Ардагер Александр – ердің ері

    • Filled in News in Kazakh 18 Май 2010 в 12:23, author: Sake
    • Views: 2 966.

    02270

    Мәртебелі «Джиро д’Италия» көпкүндігінің күлгін-қызыл жейдесін жерлесіміз Александр Винокуров қайта киді. 7-нші және 8-інші кезеңдік бәйгелерді керемет жүріп өткен саңлағымыз жалпы есепте қарсыластарынан оқ бойы озық тұр. Енді көпкүндік соңына дейін дұрыс тактика қолдана білсе, жерлесіміз турнир жеңімпазы атануы әбден мүмкін.

    Көпкүндіктің үшінші кезеңінен кейін-ақ күлгін-қызыл жейдеге ие болған Вини 4-кезеңде көшбасшылық орнынан айырылып қалған болатын. Алайда мамандар «нағыз ерлер кезеңі» деп баға берген жетінші кезеңде жерлесіміз ерлік танытып, көш тізгінін қайта қолына алды. Мамандардың бұл кезеңге «нағыз ерлер кезеңі» деп баға беруі тегін емес. Олай дейтініміз, бұл жолы жауынды күннің астында тар жолмен тайғақ кешкен велошабандоздар Каррарадан Монтальчино қалашығына дейін 222 шақырымды жүріп өтуге мәжбүр болды. Көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, жауын құйып тұр, жол тар әрі батпақ, оның үстіне бұрылыстары да өте қауіпті. Жылдамдығыңды бәсеңдетпей, бұрыла алмайсың. Сондай-ақ бұлардың қатарына кезеңнің жоғары өрлеу жолдарынан тұратынын қосыңыз. Ал осындай қолайсыз жолда бір-біріне жол берместен велосаңлақтар жүйткіп келеді. Нәтижесінде мәреге шамамен 30 шақырымдай қалғанда жалпы есепте көш бастап келе жатқан Винченцо Нибали велошабандоздардың бірімен соқтығысып қалып, біраз уақытын жоғалтып алды. Дереу велосипедін ауыстырып, «алға озғандарды қуып жетемін» деген ойы да жүзеге аспады. Тауға өрлеу оңай еместігі белгілі емес пе?! Қанша тырысқанымен, аяғын бағындыра алмай қойды. Ал Вини жарады. Бастапқыда басты қарсыластарының қимылын бағып, оларды ұзаққа жіберген жоқ. Ал мәреге шамамен 15 шақырым қалғанда пелетоннан он шақты спортшы суырылып алға шықты. Бұлардың қатарында Александр Винокуров, Кадель Эванс, Дамьяно Кунего, Марко Пинотти сынды саңлақтар да бар еді. Саша аты аталған үшеуімен де үзеңгі қағыстырып келді. Ал соңғы бес шақырымда қамшысын одан бетер баса түсті. Бірақ ежелгі қарсыласы Эванс оның жеке-дара суырылып шығуына жол берген жоқ. Кезінде маунтинбайк спортына қатысып, саз балшықты жолдың барлық сынағынан өткен австралиялық велошабандоз бұл жолы да көсілді. Сондай-ақ Кунего мен Пинотти де кезең жеңімпазы атануға үмітті екендіктерін көрсеткісі келді. Мәреге бір шақырым қалғанда аталған төрттік аттың басын бос жіберіп, алға шапты. Нәтижесінде Эванс көмбе сызығын бірінші болып қиса, екі секунд өтер-өтпестен Кунего мен Винокуров та жетті. Бұлардан кейін арада екі минут өткен соң болдырып Винченцо Нибали, әлі құрып Иван Бассо келді. Бүгінгінің «тау патшасы» атанған Карлос Састре жанкүйерлерін де, мамандарды да, тіпті өзін де таңғалдырып, мәре сызығын бақандай сегіз минуттан кейін 37-нші болып қиды. Иә, осыдан кейін таулы кезеңдердің әртүрлісі болатынына, тіпті «тау патшасының» өзінің шамасы жетпейтін таулы кезеңдердің барына көз жеткізеді екенсің. Нәтижесінде «нағыз ерлердің кезеңінен» кейін жерлесіміз Александр Винокуров жалпы есепте көш бастады.

    Жетінші кезеңнің жарысына нүкте қоймас бұрын, Винокуровтың жеңісіне ерен еңбегін сіңірген «Астананың» испандық саңлағы Хосеп Хуфренің осы кезеңді қалай жүріп өткендігіне тоқталсақ. Рас, алғашында бүкіл командаластары Сашаның  жанынан  табылып     жатты. Алайда соңына қарай тек Хуфре ғана қалды. Мәреге 15 шақырым қалғанша Винидің жанынан бір елі қалмаған испандық саңлақ жерлесіміздің күлгін-қызыл жейдеге ие болатынына көз жеткізген соң ғана жылдамдығын бәсеңдетті. Сөйтіп, мәреге жетуіне шамамен 5-7 шақырым қалған. Артына қарап, Винченцо Нибали мен Иван Бассоның қарасын көріп қалды. Әлбетте, біз үшін Нибали мен Бассоның Винокуровтан барынша артта қалғаны жақсы. Соны ойлаған Хосеп артынан қуып жеткен екі саңлақтың жолын мәреге жеткенше кес-кестеумен болды. Ақырында өзі де шаршады, Нибали мен Бассоны да әбден шаршатты.

    Сегізінші кезеңде күн жылы, аспан ашық болды. Сондықтан ба, жетінші кезеңдегідей оқыс оқиғалар да тіркелген жоқ. Ал кезеңді күлгін-қызыл жейдемен жүріп өткен жерлесіміз Александр Винокуров басты қарсыластарын бір еліге де алға ұзатпай, мәреге Кадель Эванс, Винченцо Нибали сынды саңлақтармен бірге жетті.

    • Жетінші кезеңнің басы өте әдемі басталғанымен, соңғы жағында спортшылардың түріне, жейдесіне қарау мүмкін болмады. Барлығы  да  балшыққа  малынды. Ал мәреге үшінші болып жеткен Сашаның маңдайынан, самайынан балшық аралас тер сорғалап жатты. Артынша жылы судың астында бой сергітіп алып, марапаттау рәсіміне көтеріңкі көңіл күйде шықты.
    • Өкінішке қарай, жетінші кезеңде саз балшықты жолда құлап, жарақат алған итальян саңлағы Паоло Тиралонго  «Джиро» жолынан шығып қалды. Естеріңізге сала кетейік, Паоло бұл көпкүндікте Сашаның басты грегарилерінің бірі болатын.

    «Джиро д’Италия» көпкүндігінің 8-кезеңінен кейінгі қорытындысы:
    1. Александр Винокуров («Астана», Қазақстан) 29.01.26
    2. Кадель Эванс (ВМС Тeam Racing, Австралия) — 0.01.12
    3. Винченцо Нибали (Liquigas-Doimo, Италия) — 0.01.33
    25. Хосеп Хуфре («Астана», Испания) — 0.10.43
    45. Андрей Гривко («Астана», Украина) — 0.26.05
    84. Горазд Стангели («Астана», Словения) — 0.45.37
    88. Роман Киреев («Астана», Қазақстан) — 0.46.43
    102. Александр Дьяченко («Астана», Қазақстан) — 0.50.34
    119. Энрико Гаспоротто («Астана», Италия) — 0.54.40
    149. Валентин Иглинский («Астана», Қазақстан) — 1.05.58

    Әзиз Жұмаділ

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments (1)

  • Quote

    Оңбаған Брюнель «Астананы сотқа бердім, олар маған әлі де ақша қарыз» дейді cyclingnews.com сайтында.
    Және әдейі мына сөзімен провакация жасап жатыр: «Астана — Вино командасы болға, қазірде Виноның командасы Контадордікі емес»

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание