«Астананың» жаңа маусымдағы кестесі бекітілді

    • Filled in News in Kazakh 3 Март 2010 в 11:57, author: Sake
    • Views: 1 808.

     

    Қазақстандық «Астана» велоклубының 2010 жылғы жарыстар кестесі белгілі болды. Анықтағанымыз – өтіп кеткен қаңтар мен ақпан айларындағы турнирлерді қоса есептегенде, осы маусымда «Астананың» жарыс кестесінде барлығы 65 турнир белгіленген екен.

    Бүгін «Астана» командасының Испанияның Тенерифе қаласындағы екі апталық оқу-жаттығу жиыны аяқталды. Дегенмен, айта кетейік, Пиреней түбегінде өткен бұл жиынға команданың барлық спортшылары түгел қатысқан жоқ. Әртүрлі маңызды себептерге байланысты Альберто Контадор, Оскар Перрейро, ағайынды Дэвистер сынды жігіттер оқу-жаттығу жиынына қатысқан жоқ. Тенерифеде тек Александр Винокуров, Асан Базаев, ағайынды Максим және Валентин Иглинскийлер, Энрико Гаспоротто, Александр Дьяченко, Дмитрий Фофонов, Андрей Зейц және Валерий Дмитриев қана болды. Ал бүгін команданың спорт директоры Дмитрий Седун бастаған бір топ жігіттер Испания жерінде өтетін Vuelta Ciclista a la Region de Murcia көпкүндігіне қатысады.

    velo-sport

    tablitsa39

    Бес күнге созылатын бұл дүбірлі додада «Астананың» намысын Асан Базаев, Болат Райымбеков, Александр Дьяченко, Андрей Зейц, Валентин Иглинский, Роман Киреев және Паоло Тиралонго қорғайды. Әлбетте, басты үмітіміз Асан Базаев, Валентин Иглинский секілді сайыпқырандарымызда. Бірақ Асанның көпкүндіктен гөрі біркүндік турнирлерді ұнататынын ескерсек, бұл жарыста команда көшбасшысы Валентин болатын түрі бар. Алайда «Астананың» осы айдағы басты жарысы бұл емес, наурыздың 7-сі мен 14-і аралығында Франция жерінде өтетін «Париж – Ницца» көпкүндігі болмақ. Бір аптаға созылатын бұл турнирге командамыздың атынан кілең «сен тұр, мен атайын» деген саңлақтар қатысады. Атап айтар болсақ, Альберто Контадор көшбасшы рөлін атқаратын болса, Оскар Перрейро, Даниэль Наварро, Бенджамин Новаль, Хесус Эрнандес, Давид Де ла Фуэнте, Горазд Стангели, Дмитрий Фофонов және Максим Гуров грегарий қызметтерін атқарады. Әттеген-айы, бұл көпкүндікке «Астананың» тағы бір көшбасшысы, өз отандасымыз Александр Винокуров қатыспайды. Өкінішті-ақ. Өйткені «Париж – Ницца» Сашаның сүйікті көпкүндіктерінің бірі саналады. Кім біледі, егер Вини осы турнирге қатысқанда, топ жарып шығуы да мүмкін еді. Алайда Винокуров мәртебесі жөнінен «Париж – Ницца» көпкүндігінен кем түспейтін «Милан – Санремо» біркүндігіне қатысады. Алайда, біркүндік жарыстар Сашаның турнирі емес екенін білеміз. Оның үстіне, «Милан – Санремо» біркүндігін жеңіп алуды тағы бір жерлесіміз Асан Базаев көптен бері армандап жүр. Тіпті әр сұхбатында осы жарыста жеңіп алуды мақсат тұтатынын айтудан жалыққан емес. Осы жерде «Милан – Санремоға» Асанның да қатысатынын ескерсек, Вини бұл жолы Базаевқа жол беретінін түсінеміз. Әлбетте, біз үшін Асанның жеңіске жеткені бәрінен де жоғары мәртебе. Ал Винокуровқа әлі жеңістің сәті түсер. Осы айда ол «Милан – Санремо» біркүндігінен басқа, тағы екі жарысқа аттанады. Ал сәуірде Виниді «Льеж – Бастон – Льеж» біркүндігі күтіп тұрса, мамыр айында бас саңлағымыз велоспорт жарыстарының ішінде мәртебесі жөнінен екінші орынға ие «Джиро д’Италия» көпкүндігіне қатысады. Демек, жоғарыда аталған жарыстардың барлығы Александр үшін Альпі тауының бөктерінде өтетін әйгілі көпкүндік алдындағы сынақтар деп сенеміз. Ал «Джирода» Саша бар өнерін салуы тиіс. Өйткені, кім біледі, бұл жыл Винокуровтың велоспорт ершігіндегі соңғы маусымы болып қалуы да ғажап емес. Қанша дегенмен жасы жетті. Оны өзі де жасырмайды. Сол үшін «Джиро д’Италия» көпкүндігін жеңуі керек. Командасының бұл ниетін түсінген Альберто Контадор да Виниге бәсекелес атанғысы келмей, бұл жарысқа қатысудан бас тартты. Ал, бір қызығы, Италия жерінде өтетін көпкүндікте Винокуровқа грегарий болатын велошабандоздардың дені өз жерлестеріміз. «Астаналық» шетелдіктерден тек қос итальяндық Энрико Гаспоротто мен Паоло Тиралонго ғана «Джироға» қатысады.

    Сондай-ақ Александр Винокуров веложарыстардың төресі «Тур де Франс» көпкүндігіне де қатысады. Дегенмен Францияда өтетін бұл жарыста Вини көшбасшының емес, грегаридің қызметін атқарады. Өздеріңізге белгілі, биыл «Астана» «Тур де Франста» тағы да Альберто Контадорға сенім артпақ. Сондай-ақ, қос саңлақ велотурнирлердің ішінде мәртебесі жөнінен үшінші орын алатын «Вуэльта Испания» көпкүндігіне де қатысады.

    Сөзіміздің соңында айтарымыз – әр ай сайын «Астананың» сол айдағы жарыстар кестесімен таныстырып отыратын боламыз.

    Әзиз Жұмаділ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание