«Джироға» дайындығымыз қалай?

    • Filled in News in Kazakh 9 Апрель 2010 в 3:58, author: Sake
    • Views: 1 838.

    1141

    Мәртебесі жөнінен «Тур де Франс» көпкүндігінен кейін екінші орын алатын «Джиро д’Италия» турниріне небәрі бір айдан сәл ғана асатын уақыт қалды.

     Осы турнирді жеңіп алуды мақсат тұтатын қазақстандық «Астана» велоклубы оған дейін тоғыз жарысқа қатысады. Жылдың ең маңызды көпкүндіктерінің біріне командамыздың қалай дайындалып жатқанын білу үшін осы тоғыз турнирге көз салып көргеніміз артық болмас.

    «Джироға» дейінгі тоғыз турнирге тоқталмас бұрын Апенин түбегінде өтетін көпкүндікте «Астананың» намысын қай саңлақтарымыздың қорғайтынын айтып өткеніміз жөн болар. Сонымен, «Джиро д’Италия» көпкүндігіне «Астананың» атынан Александр Винокуров, Асан Базаев, Валентин Иглинский, Роман Киреев, Максим Гуров және Энрико Гаспаротто қатысады. Алайда белгілі бір себептерге байланысты осылардың бірі жарысқа қатыса алмайтын болса, оның орнын Паоло Тиралонго басуы әбден мүмкін. Ал енді мәртебелі көпкүндікке қатысатын осы спортшылардың дайындығына баға беру үшін «Джиро» алдындағы жарыстарға көз салып көрейік.

    Бельгия жерінде «Фландрия туры» аяқталып қойды. Оған жоғарыда аталған спортшылардан тек Энрико Гаспаротто мен Валентин Иглинский ғана қатысты. Өкінішке қарай, екеуі де жарыс жолынан шығып қалды. Айта кетейік, Валентин осының алдында өткен KBC-Driedaagse De Panne-Koksijde көпкүндігінде де жарты жолдан шығып қалған еді.

    Сондай-ақ бұл күндері Испания жерінде «Баск елдерінің туры» өтіп жатыр. Бір қызығы, бұл турнирде жоғарыда аталған спортшылардан тек Паоло Тиралонго ғана бар. Оның өзінде, Тиралонгоның «Джироға» қатысу-қатыспауы әлі белгісіз екенін ескерсек, «Астана» басшылығының бұл қадамы жанкүйерлер үшін жұмбақ болып қалуда. Орайы келіп тұрғанда айта кетейік, былтыр осы көпкүндікте «Астананың» көшбасшысы Альберто Контадор топ жарған болатын. Алайда биыл Контадор «Баск елдерінің турына» аттанған жоқ. Оның орнына команданың көшбасшысы міндетін Паолоның өзі алды. Дегенмен италиялық тарлан жанкүйерлерін қуанта алған жоқ. Бірінші кезеңде небәрі 36-орыннан көрініп, көпкүндік көшбасшысы Алехандро Вальвердеден 2 минут 40 секундқа қалып қойды.

    Ал енді «Джиро д’Италия» көпкүндігіне дейінгі қалған велотурнирлерге кезек берсек, «Баск елдері турынан» кейін «Астана» саңлақтары Пиреней түбегінде өтетін «Примавера классикасы» біркүндігіне қатысады. Алайда «Астана» басшылығы бұл турнирге қай спортшыларды қатыстыратынын әлі шешкен жоқ. Сондай-ақ одан кейін «Кастилья-Леон» турына кімдердің қатысатыны да әлі толық белгілі емес. Әзірге тізімде тек Альберто Контадордың ғана есімі тұр. Есесіне, 18 сәуірде Голландия жерінде өтетін Amstel Gold турниріне қатысатын саңлақтардың есімі белгілі. Олар: Асан Базаев, Максим Иглинский, Валентин Иглинский, Дмитрий Фофонов, Оскар Перейро және Андрей Гривко.

    Негізі, «Астана» «Джирода» Александр Винокуровқа сенім артатыны белгілі. Сондықтан бәрінен бұрын Винидің дайындығына ерекше назар аударғанымыз жөн секілді. Әзірге Винокуровтың «Джироға» дейін екі турнирге қатысатыны белгілі. Дегенмен мәртебелі көпкүндікке дейін саңлағымыз тағы бір-екі жарысқа қатысып, бабын қалпына келтіреді деп сенеміз. Сондай-ақ біз үшін аталмыш турнир алдында Валентин Иглинский, Роман Киреев, Максим Гуров, Энрико Гаспаротто сынды сайыпқырандардың да бабында болғаны жақсы. Себебі бұлар – қиын кезеңде көшбасшысының жанынан табыла білетін нағыз грегилер. Ал тактикалық тұрғыда «Джирода» Асан Базаевтың көмегі көп болатынына дау жоқ.

    tabl15

    Әзиз ЖҰМАДІЛ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments (1)

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание