«Джирода» «тазы болып шалу» басталды

    • Filled in News in Kazakh 19 Май 2010 в 6:08, author: Sake
    • Views: 2 690.

    «Джиро д’Италия» велокөпкүндігінің жетінші және сегізінші кезеңдерінде тауға өрлеп шаршаған велошабандоздар тоғызыншы кезеңде өздеріне демалыс жариялады десек те болады. Өйткені бұл кезең тегіс жолда өткен болатын.

    Дегенмен жол тегіс, кең әрі жарысуға қолайлы болғанымен, Альпі тауының бөктерінде күн салқын әрі жаун-шашынды болды. Сондықтан болса керек, «Астана» көшбасшысы қымтанып киініп, тоңып қалмаудың әрекетін жасады. Үстіндегі киген киімін санайтын болсақ, алдымен «Астананың» көгілдір жейдесі, оның үстіне көшбасшының күлгін-қызыл жейдесі, ал оның сыртынан жеңіл сары күртеше киіп алған еді. Алайда қат-қабат киім жерлесімізге ауырлық етпеді. Үнемі бас пелетоннан қалмай келген ол мәре сызығын 25-інші болып қиды. Сондай-ақ басты қарсыластары Винченцо Нибали мен Кадель Эванстың соңынан бір елі де қалмай, италиялық пен австралиялықты әбден әуреге салды.

    Жалпы, бар күшін жетінші кезеңге салып, жалпы есепте Эванс пен Нибалиді бір минуттан астам уақытқа артта қалдырған Винокуров қарсыластарын аңду тактикасына көшкен сияқты. Өйткені бір минут – аз уақыт емес. Ал «Джироның» аяқталуына әлі екі аптадай бар екенін ескерсек, бүгінгі таңдағы ең дұрыс тактика – осы. Оны жерлесіміз де жақсы түсінеді. Жауын-шашынға толы болған тоғызыншы кезеңде ойқастап алға шыққан да жоқ, болдырып артта қалып қойған да жоқ. Тек бір қалыпта жүріп, мәреге көшбасшылармен қатар жетті. Рас, көмбеге шамамен 5 шақырымдай қалғанда Эванс пен Нибали суырылып алға шықпақшы болған. Дегенмен «Астананың» әккі жігіттері қос мықтының бұл ойын жүзеге асырмай, артынан қуып жетіп отырды. Ал бұл кезең тауға өрлеу кезеңі болмағандықтан, спринтерлер көбірек бой көрсетіп жатты. Нәтижесінде, көмбеге сәл қалғанда велошабандоздардың барлығы алға лап қойды. Алайда ешқайсысы да НТС-Соlumbia командасының саңлағы Мэтью Госсқа жете алған жоқ. Ол 188 шақырымнан құралған бұл кезеңді 4 сағат 8 минут 17 секундта жүріп өтті. Ал артынша алты секундтан кейін Александр Винокуров, Кадель Эванс, Винченцо Нибали және Иван Бассо бастаған бас пелетон да келіп жетті.

    Бізге қуаныш, басқаларға мұң. Бүгінгі күннің тау патшасы саналатын испандық майталман Карлос Састренің жалпы есептегі жағдайы күннен-күнге төмендеп барады. Бүгінде ол көшбасшы Александр Винокуровтан 10 минутқа қалып келеді. Ал алда таулы кезеңдердің әлі біразы барын ескерсек, Састренің ақырындап ығысып жатқаны біз үшін өте қолайлы.

    P.S. Кеше велобәйгенің  оныншы кезеңі аяқталды. Он этаптан кейін жалпы есептегі жағдай көп өзгере қойған жоқ. Көшбасшылар арасындағы уақыт та сол қалпында қалды.

    «Джиро д’Италия», 10 кезең
    Аввелино — Битонто, 230 шақырым.

    1. Тайлер Фаррар (АҚШ, Garmin — Transitions) 5.49,14
    2. Фабио Сабатини (Италия, Liquigas-Doimo)
    3. Джулиан Дин (Жаңа Зеландия, Garmin — Transitions)
    4. Робби Макьюн (Австралия, «Катюша»)
    5. Роберт Форстер (Германия, Milram)

    56. Энрико Гаспаротто (Италия, «Астана») — 0,03
    57. Александр Винокуров (Қазақстан, «Астана»)
    67. Хосеп Хуфре (Испания, «Астана»)
    89. Роман Киреев (Қазақстан, «Астана»)
    114. Андрей Гривко (Украина, «Астана»)
    160. Александр Дьяченко (Қазақстан, «Астана») — 3,47
    168. Горазд Стангели (Словения, «Астана») — 7,41
    175. Валентин Иглинский (Қазақстан, «Астана»)

    Жалпы есеп:

    1. Александр Винокуров (Қазақстан, «Астана») 38:59:00
    2. Кейдл Эванс (Австралия, BMC Racing Team) — 1,12
    3. Винченцо Нибали (Италия, Liquigas-Doimo) — 1,33
    4. Иван Бассо (Италия, Liquigas-Doimo) — 1,51
    5. Марко пинотти (Италия, Team HTC — Columbia) — 2,17

    26. Хосеп Хуфре (Испания, «Астана») — 11,05
    44. Андрей Гривко (Украина, «Астана») — 48,33
    76. Роман Киреев (Қазақстан, «Астана») — 47,05
    100. Гораз Стангели (Словения, «Астана») — 53,47
    107. Энрико Гаспаротто (Италия, «Астана») — 56,13
    123. Александр Дьяченко (Қазақстан, «Астана») 1:00:30
    165. Валентин Иглиснкий (Қазақстан, «Астана») 1:16:07

    Әзиз Жұмаділ, “Алаш айнасы”

    Аламан Ақпарат

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание