Альбертосыз «Астананың» аты озбай жүр

    • Filled in News in Kazakh 13 Май 2011 в 10:26, author: Sake
    • Views: 3 351.

    Мәртебесі жоғары «Джиро д'Италия» көпкүндігінің бес кезеңдік жарысы аяқталды. Бірақ «Астана» клубының велошабандоздары әлі жеңіс тұғырын маңайлай алар емес.

    «Джиро д'Италия» көпкүндігінің төр­тін­ші кезеңдік бәйгесі есепке алынбай, үш­ін­ші кезеңдік жарыста қайтыс болған Воу­тер Вейландтың рухына бағышталды. Ал бесінші кезеңдік жарыстан кейінгі жалпы есепте голланд дүлдүлі Питер Венинг көш бастап келеді. Rabobank клубының вело­шабандозы осы бесінші кезеңде топ жарды.

    Өз кезегімізде «Астана» велошабандоз­дарына тоқталар болсақ, әзірше Роман Кройцигер (Чехия) 18-орында, Роберт Ки­шер­ловски (Хорватия) 19-орында, Фран­ческо Машьярелли (Италия) 23-орын­да, Александр Дьяченко 39-орында, Евгений Петров (Ресей) 55-орында, Пао­ло Тиралонго (Италия) 64-орында, Хосеп Хуфре (Испания) 98-орында, Горазд Стангели (Словения) 129-орында, Максим Гуров 153-орында тұр. Ал былтырға дейін «Астананың» намысын қорғаған, қазір Saxo Bank клубының сапында өнер көрсететін испан жұлдызы Альберто Контадор жалпы есепте 9-орынға көтерілді. Ол енді-енді қарқынын үдетіп, екпінін күшейтіп келеді. Алда – таулы-қырат­ты жер­лердегі бәйгелер. Ендеше, Кон­тадор­дың қамшы басар кезеңдері әлі алда деу­ге болады. Ал «Альберто Контадорсыз да күніміз қараң болмайды, онсыз да жеңіске жете алатындығымызды дәлелдейміз» деген «Астана» клубы қа­шан қамшы басады? «Джиро д'Италия» көпкүн­дігінде басты сенім артқан спортшыларымыз Кройцигер мен Кишерловски сенім үдесінен шыға ала ма? Әзірше ештеңені дөп басып айта алар емеспіз. Тек әліптің артын бағып, «Джироның» аяқталуын күтейік.

    Автор: Дархан ӨМІРЗАҚ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание