Әлем кубогы Сарыарқадан басталады

    • Filled in News in Kazakh 17 Октябрь 2011 в 8:53, author: Editor
    • Views: 2 882.

    «Алаш айнасы»: Әлем кубогы Сарыарқадан басталады
    Салтан СӘКЕН

    Астанамыздың көрікті кешенінің бірі, халықаралық стандарттардың барлығына сәйкес келген «Сарыарқа» велотрегінде қараша айының 4-і мен 6-сы аралығында велотректен әлем кубогы өтеді.

    Ашылғанына бір жыл өтер-өтпес уақытта осындай дүбірлі доданы өткізу мәртебесіне ие болған бұл кешен өзі­нің ғажаптығын тағы бір дәлелдеді. Ха­лық­аралық велосипедшілер одағының (UCI) техникалық нұсқаушысы Бернард Дар­мет велотректі әр қырынан бір өлшеп, мін таба алмай: «Бұл велотрек әлемдегі ең үздік велотректің бірі болады. Мұндай ғимаратты бұрын-соңды көрмегенмін», – деп кеткенін де білеміз. Ендеше, вело­шабандоздың қалпағына ұқсатып салын­ған велотректе шабандоздарымыз үшін жеңіс тұғырынан көрініп, қалпағын аспан­ға ату ғана қалып тұр.

    Бірнеше кезеңнен тұратын бұл жарыс­тың бірінші кезеңі Астанадан бастал­мақ. Екінші кезең желтоқсан айында Ко­лум­бияның Кали қаласында жалғасады. Ал қаңтар айында келесі кезеңнің эстафетасын Қытай астанасы Бейжің алмақ. Ең соң­ғы кезеңнің мәре сызығы 2012 жылдың ақпан айында Лондонда болмақ.

    UCI-дің қолдауымен өтейін деп жатқан әлем кубогына 450-ге жуық спортшы қа­ты­сады деп күтілуде. Қазанның 14-і күні қатысушыларды тіркеу тоқтатылады. Әзір­ге 22 кәсіби тректік команда, 43 ұлт­тық құрама өтініш білдірген. Яғни жарысқа қа­ты­сатын 350 шабандоз бүгінге дейін бел­гілі болып отыр.

    Қазақстан төрт адамнан екі коман­да жасақтамақ. Додаға қатысатын вело­ша­бан­доздардың нақты құрамасы кейін белгілі болады. Бірақ әзір тізімге енген тоғыз спортшының есімі белгілі. Олар: Алексей Лялько, Диас Өмірзақов, Берік Көпешев, Артем Захаров, Сергей Кузин, Матвей Ни­китин, Павел Гацкий, Сұлтанмұрат Мірә­лиев және Николай Иванов. Бұлар – ұлт­тық құрама мен Astana Track Team клу­бының спортшылары.

    Жарыста әртүрлі бәйге бойынша бар­лығы 24 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның ішінде жеке және командалық спринт, кейрин, командалық жарыс, ом­ниум, мэдисон – жұптап жарыстыру, ск­рэтч жарысы секілді бәйгелер болады.

    Қайрат АЙТЕКЕНОВ, ҚР велоспорт федерациясының вице-президенті:

    – Ерекше айта кету керек, бұл әлем кубогы Үкіметтің қолдауымен, ҚР велоспорт федерациясы мен Туризм және спорт министрлігінің ұйым­дас­тыруы­мен өтіп жатыр. Велоспорт қа­зақ­стан­дықтардың қызығушылығын ту­ды­рып жатқанын байқаймыз. Мектептерде велоспортқа баулу жүйесі қа­лып­та­сқанын да айтуға болады. Велоспорт федерациясының президенті Қайрат Келімбетов те бұл спорт түрінен Қазақ­станның әлемдегі деңгейін көте­ру­ге барынша үлес қосуда. Вело­спорт­қа ғана емес, басқа да спорт түр­лерінен жарыс өткізуге арналған әм­бе­бап кешенімізді де салдық. Оның әмбебап екенін VII қысқы Азия ойындарында да көрдіңіздер. Бұл кешенге Халықаралық велосипедшілер одағы да өте жоғары баға берді.

    Геррит МИДДАГ, Халықаралық велосипедшілер одағының маркетинг және іс-шаралар директоры:

    – «Сарыарқа» велотрегі әлемдегі кешендердің арасында ең сәулеттісі екенін айтуымыз керек. Осындай ке­шенде әлемдік жарыстардың өтпеуі обал десек те болады. Біз Азия елде­рінде өткен түрлі жарыстарда бол­дық, бірақ Орталық Азияда мұн­дай жа­рыстарды әлі күнге дейін өткізіп көр­меппіз. Бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне барлық күш-жігерімізді саламыз деген үміттеміз.

     

    КЕРЕК ДЕРЕК

    «Сарыарқа» велотрегінің параметрлері: жалпы ұзындығы – 250 метр, ені – 7 метр. Велотректің айналма бұрылыстағы жантаю бұрышы 44 градус болса, ұзыннан жатқан жолында – 13,5 градус.

    Велотрек Сібір балқарағайынан төселген.

     

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание