып, оңала алмай қойды. Тиролонгоның жағ­дайы – анау. Ауы­рып, іш құрылысымен қайғы болды. Иглинский мен Фофонов та қол­дарын жа­ра­­қаттап алған. Осылай ішкі жос­па­ры­мыз­дың күлі көкке ұшты. Әйтсе де намысты қол­дан бермек емес­­піз. «Үмітсіз шай­тан» дегендей, үмі­ті­міз­ді жоғалтқан жоқ­пыз, әлі, – деп жауап бер­ді.

    Сонымен, Пинероло көшелеріне жи­нал­ған қарақұрым халық сөреден шыққан ве­ло­с­портшыларға құдды батырларын жо­рық­қа аттандырып салғандай қошемет көр­сетіп, түрегеп тұрып қол соғып, жарыс жо­лына шығарып салды. Ал біз машинаға оты­­­рып, көмбе тігілген жерге қарай тарт­тық.

    Жол-жөнекей «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары Дар­хан Қалетаев пен «Астана» велоклубының ком­мерциялық директоры Айдар Мах­метовті кездестірдік. Содан соң жол бойына киіз үй тікпесе де, қос тігіп, көк байрағымызды бірнеше жерден желбіретіп, велос­порт­шы­ларымыздың тілеуін тілеу мақсатында туған елден ат арытып келген жерлестерімізбен жо­лықтық. Тоқтап, сәлем беріп, мәре-сәре бол­дық та қалдық. Араларында Александр Ви­но­куровтың әкесі де жүр.

    Бір-бірінің аңдысын аңдып, үзеңгі қа­ғыстырған велоспортшылардың алдын орап, Галибьеге жеткенше бірталай уақыт болды. Дәл сол кезде өзіміз ақ жол тілеп, жа­рыс жолына шығарып салған Максим Иг­линс­кий көш бастап келеді екен. Демімізді ішімізге тартып, үлкен экранға телмірдік. Тақы­мы­мыз­ды қысып, дегбіріміз қашты. Өкінішке қарай, ағайынды Шлектер бастаған шағын топ оны көм­беге тақағанда қуып жетті. Макс та беріс­пей, біразға дейін Энди Шлектің соңынан қал­май қойып еді, алайда соңғы шоқыға шығарда титықтап қалып, алдына он адамды жіберіп алды. Ал Энди Шлек мәре сызығын өзгелерден 2 минуттан астам уақыт бұрын қиып, жалпы есепте То­мас Феклерге мейлін­ше тақай түсті.

    Биік таудың басына жиналған халықта есеп жоқ. Сондықтан кері қайту мұң болды. Тар жолға автокөліктер кептеліп, жүрісіміз өнбей қойды. Өзіміз түнейтін 140 шақырым қашықтықтағы қонақүйге жеті сағат жүріп, әзер жеттік. Түн жарымда орналасып, мақала жа­зуға кірістік...

    Автор: Нұрғазы Сасаев, арнайы «Алаш айнасы» үшін Франциядан

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание