Брунель қазақтарды тілімен шағып кетті

    • Filled in News in Kazakh 15 Октябрь 2009 в 11:10, author: Sake
    • Views: 1 986.

    7714

    «Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бәрі де АҚШ-тың даңқты жұлдызы Лэнс Армстронгтан басталды. 2005 жылы үлкен спортпен қоштасқан Лэнс былтырғы жылдың аяғында велосипед ершігіне қайта отыру жөнінде шешім қабылдап, жыл басында «Астана» клубының сапын толықтырған болатын…

    Негізі, бұл төрткүл дүниені елең еткізген оқиға болды. Тіпті «Астана» клубы мен Қазақстан үшін таптырмас пиар болды» деуге тұрады. Себебі дүниежүзінің барлық электронды сайттары, телеарналары, газет-журналдары бірнеше тілде даңқты Армстронгтың қазақ клубының сапында өнер көрсететіндігін жарыса жариялады. Кәсіпқой велоклуб болып құрылғалы күйініші мен қуанышы бір-бірімен қабаттасып жататын «Астана» клубы жыл басын осылай көтеріңкі көңіл күймен бастағанымен, көктемде тағы «жер өртеп, атын шығарды». Армстронг келіп, көңіл де тоқ, көз де тоқ болып жүрген кезімізде «Астанадан» тағы бір ши шығып, келеңсіз жағдай бұрқ етті. Бұл жолы жазықты болған – өзіміз. Клуб мүшелерінің жалақыларын уақытында төлей алмай, бүкіл елді дүрліктірдік. Ақша дауы біразға дейін өршікті. Қазақтың ырзығы мен ырысынан нәр алып, қомақты қаржысынан жаралған команданы көре алмаушы шетелдіктер «Астананы» сырттай тарқатып, жойып жіберуге асықты. Алайда бұдан да сорақы дау-дамайларды басынан кешірген «Астана» бұл келеңсіз жағдайдан да шаңырағын шайқалтпай шықты. «Тур де Франс» көпкүндігіне 16 күн қалғанда барлық берешек төленіп, даурыққан велоспортшыларды сабасына түсірдік. Осыдан соң «Тур де Франс» көпкүндігіне бас жүлдені «Астана» клубының серкесі Альберто Контадор жеңіп алды. Ал үш аптаға созылған аламан бәйгенің командалық есебінде қазақтың көк байрағы түстес «Астана» клубы теңдессіз танылды.

    Абыройымызды асқақтатқан осы «Тур де Франс» көпкүндігінен соң «Астананың» төбесін қара бұлт қайта торлады. «Тур де Франс» көпкүндігінің жалпы есебінде үшінші орынға ие болған Лэнс Армстронг басқа команда құрып, сонда кететіндігін ашықтан-ашық жариялады. Сондай-ақ Қазақстан велоспортының жарық жұлдызы Александр Винокуров велосипед ершігіне қайта қонып, аламан бәйгелерге қатысқысы келетіндігін білдірді. Бұл тұрғыда, әрине, ол өз елінің командасында бақ сынағысы келді. Қазақстандықтар оны қолдады. «Виннидің қазақстандық клубтың сапына келгені дұрыс. Өйткені «Астана» әу баста Винокуров үшін құрылған» деушілер табылды. Бірақ команданың бас менеджері Йохан Брунель аяқ-қолын бауырына алып, тулады. Винокуровтың команда сапына алынуына түпкілікті қарсы болды. Винни мен Брунель арасындағы қырғиқабақтық көзқарас пен қатынас біраз уақытты алды. Десек те, клуб басшылары мен ҚР велоспорт федерациясының жетекшілері екеуінің арасына дәнекер бола біліп, Винокуров клубының сапына алынды. Көп ұзамай Йохан Брунель өзінің досы Лэнс Армстронг ұйытқы болып жатқан RadioShack клубының сапына кететіндігін мәлімдеді. Негізі, мұндай болжам, мұндай шешім бұған дейін де айтылып жүрген-ді. Осыдан кейін Армстронг «Астана» сапындағы тәжірибелі грегарилерді өзінің жаңа клубының сапына тарта бастады. Осыдан кейін шетелдіктердің «Астана» клубына шүйлігуі қайта басталды.

    Ши шығарып отырған – сол баяғы «Тур де Франс» көпкүндігін ұйымдастырушылар мен Халықаралық велоспорт одағы (UCI), содан соң Франция басылымдары. Оның ішінде L’Equipe газеті. Неге осы газет – оның сырын түсіну қиын емес. Қазір «Тур де Франс» көпкүндігін Amaury Sport Organization (ASO) ұйымының филиалы – «Тур де Франс қоғамы» өткізеді. Ал бұл қоғам да, ASO да, L’Équipe газеті де EPA медиа-холдингінің құрамына кіреді.

    Әуелі «Тур де Франс» көпкүндігі кезіндегі допингтік тексерістерде «Астана» клубына жеңілдіктер жасалды» деген қауесет желдей есті: «Астана» велошабандоздары допинг-тексерістен үнемі ең соңынан өтіп жүрді; кешігіп келсе де, ешкім жақ ашпады; оларға келгенде UCI комиссарлары тарапынан кейбір жағдайларды ескермеу мен «көз жұму» болып тұрды деген тұрғыда. Одан соң бұдан да зорғысы лау етті.

    Әлқисса, «Тур де Франс» көпкүндігін ұйымдастырушылар әрбір командаға медициналық қалдықтар салатын арнайы ыдыс (контейнер) берген. «Астана» клубына берілген осындай ыдыстан бірнеше күдікті шприц шыққан-мыс. Қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау орталығы осы шприцтерді Париждегі тәжірибелі Toxlab сот-зертханасына өткізген. Аталған зертхана зерттеулерінің нәтижесі қашан белгілі болатындығы беймәлім. Ал «Астана» клубы аң-таң. Тек өздерінің ешқандай тыйым салынған дәрі-дәрмек қолданбағандарын айтып, әлгі зерттеулердің нәтижесіне қобалжымайтындықтарын білдірді. Кеше осындай сенімді түрде жазылған хаттарының бірі біздің редакцияға да келді.

    Енді бір ерекше мән беріп айта кетерлік жайт, осы аптаның басында Йохан Брунель Монакода «Астана» клубының өкілі ретінде әрекет етуші тұлғамен кездесіп, екеуара келісімшартты мерзімінен бұрын бұзғысы келетіндігін ресми түрде білдірген-ді. Бірақ ол өзі ойлағандай «Астана» клубының келісімін ала алмады. Екі жақ ортақ тілге келе алмай, бір-бірін тыңдап тарқасты. Сондай-ақ «Астана» клубы Армстронгтың өзімен бірге алып кеткісі келген бір топ велоспортшыларының бәріне бірдей рұқсат берген жоқ. Әзірше тек Ярослав Поповичтің кетуіне ғана қарсы емес екендіктерін білдіріп, Андреас Клёден, Аймар Субельдия, Грегори Раст сынды велоспортшыларды босатпайтындықтарын сездірді.

    Енді шетелдік басылымдар «Қазақстан клубының қаржылай жағдайы мәз емес, тұрақтылық байқалмайды, дәл қазір 2 миллион евро берешегі бар, яғни Про-Ту лицензиясынан айырылып қалу қаупі басым» деп жар салуда. Ал Йохан Брунель болса:

    – Мен соңғы екі жылдың ішінде қазақтармен бірге жұмыс істей жүріп, көп нәрсені үйрендім. Әрі бір нәрсеге көзім жетті һәм жете түсіндім. Ол – қазақтар өз шешімдерін сарғайтып барып, соңғы сәтте қабылдайды. Сондықтан сіз ешқашан не болатынын білмейсіз… – деп салды.

    Біз кеше ҚР велоспорт федерациясының вице-президенті, «Астана» клубының менеджері Николай Проскуринмен хабарластық. Ондағы ойымыз, «Астана» клубы осы аптаның басында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен үш жылға келісімшартқа отыруы керек болатын. Біріншіден, осы келіссөздің қорытындысын, екіншіден, Николай Абрамовичтің Йохан Брунельдің сөздеріне қатысты қандай ойда екендігін білу еді.

    – Жазыңыз, бізде бәрі тамаша. Бәрі жақсы. Келісімшарт та жасалды. Ал Йохан Брунельдің сөздеріне келер болсақ, не, сіз оған таңданасыз ба? Мен таңданбаймын. Сіз біздің қазақы менталитетімізді жақсы білетін шығарсыз. «Ит үреді, керуен көшеді». Біз оның сөзіне көңіл аудармай, ешкіммен бет жыртыспай, өз жұмысымызды атқарудамыз. Кететіндермен тату-тәтті қарым-қатынаста қоштасқымыз келеді. Бізге ешқандай да дау-дамайдың керегі жоқ, – деп кесіп айтты.

    Нұрғазы Cасаев

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание