Елисейде Эванстың айдарынан жел есті

    • Filled in News in Kazakh 26 Июль 2011 в 2:01, author: Sake
    • Views: 3 069.

    Сонымен 98 рет өткізілген «Тур де Франс» көпкүндігі де аяқталды. Жалпы есепте Австралияның 34 жастағы тіс қаққан тарланы Кэдел Эванс топ жарып, алғаш рет мәртебесі зор аламан бәйгенің жеңімпазы атанды. Люксембург саңлағы Энди Шлек үшінші жыл қатарынан екінші орынмен шектелді. Үшінші орында – оның ағасы Фрэнк.

    Альп Д'Юэздің биікке өрлеген бұраң жолы

    «Тур де Франстың» 19 кезеңдік жарысы Альп Д'Юэз тауының жоғары өрлеген бұраң жолдарында өтті. Бар болғаны 109 шақырымдық «қысқа» жарыс болса да, велошабандоздарға оңайға түскен жоқ.

    Велоспортшылардың алдына түсіп алып, көмбе тігілген таудың басына қарай өрлеп келеміз. Тар жолдың екі шетіне адамдар қаз-қатар орналасқан. Бұл күні халық күндегіден де көп сияқты. Өйткені «Тур де Франстың» тағдыры көбінесе осы тауда шешілетін. Биыл да жоғары тартқан тас жолы ирелеңдеп жатқан осы таудағы жарыс шешуші кезеңге тап келіп отыр.

    Жолдың екі шетіндегі халықтың арасынан «Астана» клубының жанкүйерлерін іздейміз. Тым көп болмаса да, аз емес. Қол бұлғап, «Ас-та-на» деп айқайлаушылар көп. Бір кезде Голландия жанкүйерлеріне тап болдық. Ерігіп отыр ма, әлде дегбірлері қозған ба, әйтеуір біз мінген екі көлікті қоршап алды. Қаумалап, өткізер емес. Өздері тым көп. Қызғылт-сары жейделерін киіп алған. Би билеп, әндетіп, тау етегін бастарына көтерді. Бәрі де тауда емес, тойда жүргендей мәз. Сытылып шығып, одан әрі өрлеп келеміз. Қос тігіп, жайғасып алғандары да көп.

    Бұл күнгі жарыста Контадор қарекет қылуға тырысты. Өкшесіне түсіп, ізін аңдыған ағайынды Шлектер мен Эванстан қара үзіп кетуге тырысты. Олардан озып кетіп, алға қара ентелеген. Алайда көмбеге жақындағанда оны француз Пьер Роллан мен өзінің жерлесі Самуэль Санчес қуып жетіп, алдын орап кетті. Сөйтіп, Контадордың ойы мен мақсатының күлі көкке ұшты. Енді оның жеңіске жете алмайтындығы белгілі болды. Ал ағайынды Шлектер мен Эванс мәре сызығын іркес-тіркес қиса, бірнеше күн бойы көшбасшы киетін сары жейдеден айырылмай жүрген Томас Фоклер ақыры шаң қапты. Оларға ілесе алмай, діңкесі құрыды. «Астана» сапынан Реми Ди Грегорио көмбеге 25-ші болып жетіп, жалпы есептегі жағдайын біршама түзеді.

    Эвансқа қанат бітіп, Шлектің шабыты шау тартты

    Осы кезеңдік жарыстан кейін кіші Шлектің жеңіске жететіндігіне шүбә келтірушілер аз болды. Енді ше? Ағасынан 53 секунд, ал Эванстан 57 секунд озық тұрды. Қалғандарын айтудың өзі артық. Мәселен, Фоклер 2 минут 10 секунд кейін қалды. Әрі Энди де «сары жейдені Парижге дейін шешпейтініме сенім­дімін, мен мұнда жеңіс үшін келгенмін» деп отқа май құя түсті. Алайда іс жүзінде олай болмады...

    20-шы кезеңдік бәйге спортшыларды жа­рыс жолына жеке-жеке жіберетін сын бо­латын. Эванс – осындай жарыстың май­тал­маны. «Жасыл құрлықтың» дүлдүлі со­ны­сын дәлелдеп, құстай ұшты. 42,5 ша­қы­рым­ды 55 минут 40 секундтың ішінде жүйт­кіп өтіп, Энди Шлекті тақырға отыр­ғызып кетті. Бірінші орын алмаса да (неміс Тони Мартиннен 7 секунд қалып қойса да), небәрі 17-орынға табан тіреген Энди Шлек­тен 2 минут 38 секунд асып түсті. Ал жалпы есепте одан 1 минут 34 секундқа ұзап кетті. Бұл бәйгеде «Астана» вело­ша­бан­доздары аса жоғары нәтиже көрсете ал­мады.

    Жазық жолда Кавендишке «дауа» жоқ

    Соңғы 21-ші кезеңдік жарыс Париж көше­лерінде болды. «Тур де Франс» Ели­сей жазығында мәресіне жетіп, арты той-то­малаққа ұласты.

    Жазық жолда Британияның қызуқанды қай­сар ұлы Марк Кавендиш дес беруші ме еді, тәйірі. Ең соңғы жарыста топ жарып, дәл осы уақытта өзінің теңдессіз спринтер екен­дігін паш етті. Әрі жасыл жейде иегері атанды. Әдеттегідей көмбеге тақағанда, алға қарай өзеуреп, бәсекелестеріне сан соқ­тырып кетті. «Астананың» спринтері Томас Вайткус та барын салып, тайталасып көріп еді. Болмады. Әйтсе де оның 8-орнына қуандық.

    «Тур де Франс» салтанатты түрде аяқ­та­лып, әрбір команда Елисейге жиналған халықтың алдымен жүріп өтіп, көрер­мен­дер оларға қошемет көрсетті. Кешкісін өзге ко­мандалар сияқты «Астана» да «Тур де Франстың» аяқталуын атап өтті.

    Дархан Қалетаев, «Нұр Отан» халық­­тық-демократиялық пар­тиясы төр­аға­сы­ның орынбасары, «Са­мұ­рық-Қазына» әл-ауқат қорының бас­қа­ру­шы дирек­то­ры:

    – Негізі, біз бүгін команда капитаны Александр Винокуровтың жеңіс тұғы­ры­на көтерілуін тойлаймыз деп ойлап едік. Өкінішке қарай, сенім артқан сер­­­ке­міз жарақат алып, жарыс жо­лы­нан шы­ғып қалды. Десек те, осындай сәт­сіз­дікке қарамай, жігерлілік та­ны­тып, со­ңы­на дейін бәйге көрігін қыз­дыр­ған қал­ған жігіттерімізге алғыс жолдағым ке­леді. Олардың тал­пы­ныс­­тары мен құл­­шыныстарын атап өту­ге тиіспіз, – деп өз сөздерін түйін­деді.

    Жалпы есеп:

    1. Кэйдл Эванс (Австралия, «BMC») – 86:12:22

    2. Энди Шлек (Люксембург, «Leopard Trek») – 1,34 минут қалып қойды

    3. Франк Шлек (Люксембург, «Leopard Trek») – 2,30

    4. Томас Вокле (Франция, «Team Europcar») – 3,20

    5. Альберто Контадор (Испания, «Saxo Bank Sungard») – 3,57

    ...39. Реми Ди Грегорио (Франция, «Астана») – 1:22:04

    45. Андрей Зейц (Қазақстан, «Астана») – 1:31:48

    105. Максим Иглинский (Қазақстан, «Астана») – 2:53:50

    106. Дмитрий Фофонов (Қазақстан, «Астана») – 2:53:59

    112. Роман Кройцигер (Чехия, «Астана») – 3:00:59

    129. Дмитрий Муравьев (Қазақстан, «Team RadioShack») – 3:14:29

    140. Томас Вайткус (Литва, «Астана») – 3:20:07

    144. Андрей Гривко (Украина, «Астана») – 3:26:22

    Автор: Нұрғазы Сасаев

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание