Аллан «аттан» ауып қалды

    • Filled in News in Kazakh 20 Январь 2010 в 7:37, author: Sake
    • Views: 2 519.

    Tour Down Under көпкүндігінің басталуымен жаңа веломаусымның шымылдығы ашылды. 6 кезеңге созылатын көпкүндіктің кеше бірінші кезеңі өтті. Жалпы, жарысқа Халықаралық велосипедшілер қауымдастығынан Про тур лицензиясын алған 18 велоклуб пен жарыс қожайындары ретінде Австралияның ұлттық командасы қатысуда.

    Бірден айта кетейік, бұл турнирде «астаналықтардың» капитаны ретінде австралиялық Аллан Дэвис аттанды. Себебі былтыр осы көпкүндікте Аллан топ жарған болатын. Алайда 141 шақырымға созылған көпкүндіктің бірінші кезеңі Дэвис үшін аса сәтті болмады. Жарыс барысында кідіріңкіреп, есін жиғанша біраз уақытын жоғалтып алды. Сөйтіп, кезең көшбасшысы Андре Грайпелден 10 минут 43 секундқа қалып қойған ол небары 96-орыннан көрінді. Есесіне, жерлесіміз Валерий Дмитриев жарады. Бас пелетонмен бірге келген Валера басқа командаластарын артқа тастап, мәре сызығын 10-ыншы болып қиды. Сонымен қатар бас пелетоннан қалмай келген испандық саңлағымыз Хосеп Хуфре, украиналық дүлдүліміз Андрей Гривко, словениялық майталманымыз Горазд Стангели, испандық сайыпқыранымыз Оскар Перрейро және тағы бір испандық серкеміз Хэсус Эрнандестің де еңбегін атай кеткеніміз жөн.

    Николай Проскурин, Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті:
    – Алғашқы кезең Аллан Дэвис үшін сәтті болмады. Енді ол былтырғы жетістігін қайталай алмайды-ау. Дегенмен мен Валерий Дмитриевке риза болдым. Осы бетінен таймаса, бұдан да зор белестерді бағындыра алады.

    Tour Down Under көпкүндігінің бірінші кезеңінен кейінгі қорытындысы:
    1-орын: Андре Грайпел (Германия) «НТС Соlumbia – 3:15:30
    10-орын: Валерий Дмитриев (Қазақстан) «Астана» – 0:00:11(көшбасшыдан қалыс уақыты)
    24-орын: Хосеп Хуфре (Испания) «Астана» – 0:00:11
    27-орын: Андрей Гривко (Украина) «Астана» – 0:00:11
    29-орын: Горазд Стангели (Словения) «Астана» – 0:00:11
    56-орын: Оскар Перрейро (Испания) «Астана» – 0:00:11
    71-орын: Хэсус Эрнандес (Испания) «Астана» – 0:00:11
    96-орын: Аллан Дэвис (Австралия) «Астана» – 0:10:43

    Азамат ОРАЗБАЕВ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание