ҚАЗАҚ ВЕЛОСПОРТЫНЫҢ МАРЖАНЫ

    • Filled in News in Kazakh 17 Март 2012 в 12:09, author: Dina Iskakova
    • Views: 3 849.

    Маржан Байтілеуова – Азия чемпионы! Қазақ қызының шайтанарбамен құстай жүйткіп, сары құрлықты мойындатады деп ойламаған Алаш жұрты. Тіпті, біз үшін қыздар арасындағы бәйгелерде Қазақстанның жалауы желбірейді деудің өзі арман еді. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын әлгі Ресей жұртынан Зүлфия Забированы алдырдық. Басшылар «Атлантада алтын алды» деп әспеттеген болар. Бірақ Забированың бітіргені шамалы. Тек Дохадағы Азия ойындарында күміс медаль алды демесеңіз… Бірақ көрер қуанышымыз бар екен. Маржанның Азия чемпионатында оза шауып, алтын медаль алған сәтінде қазақ жұрты бөркін аспанға атты…

    Маржан Азия чемпионатында. Малайзия, 2012 жыл

    Маржан велосипед ершігіне мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ отырған. Өзі туып-өскен Талғардың трассаларымен зымырап, күніне үш-төрт сағатын жаттығуға арнайтын. Басында ершікке отыру тек ерлердің ісі деп ата-анасы қарсы шыққан көрінеді. Бірақ Маржан қыз «болашағымды спортпен байланыстырамын» деп қоймаса керек… Сол сәтте әкесі өз келісімін беріп, ақ жол тілепті. «Менің жеңісіме әкем сенді. Әлі есімде, кішкене кезімде «балдырған» деген кішкене үш аяқты велосипедім болған. Көшеге теуіп шығып кететінмін. Анам машинаның астына түсесің деп шыр-пыр болатын. Баланың ойы далада ғой қашанда. Кейін өсе келе әкем екі аяқты кеңестік кезеңнің велосипедін сатып әперді. Шынымды айтайын, сол күннен бастап әлгі велосипед менің жан досыма айналып шыға келді. Бір жері бұзылып қалса өзім жөндеп алам, майлау, жуу деген мен үшін күнделікті жұмысым. Бір қызығы, велосипедтен бөлек футбол, волейбол ойнауға да қызықтым. Үй ішім осы қыз спорттың түбінде кетеді деуші еді. Сол болжамдары дәл келді», – деп жымиды Маржан.

    Маржан Байтілеуованың есімі енді жанкүйерлерге етене таныс. Әр жарыс сайын оның жолына үмітпен қарайтындар көбеймек. Маржанның өзі Инчхондағы Азия ойындарында алтын алсам деп мақсат қойып отыр… «Ірілі-ұсақты жарыстарда топ жарды демесеңіз, маған Азия чемпионатында топ жару арман болған еді. Оның үстіне халықаралық аренаға алғаш шығуым ғой. Қарсыластарымды да танымаймын. Жеңіске жеткен сәтте қуанышымда шек болмады. Құттықтаудан құттықтау… Кешкісін қонақүйде алтын медаліме қарай берем, қуанғаннан ғой… Жалғассын деп жүлдемді тістеп те қоямын…».

    Маржан Азия біріншілігінде гонконгтық Яо Пангті және тайпейлік Ю Джу Линді артта қалдырды. Ол 76 шақырымдық топтық жарыста мәреге бірінші болып келді. Бұл қашықтық олимпиадалық бағдарламаға кіреді. Демек, Маржанның жолына  үмітпен қарауымызға болады. Қазақ қызы Рио-де-Жанейроға барып жатса қане…

    «Қазір Семейдегі арнайы колледжде білім алып жатырмын. Мамандық артықтық етпейді. Жалпы, үйде көп болмаймын. Астанада жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Мәскеуде арнайы оқу-жаттығуға аттанам енді. Жүлденің дәмін таттым. Енді мені тоқтату қиын. Әр жеңіс тәтті. Жеңіске жете берсем деймін. Бұл әр спортшының арманы емес пе?»

    Шын мәнінде Маржанда бос уақыт аз. Күнінің жартысы велосипед тебумен өтеді. Қыдыруға да уақыт тапшы. «Бір күндік жаттығудың уақытын бұзсаңыз бәрі бүлінеді. Ал, қолым қалт етсе музыка тыңдаймын. Шет тілдерін үйренгенді жаным жақсы көреді. Кейде өзім ойлаймын, велоспортшы болмағанда аудармашы болар ма едім деп. Бірақ ершікке отырдым. Енді өмірімді тек осы спортпен ғана байланыстырмақпын».

    Жаттығуда

    Маржанның жеке жаттықтырушысы Светлана Тарасова бүгінде шәкіртінің жетістігіне дән риза. «Жеңіске жеткен күні менің қуанышыма ортақтасып бүкіл Қазақстанның шулап жатқанын интернеттен оқып қатты толқыдым. Бір жағынан қысылдым да. Қаншама жұрттың жолыңа үмітпен қарап отыратынын түсіндім. Осы жайт мені қатты толғандырады…», – дейді Маржанның бапкері С.Тарасова.

    Руслан МЕДЕЛБЕК

     

     

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments 3 комментария

  • Quote
    #1 by Dina Iskakova Kazakhstan on 17 Март 2012, 00:32:

    Қазақ спорт журналистері арасында велоспорт тақырыбына жазатын әріптестерім көп емес, солардың қатарына дарынды жас журналист Русланның қосылғанына қуаныштымын. Қаламың қарымды болсын!

  • Quote
    #2 by Zhake Kazakhstan on 18 Март 2012, 23:13:

    Руслан, тағы да қызықты жаңа мақалалар күтеміз!

  • Quote
    #3 by Tima taraz Kazakhstan on 23 Март 2012, 15:27:

    красавица наша 😀

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание