Кек сақтамайтын саңлақ

    • Filled in News in Kazakh 8 Апрель 2010 в 11:38, author: Sake
    • Views: 1 955.

    dsc_2004

    Александр Винокуров. Талай жеңіске жетіп, талай қиындықты бастан өткерген біртуар велосаңлағымыздың спорттық ғұмырына досы да, жауы да қызыға, һәм қызғана қарайтыны даусыз.

    Тұғырға көтерілгенде кеуде қақпаған, қиындыққа ұшырағанда еңсесін түсірмеген саңлағымыз әрқашан қазақ спорты үшін тер төгіп келді. Жасы 37-ні алқымдаса да, велосипед ершігінен әлі түсер емес. Бүгінде Вини өзі үшін емес, жастар үшін жарысқа түсуде. Кезінде өзіне грегари болған жігіттерге су тасып тұрудан да арланбайды. Оның бүгіндегі мақсаты – тұғырға өзін емес, өзге жерлестерін көтеру. Міне, өзіне осындай міндет жүктеген сайыпқыранымыз велоспорт төңірегінде тағы бір рет әңгімелесуден бас тартқан жоқ.

    – Саша, бүгінде сіздің жарыстарда өзіңіз үшін емес, жастар үшін жұмыс істеуге бел буғаныңызды білеміз. Жас командаластарыңызға грегари болуға неліктен бел будыңыз? Бұл қадам жеңістен шаршағандығыңызды білдірмей ме?

    – «Жеңістен шаршадым» дейтін спортшы жоқ шығар, сірә?! Мен де жеңістен шаршаған жоқпын. Бірақ жастарға жол беретін кез жеткен тәрізді. Бізде дарынды жастар көп. Соларға қол ұшын беруден қашпаймын. Мол тәжірибемді соларға сіңіріп, солардың жаза басуына жол бермей, жөн сілтеп отырсам деймін. Қай кезде керек болсам, сол кезде кез келгеніне грегари бола аламын. Мұны мен ұят санамаймын. Қайта көмегім тигеніне қуанамын.

    – Сіздің спорттық ғұмырыңызда қиын кезеңдер аз болған жоқ. Солардың ішінде өзіңізге ең ауыр тигені қайсысы?

    – Рас, талай қиын кезеңдерді бастан өткердік. Бірақ ішіндегі ең ауыры ретінде өзімнің жақын досым Андрей Кивилевтан айрылып қалған кезімді айтар едім. Андрей менің жан досым болған. Әттең, жарыс жолында жазым болды. Мен досымның қазасын өзіме ауыр қабыл алдым. Біраз уақытқа дейін есімді жия алмай жүрдім. Ал спорттық ғұмырымдағы екінші қиын кезең ретінде 2007 жылғы допингтік дауды айтар едім. Шыны керек, екі жыл спорттан аластатылғаныма емес, жазықсыз жапа шеккеніме күйіндім. Егер допинг қабылдағаным үшін спорттан аластатса, бұлай күйінбес едім.

    – Бұл үшін кімді кінәлі санайсыз?

    – Мен кек сақтамайтын адаммын. Табиғатым ондайға жат. Өзімнің ақ екенімді дәлелдей алмасымды білген сәтте өз-өзімді, «жарайды, не де болса, басқа салғанын көрермін. Бәлкім бұл да бір сынақ шығар» деп жұбаттым да қойдым. Дегенмен, бұл қиындықтардың барлығы мені одан бетер қайрай түсті. Енді мен бұрынғыдан да тәжірибелі бола түскендеймін.

    – Сол оқиғадан кейін басыңызға үлкен спортпен біржола қоштасу туралы ой келген жоқ па?

    – Ең бірінші ойлағаным сол болған. Алайда қатардан ерте сызып тастағандарын дәлелдегім келді. Егер сол кезде асығыстық шешім қабылдағанда жанкүйерлерім мені шынымен де допинг қабылдады деп ойлап қалуы мүмкін еді. Сондықтан барлығын ой елегінен өткізген соң, спортқа қайта оралу туралы шешім қабылдадым.

    – Бүгінде сіз велоспорттың төрінен қайта орын алдыңыз. Сіздің үлкен спортқа оралуыңызды велоспорт әлемі қалай қабыл алды?

    – Өткен жылдың тамызынан бері біраз уақыт өтті. Содан бері өз тарапыма ешқандай теріс сөздер естіген емеспін. Қайта жанкүйерлердің барлығы менің спортқа қайта оралғанымды қуана қабыл алған сияқты. Әлі де бұрынғыдай танымалмын, әлі де бұрынғыдай құрметтімін. Өйткені менің кінәлі емес екенімді жұрттың барлығы біледі.

    – Жылдың бас бәйгесі «Тур де Франс» көпкүндігіне қатысу мүмкіндігіңіз қалай?

    – «Тур де Франсқа» қатысып, командамның жеңіске жетуіне септігімді тигізгім келеді. Бірақ қатысатыныма әлі де 100 пайызға сенімді емеспін. Бәрі де ұйымдастырушыларға байланысты. Дегенмен өз басым, мәртебелі көпкүндікке қатысуға құқығым бар деп ойлаймын.

    – «Тур де Франс» көпкүндігінде команда көшбасшысы Альберто Контадорға көмектесесіз ғой…

    – Иә, басты міндетім – Контадорды алға сүйреу болмақ. Егер Альбертоның «Тур де Франстың» үш дүркін жеңімпазы атануына өз үлесімді қоса алсам, онда бүгіндегі мақсатымның орындалғаны деп білемін. Сондай-ақ «Астана» командасын да әрқашан алға сүйреп, жыл соңында ең үздік ұжым атануына септігімді тигізгім келеді.

    P.S. Осы сұхбатты дайындауда көмектескен «Астана» клубының баспасөз қызметі мен Татьяна Бендзге алғыс айтамыз.

    Дайындаған Әзиз ЖҰМАДІЛ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments (1)

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание