ЭКСКЛЮЗИВ: Шабандоз елдің велошабандоз ұлы

    • Filled in News in Kazakh 22 Апрель 2010 в 10:42, author: Sake
    • Views: 2 667.

    Жақында Дубай төрінде велоспорттан Азия біріншілігі аяқталды. Бұл сында бақ сынаған Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс медаль еншілеп қайтты. Алтын жүлде ересектер арасында топ жарған Андрей Мизуров пен жасөспірімдердер бәйгесінде оза шапқан  Алексей Луценконың қоржында.

    Ал күміс жүлде қазақтың қарадомалақ баласы Мақсат Аязбаевқа бұйырды. «Әр қазақ менің жалғызым» демей ма?! Мақсат Азиядан күміс алды деп естігенде ерекше көңіл күйде болғанымызды несін жасырайық. Қазақ велоспорының болашағы бар екен ғой деген сенім ұялады жүректе. Мақсаттың жеңісіне қуанып, байыз таппадық. Кейін Мақсатты Алматыдағы Кәркен Ахметов атындағы спорт мектебінде оқитынын естіп, сол мектепті бетке алдық. Алдымыздан бойы үзын, нар тұлғалы қара торы қазақтың қара домалағы шықты. Жүзінен ұяңдық байқалды. Журналисттерге бірінші сұхбат беруім деп толқуын баса алмай тұр. «Бұл сенің алғашқы сұхбат беруің емес, алдағы уақытта қобалжымақ түгілі, журналистерге сұхбат беру үйреншікті әдетіңе айналар. Алла соған жазсын» деп толғанысын басуға тырыстым…

    - Жазиралы Жетісу өңірінде дүниеге келіпсің… Әңгімемізді отбасың, туған жеріңнен бастасақ…

    - 1992 жылы бұрыңғы Талдықорған облысы, Сарқант ауданы, Аманбөктер ауылында дүниеге келдім.Әкемнің аты – Мұхтар. Анамның ныспысы-Сәуле. Қарапайым ғана отбасымызда үш баламыз. Алдымда екі әпкем бар. Мен үйдің кенжесімін. Ал туған жерім Аманбөктерді сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. Шыңы аспанмен таласқан асқаралы таулардың арасында орналасқан, елді мекенен бір шақырымдай ұзасаңыз атыңызды тұяғы қып-қызыл болып кетеді.Бүлдірген мен таң қурайдың отаны десекте болады. Үлкен қариялар айтуынша, атам марқұм жас кезінде жақсы күресіпті. Сондай-ақ, атам жылқы құмар қазаққа тән жүйрік баптаған. Ақбақай деген жүйрігі кеңес кезінде республика чемпионы болған.

     -Демек, спортқа деген құштарлық ата қанымен сіңген десе де болады ғой?

    Олай айтуғада негіз бар. Өйткені, Ержан Аязбаев деген немере ағам күрестің үш түрінен спорт шеберлігін орындаған. (Еркін күрес, самбо, дзюдо) Негізі мен бала кезімде өте ұялшақ болатынмын. Сабақты да өте жақсы оқыдым. Күнделігімде кілең «4-5». Спортқа бірінші сыныптан бастап қызықтым. Күрес, Каратэ сынды спорт секцияларына қатыстым. Доп тебу, аулада футбол ойнау менің күнделікті әдетім еді. Сабақ қарауға уақыт таппасам да доп тебуге қашан да уақыт табылатын. Балабақшада жүргенім де велосипедке қатты қызығатынмын. Жеке өзім талай. велосипедті тоздырдым. 2006 жылы Алматыдағы Кәркен Ахметов атындағы спорт мектебіне оқуға қабылдандым. Қазір осы мектепте оқып жатқан жайым бар. Биыл алтын ұядан ұшар сәт. Қазір ұлттық біріңғай тестілеуге қызу дайындық жүріп жатыр.

    - Қай оқу орнына тапсырмақсың?

    - Қазақ спорт туризм академиясына тапсырсам ба деген ойым бар. 

    - Сен Азия чемпионатында жүлдегерісің. Халықаралық сындардың жүлдегерлеріне Білім туралы заң бойынша мемлекеттік грант берілуі тиіс…

    - Ол жағын ойламаппын. Бұйыртқаны болар…

    – Жеңістің үлкен не кішісі болмайды. Дегенмен, сіз үшін естен кетпес бақыт сыйлаған жеңісіңіз қайсы?

    – Азия біріншілігінің күмісі менің қазіргі ең маңызды жеңісім. .   Бірақ алда мен үшін ғана емес Алаш жұрты үшін де маңызды болар жүлде уысыма түсер.
    Дубайдағы құрлық біріншілігіне барлығы 33 елден спортшы қатысты. Бас жүлде командаласым Алексей Луценконың еншісінде. Қола Иран велошабандозының уысында. Өткен жылы Индонезия еліндегі Азия бірішілігінде 6 орынмен шектелгем. Индонезиядағы біріншілікте бабым келіспеді. Бұл жолы тіс қайрап бардым.

    - Азия мықтыларының қатарына енген Мақсаттың қоржынында тағы да қандай додалардың жүлдесі бар…

    - Өткен жылы Кипрда өткен «Гераскоп турында» күміс жүлдеге ие болдым. Сондай-ақ, жастар арасында әлемдегі ең ірі дода «Корея турында» жалпы есепте  3 орынды иелендім. Және Корея алтыкүндігінің екінші кезеңінде күміс жүлдені еншіледім. Бір қызығы, Қазастан чемпионатында қанша рет алтын алғаным есімде жоқ. Велоспорттың трек түрінен ел біріншілігінде бірнеше рет алтын олжаладым.

    - Велошоссемен қатар велотрекпен де айналысасың ба?

    - Велотректен тек Қазақстан деңгейінде бақ  сынаймын. Былтыр ел біріншілігінде командалық бәсеке бойынша чемпион атанғанмын.

    – Спортшыны жеңіске жетуі оның бапкеріне тікелей қатысты. Бұл аксиома. Осы тұста бапкерің жайлы айтып өтсең…

    – Алғаш шайтанарбаны қолға алғандағы бапкерлерім Манат және Асхат Таласбаевтар. Ал қазіргі бапкерім Виталий Штыхлин. Осы бапкерлерімнің ерен еңбегінің арқасында осындай жетістіктерге жетіп жатырмын. Сондықтан, ең алдымен ризашылығымды сол кісілерге білдіргім келеді. Велоспорт федерациясы басшыларына да айтар алғысым шексіз.

    - Спортшының атын оның жеткен жетістігі шығаратыны белгілі. Өзіңді осы уақытқа дейін жыға танымай келсек, енді құрлық мықтыларының қатарына енген Мақсатты исі қазақ елі танып-біліп отыр. Қазақ велоспортының жаңа үміті Мақсаттың арманы қандай? 

    - Арман дейсіз бе?.. Арман көп қой менде. Олимпиада алтынын олжаласам… «Тур де Франс», «Париж Ницца», «Вуэльта» көпкүндіктерін бағындырсам… Биылғы әлем біріншілігінде тұғырға табан тіресем дегенде арманым бар. Ол үшін аянбай тер төгу керектігін жақсы түсінем. Қазақ велоспортын шыңға сүйрер елімнің ұлтаны болсам маған жеткілікті.

    - Олимпиада демекші, биыл Сингапурде тұңғыш рет жасөспірімдер арасында Олимпиада өтетіні белгілі…

    - Иә, дұрыс айтасыз. Бұл ойындарға жолдама жекелей емес, командаға беріледі. Яғни, Қазақстанның қоржынында екі жолдама бар. Бірақ сол жолдаманың иелері әлі белгісіз. Сингапур төрінде ел намысын қорғайтын спортшылар алдағы уақытта белігілі болады.

    - Туған жеріңізде жиі боласыз ба?

    – Жиі барам деп айта алмаймын. Оған уақыт тапшы. Басында Алматыға оқуға келгенде үйді сағынып, қайтқым келген. Бірақ бәріне де үйрендік қой. Дегенмен, жаттығудан қолым қалт еткен кезде туған жерге табан тигізуге асығып тұрамын.

    - Жарақат алып көрдің бе?

    – Иә, жарақат алған кездерім болды. Былтыр жарыстардың бірінде құлап қол сындырдым. Осыдан екі жыл бұрын қатты құлап, аурухана төсегіне бір ай таңылдым. Спорт жарақатсыз болмайды. Өзіңіз айтпақшы, бұл да аксиома.

    – Бос уақытыңды қалай өткізесің?

    Шынын айтқанда, қазіргі менде бос уақыт жоқ. Сабақ, жаттығу, жарыс…

     - Жеңіске жету үшін де рухани дайындық керек дейді, Келісесің бе?

    Иә, алдымен Аллаға сенім артып, содан кейін барып әркім өзіне сенгені дұрыс. Адамға қай кезде де рухани дайындық керек. Оған қоса физикалық, техникалық, психологиялық тұрғыдан дайын болуы шарт. Сондай-ақ үздіксіз жаттығу жұмыстарын жасап тұрудың артықшылығы жоқ.

    Түйін:

    Әсілі, велоспорт қазақ балаларына бокс, күрес сынды етене жақын емес. Әйтседе, Винокуровтың Сидней олимпиадасындағы күмісі жүлдесін еске алсақ, неге бұл спорт түрінен алтын олжаламасқа деген сауал туындайды. Бұл күндері «Астана» вело клубы  түрлі жарыстарда ортаға олжа салып, қазақ атын аспандатып тұрғаны баршаға аян. Ал оның құрамында негізінде легионерлер жүргені ойға оралса, намысыңды өзгелер қорғап жүргенге қынжыласың. Қазақ: «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді. Біз келешекте осындай Мақсат сынды қара көздеріміз ел жүгін өз арқаларына артады деген сенімдеміз!

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Аламан Ақпарат

    Мақсат Аязбаев  Мақсат Аязбаев

    6542 22112008

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments (1)

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание