«Астана» қазақтікі ме, басқанікі ме?

    • Filled in News in Kazakh 20 Январь 2010 в 7:39, author: Sake
    • Views: 2 779.

    u5j5988Жаңа веломаусымның шымылдығын ашқан Tour Down Under көпкүндігіне Халықаралық велосипедшілер қауымдастығынан Про-тур лицензиясын алған велоклубтардың барлығы дерлік қатысып жатыр. Алайда, өкінішке қарай, бұл ұжымдардың ішінде қазақстандық команда жоқ…

    Кешіріңіздер, қате түсінбеулеріңізді сұранамыз. Әлбетте, «Астана» велоклубы Австралия турниріне міндетті түрде қатысады. Оларды ешкім тізімнен сызып тастаған жоқ. Дегенмен түсінбей дал болғанымыз, Tour Down Under велокөпкүндігінің ресми сайтында «Астананы» Қазақстанның емес, қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Люксембург елінің командасы деп таныстырыпты. Бұл ұйымдастырушылардың білместігі ме, жоқ әлде басқа да себептері бар ма? Көкейімізде кептелген сұрақтың жауабын алу үшін Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Николай Проскуринге хабарласқан едік.

    — Бұл ұйымдастырушылардың білместігі, — деп түсіндірді Николай Абрамұлы. – Жалпы, көп турнирлерде Қазақстанды басқа елдермен шатастырады. Тіпті Пәкістан, Ауғанстан деп те жазып қоюы мүмкін. Бірақ біз үшін Қытай деп жазып қойса да бәрібір. Ол үшін бас ауыртпай-ақ қояйық, алаңдайтын нәрсе емес қой. Өйткені сіз бен біз және веложанкүйерлердің барлығы да «Астананың» Қазақстанның командасы екенін біледі. Біз үшін, әйтеуір, жарыста жеңіп шықсақ болды.

    Иә, Николай Абрамұлы осылай деді. Деді де бұл жайттан өзінің хабарсыз екенін білдіріп, жылы жауып қоя салуға шақырды. Дегенмен өз тарапымыздан айта кетейік, «Астананың» Люксембургпен сорпасы қосылатын сияқты. Қалай дейсіз ғой. Команданың төлем агенттігі сол елде орналасқан. Яғни «Астана» ақшаны Люксембург арқылы аударып отырады екен. Алайда велоклубымыздың бас пәтері басқа елде, нақтырақ айтсақ, Швейцарияда екенін айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ Францияда тіркелген болса, соңғы кездері жаттығуын көбіне Италияда өткізіп жүр. Ал құрылтайшысы – Қазақстан. Бұдан шығатын қорытынды: «Астана» тек сөз жүзінде ғана Қазақстандікі болып табылады. Демек, ұйымдастырушылар «Астананы» Люксембургтың, Францияның, тіпті Швейцарияның командасы деп таныстырса да, оларды еш кінәлай алмайды екенбіз.
    Сонымен, «Астана» қай елдің велоклубы?

    Тақырыпқа тұздық
    29 қаңтарда Австрия астанасы Венада «Астана» велоклубының 2010 жылғы құрамының таныстырылуы өтеді.

    Арсен Жанаділ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание