Франциямен санаспасқа болмады

    • Filled in News in Kazakh 20 Октябрь 2009 в 10:38, author: Sake
    • Views: 3 127.

    sport1

    Шамамен бір ай бұрын «Астана» велокомандасының тізгіні италиялық маман Джузуппе Мартинеллидің қолына ұстатылғаны туралы жаңалық бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарын дүрліктірген болатын. Алайда бүгінде шетелдік баспасөз өкілдері қазақстандық велокомандаға басқа менеджердің келгенін жарыса жазуда. Бельгиялық маман Йохан Брюнельден босаған бұл орын француз мсьесі Ивон Санкерге бұйырды.

    Үміткерлерден үлес…

    Ашығын айту керек, бүгінде «Астана» «ауылынан» келетін ақпараттардың жиі өзгеріп отыратыны соншалық, біраздан соң не боларын білмей, мақала жазғанда да қаламымызды тартып отыратын халге жеттік. Басқасын былай қойғанның өзінде, бас менеджерлікке біраз маманды сырттай тағайындап, біразымен келісімшартқа отырып та үлгердік. Мәселен, ең алғашында бұл жауапты қызметке өзіміздің саңлақ Александр Винокуров ұсынылды. «Астана» басшылығы өз спорттық ғұмырында біраз белестерді бағындырған сайыпқыранымыздың тәжірибесіне сенім артып, «Вини – әрі менеджер, әрі шабандоз болады» деп шешкен-ді. Алайда олардың көзқарасы Халықаралық велоспорт қауымдастығы (USI) басшыларының пікірімен сәйкеспеді. Одан кейін Александр Шефердің кандидатурасы қаралған. Бірақ Шефер бұдан әрі де спорттық директор қызметін атқара беретін болып келісілді. Сөйтіп, бас менеджерлікке кімнің кандидатурасы лайық екенін анықтай алмай жүргенде, USI-дің өзі бізге бағыт беріп, голландиялық Тео де Ройдың кандидатурасын ұсынды. Жалпы, велоспорт әлемінде де Ройдың беделі жоғары болатын. Соңғы рет голландиялық «Раббобанк» велоклубының менеджері қызметін атқарып, біраз белестерді бағындырған. Алайда неге екені белгісіз, де Ройды «Астана» басшылығы өз қатарына қосқысы келмеді. Оның орнына италиялық маман Джузуппе Мартинеллиді лайық деп тауып, тіпті онымен келісімшартқа отырмақшы да болған.

    – Синьор Мартинелли – адамгершілігі өте жоғары, велоспорт әлемінде беделі орасан маман. Ол алдымен команданы бір жыл жаттықтырады. Егер «Астана» лайықты өнер көрсетіп жатса, келісімшартты тағы екі жылға ұзартамыз, – деп ағынан жарылған болатын сол кезде Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Николай Проскурин.
    Бірақ италиялық синьор команданы бір жыл емес, бір ай да баптаған жоқ. Николай Абрамұлының сөзіне сенсек, Мартинеллидің кандидатурасына тағы да сол USI-дің өзі қарсы болыпты. Сөйтіп, Халықаралық велоспорт қауымдастығы бізге француз маманы Ивон Санкерді ұсынды.

    – Джузуппе Мартинеллимен келісімшартқа отырмақ болғанымыз рас. Тіпті қажетті құжаттарды да дайындап қойған болатынбыз. Алайда Мартинеллидің кандидатурасы халықаралық велоспорт қауымдастығы басшыларына ұнамады. Сондықтан олар бізге француз мсьесі Ивон Санкерді ұсынды. Жалпы, біз оны сырттай танимыз. Өте білікті маман. Байланыстары да жетеді. Ал велоспортта қанша білікті болсаң да, егер керек адамдармен қарым-қатынасың болмаса, жақсы нәтижелерге жете алмайсың, – деп түсіндірді Николай Проскурин.

    Мсье Санкерге  сенім арттық

    Сонымен Ивон Санкер – «Астана» велоклубының жаңа бас менеджері. Ол туралы біз не білеміз? Қолымызда бар деректерге сүйенсек, Санкер 1998 жылға дейін «La Mutuelle de Seine et Marne» велоклубында спорттық директор қызметін атқарған екен. Алайда допингтік дауларға байланысты команда ыдырап кеткеннен кейін, оны әйгілі «Фестина» велоклубы өз қатарына шақырып, спорттық директор болуды ұсыныпты. Сөйтіп, Санкер «Фестинада» 1999 жылдан 2001 жылға дейін қызмет атқарған. Айта кетейік, бұл командада сол жылдары қазақстандық велошабандоз, марқұм Андрей Кивилев те өнер көрсеткен.

    Жалпы, мамандардың айтуынша, Ивон Санкер команданы өзіміздің саңлақ Александр Винокуров пен испандық майталман Альберто Контадорға жұмыс істейтіндей етіп жасақтайды. Дегенмен соңғы кезде жанкүйерлерді бір сұрақтың мазалап жүргені жасырын емес. Лэнс Армстронгтың отандастары американдықтар бізді бұрыннан жақтырмайтыны белгілі. Йохан Брюнель кеткеннен кейін Бельгия да бізге жылы қабақ таныта қоймас. Альберто Контадор ғана ұстап тұр, әйтпесе испандықтар да аяқтан шалуға дайын тұр десек, артық айтқандығымыз емес. Ал француздармен қайдам, италиялықтармен қатынасымыз жаман емес болатын. Синьор Мартинеллимен келісімшартқа отырсақ, «Джиро д’Италия» көпкүндігі біздің қолымызда болады деушілер де көп болғаны жасырын емес. Алайда Джузуппе Мартинеллидің қызметінен бас тартқаннан кейін Италиядан да жау тауып алған жоқпыз ба? Бұл сұраққа «Астана» вице-президенті былай деп жауап берді.

    — Мартинелли бас менеджер болмағанымен, «Астанадан» кетпейді. Ол командада спорттық директор қызметін атқаратын болады. Айта кетейін, бүгінде «Астанада» бес спорттық директор бар. Ал жасыратыны жоқ, жауларымыз аз емес, бірақ сіз атаған мемлекеттер аяғымыздан шала қояды деп ойламаймын.

    Десек те, бойымызға сіңіп қалған әдет – қай шешімді болмасын, ең соңында қабылдайтындығымызға бұрынғы бапкер Йохан Брюнельдің миығынан күліп кеткені ақиқат. Басқа-басқа, команданы алға сүйрей алатын тәжірибелі маман таба алмай жатқанымызға Брюнельдің одан бетер күлетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан, ең бастысы, бас менеджер тағайындаудан қателеспегеніміз абзал. Бұл тұрғыда Ивон Санкер ұятқа қалдырмайды деп сенеміз.

    Николай ПРОСКУРИН,  Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті:

    – USI-дің Мартинеллидің кандидатурасына не үшін қарсы болғанын білмедім. Бірақ Ивон Санкердің келгеніне өте ризамын. Ол осы уақытқа дейін халықаралық велоспорт қауымдастығының әртүрлі ұйымдарын басқарып келді. Бір сөзбен айтқанда, USI-дің адамы деуге болады. Біз Санкермен екі жылға келісімшартқа отырдық. Ал тағы бір айта кетерлігі, келесі жылы командада 26 велошабандоз болса, оның он үші, не он төрті қазақстандық сайыпқырандар болады.

    P.S. Веложарыс маусымының соңғы турнирін қазақстандық саңлақ Александр Винокуров керемет жеңіспен аяқтады. Франция жерінде өткен «Ұлттар кубогы» біркүндігінде жарыс қожайыны Жан-Кристоф Пероны 1 минут 7 секундқа артта қалдырып кетті. Велошабандоздарды сөреден жеке-жеке жіберетін жарыста орта есеппен сағатына 47 шақырым жүйткіп отырған Вини 48,5 шақырымдық тас жолды 1 сағат  9 милисекундта жүріп өтті.

    Азиз ЖҰМАДІЛ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание