«Астанада» спринтер жоқ па?

    • Filled in News in Kazakh 9 Июль 2010 в 9:50, author: Sake
    • Views: 2 732.

    «Тур де Франс» көпкүндігінде тек спринтерлер ғана топ жаруда. Ол түсінікті де. Өйткені әзірге мәртебелі көпкүндік жазық жолдар арқылы өрбуде.

    Төртінші кезең де спринтерлердің бірінің еншісіне жазылатыны белгілі болған. Бірақ жеңіс Алессандро Петаккиге бұйырады деп ешкім ойламаған еді. Себебі италиялық велошабандоз тумысынан спринтер болғанымен, жоғары көрсеткішке қол жеткізе алмай келе жатқанына бес жылға жуықтаған. Жасы болса 36-дан асты. Мұндай жаста спринтер ретінде қамшы басу өте қиын. Дегенмен Петакки ерлік танытып, өзінен әлдеқайда жас қарсыластары Марк Кавендиш, Тор Хушовд, Жулиан Дин сынды саңлақтарды шаң қаптырып кетті. Мәреге бір шақырымдай қалып, көмбенің төбесі көріне бастағанда құстай ұшқан жас спринтерлердің жанынан зулап өткен Петакки басты қарсыласы Жулиан Диннен аз ғана озып кетті. Ал, жалпы, Камбре қаласынан Реймске дейін созылған 153,5 шақырымдық жолды италиялық велошабандоз 3 сағат 34 минут 55 секундтың ішінде жүріп өтті.

    «Астана» велоклубы сенген саңлақтарға келер болсақ, жігіттер әлі асығар емес. Испандық Альберто Контадордың шашбауын көтеріп жүрген «астаналықтар» мәреге бас пелетонмен бірге жетті. Негізі, Контадор көсілетін кезеңдер әлі алда. Бесінші кезең де, алтыншы кезең де жазық жол арқылы өтеді. Сондықтан бұл жолдарда да спринтерлер үстемдік құратыны белгілі. Бір өкініштісі, жерлестеріміздің бірі ең болмағанда осы кезеңдерде де көсіле алмайтындығында болып тұр. Өздеріңіз білесіздер, «Тур де Франстың» алғашқы аптасы ештеңе шеше қоймайды. Яғни бұл уақытта үстемдік құрғандар қорытынды есепте алға шығып, жеңімпаз атанатынына күмән көп. Ендеше, неге осы кезеңдерде команда «Астанада» өнер көрсететін спринтер жерлестеріміздің бірі үшін жұмыс істемеске… Әлде бастан-аяқ Контадордың шашбауын көтеріп жүре беруі керек пе? Контадордың да кезегі келеді. Ол үшін де жаппай грегари болатын уақыт алыс емес. Ал қазіргі кезде команда спринтер міндетін атқара алатын Максим Иглинский үшін жұмыс істесе, жанкүйерлерінің де көңілі тоқ болар еді, өздері де ұтыла қоймас еді. Мәселен, «Лямпреден» үлгі алайықшы. Қолда тұрған мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысып, ұжымның үздік спринтері Патакки үшін жаппай жұмылды. Нәтижесінде, Алессандро командаластарының сенімін ақтап, кезең жеңімпазы атанды. Әлбетте, Петакки «Тур де Франсты» жеңе қоймас. Бірақ бұл ерлігімен көпкүндіктің тарихында жазылып қалары сөзсіз. Біз неге осыған ұмтылмаймыз?

    Әзиз Жұмаділ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание