«Джиро» жерлесімізге бұйыра ма?

    • Filled in News in Kazakh 12 Май 2010 в 11:22, author: Sake
    • Views: 1 939.

    Мәртебесі жөнінен «Тур де Франс» турнирінен кейінгі екінші орында тұрған «Джиро д’Италия» көпкүндігінің үшінші кезеңі өтті. Жарыстың басын өте сәтті бастаған «астаналық» саңлағымыз Александр Винокуров осы үш кезеңнен кейін көш басына шығып, күлгін-қызыл жейдеге ие болды. Енді осы бетінен таймаса, турнир жеңімпазы атануы да ғажап емес.

    Әлбетте, біз «Джирода» Сашадан тек жеңіс күтеміз. Бірақ жерлесіміз қорытынды есепте жеңіске жете ала ма? Қарсыластар мүмкіндік бере ме? Бұл сұрақтар қазақстандық веложанкүйерлердің ойын сан-саққа жүгіртетіні жасырын емес. Міне, осы сұрақтарға біз де жауап іздеп көрсек.

    Негізі, ашығын айту керек, Винидің «Джирода» жеңіске жететініне сенбейтіндер аз емес. Басты аргумент ретінде олар жерлесіміздің өз сөзін келтіріп жүр. Естеріңізде болса, осыдан бірер ай бұрын берген сұхбаттарының бірінде Саша бұл көпкүндікке бірінші рет қатысқалы тұрғандықтан турнир жеңімпазы болуға ұмтылмайтынын айта келе, «Мен үшін күлгін-қызыл жейдені бір рет киюдің өзі үлкен жеңіс болар еді», – деген болатын. Алайда «Джиро дель-Трентино» және «Льеж-Бастон-Льеж» турнирлеріндегі жеңістерінен кейін өз мүмкіндігін толық бағамдай алған жерлесіміз, «егер сәті түсіп жатса, көшбасшылыққа ұмтылам. Ал егер мүмкіндігім көмескілеу болса, онда кезеңдік жарыстарда топ жаруға тырысамын да қоямын» – деп ағынан жарылған. Өздеріңіз куә болғандай, Вини «Джироны» өте керемет бастады. Сөреден спортшыларды жеке-жеке жіберген тұсаукесер кезеңде 8,4 шақырымды 10 минут 23 секундта жүріп өтіп, төртінші орыннан көрінді. Екінші кезеңде мәре сызығын 31-інші болып қиғанымен кезең көшбасшысы «Гармин-Слипстримнің» АҚШ-тың саңлағы Трайлер Фаррардан небәрі 3-ақ секундқа қалып қойды. Ал үшінші кезеңде жерлесіміз барын салды. Үнемі көшбасшылар қатарында болып, пелетоннан қалған жоқ. Әсіресе мәреге 10 шақырым қалғанда алды-артына қарамай көсілді. Нәтижесінде, мәреге 10-шы болып жетіп, жалпы есепте көш басына орналасты.

    Рас, Винидің бұл жеңісіне австралиялық саңлақ Кадель Эванс көп септігін тигізді. 224 шақырымға созылған үшінші кезеңнің аяқталуына 10 шақырым қалғанда велошабандоздар бір-біріне соқтығысып, құлап қалады. Құлағандардың арасында австралиялық саңлақ та бар еді. Бұдан кейін қанша тырысқанымен мәреге 31-інші болып жеткен күлгін-қызыл жейдесінен айырылуға мәжбүр болды.

    – Бәрі мен үшін өте сәтті басталған еді… Өкінішті-ақ, мәреге 10 шақырым қалғанда бүкіл жоспарым жоққа шықты. Кезекті бір бұрылыстан бұрыла бергенде «Sky» командасының велошабандоздары жерде құлап жатқан еді. Айналып өтуге мүмкіндігім болмай, мен де соларға соқтығысып қалдым, – деп Кадель өз өкінішін жасыра алмады. Ал жерлесіміз Александр Винокуровтың қуанышында шек жоқ. Көшбасшының жейдесін үстіне өлшеп тұрып, жергілікті журналистерге өз қуанышымен бөліскен ол былай деп ағынан жарылды.

    – Біз бүгін тапсырманы мүлтіксіз орындадық. Үнемі көшбасшылар қатарында болдық. Бірақ, шынымды айтсам, мәреге 10 шақырым қалғанда «жалпы есепте көшбасшы атанамын» деп ойлаған жоқ едім. Оның үстіне, Эванс құлап қалғанымен «НТС-Соlumbia» командасының неміс саңлағы Андреа Грейпель алдымды орап кеткен. Меніңше, Грейпель мәре сызығын бірінші болып кесуі керек болатын. Алайда ол көмбеге бірінші болып жете алмады. Әлбетте, мен бұған тек қуаныштымын, – деді жерлесіміз.

    Әзірге Александр Винокуровтың көрсеткіші екінші орындағы «Саксо банк» саңлағы Ричи Портеден бір ғана секундқа жоғары. Алайда келесі кезеңде, яғни бүгін-ақ жерлесіміз бұл көрсеткішті ұлғайтуы мүмкін. Олай дейтініміз, «Джироның» төртінші кезеңі командалық жарыстан тұрмақ. Ал командалық жарыста қазақстандық ұжымның қаншалықты мықты екеніне алғашқы үш кезеңде көзіміз әбден жетті. Олай болса, екінші демі ашылған қазақстандық дарабоз Александр Винокуров мәртебелі «Джиро д’Италия» көпкүндігінің қорытынды есебінде де көш басында тұрады деп сенеміз.

    Photo Sirotti for astanafans.com

    «Джиро д’Италия» көпкүндігінің 3-кезеңінен кейінгі қорытындысы:
    1. Александр Винокуров («Астана», Қазақстан) 10.07.18
    2. Ричи Порте («Саксо Банк», Австралия) — 0.00.01
    3. Дэвид Миллар («Гармин Слипстрим», Ұлыбритания) — 0.00.01
    19. Паоло Тиралонго («Астана», Италия) — 0.00.26
    23. Андрей Гривко («Астана», Украина) — 0.00.42
    36. Хосеп Хуфре («Астана», Испания) — 0.01.22
    48. Горазд Стангели («Астана», Словения) — 0.02.00
    83. Энрико Гаспоротто («Астана», Италия) — 0.08.44
    87. Александр Дьяченко («Астана», Қазақстан) — 0.08.47
    94. Роман Киреев («Астана», Қазақстан) — 0.08.54
    149. Валентин Иглинский («Астана», Қазақстан) — 0.09.39

    P.S. Көпкүндіктің Голландия жерімен өтетін кезеңдері аяқталды. Бүгін турнир өз отаны Италия жерінде қайта жалғасады.

    Әзиз Жұмаділ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments (1)

  • Quote

    Вино көш тізгінін енді ешкімге бермейтін сияқты. Осы Жироны ұтады деп сенейік! Сосын, розовая майканы алқызыл деп аударған келетін сияқты, күлгін-қызыл дегеннен гөрі.

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание